Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 132-6-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №61 бұйрығында көрсетілген ережелерге сәйкес баланы қабылдайтын кәсіби отбасы қызметі жүзеге асырылады.
Бұл ереже 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Кәсіби қабылдаушы отбасы – бұл қамқорлық пен тәрбиені ұсынатын балаларды орналастырудың уақытша түрі. Отбасына 1 баладан 4 балаға дейін жіберіледі. Кәсіби отбасының басты мақсаты – әр баланың отбасылық ортада өсуіне, мейірім мен қамқорлықты сезінуіне мүмкіндік жасау. Ал міндеттері - баланың жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасау, білім, тәрбие, дағды қалыптастыру, әлеуметтік бейімделуіне көмектесу.
Кәсіби отбасыларға тек төрт санаттағы балалар жіберіледі:
1.Жетім балалар;
2.Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3.Панасыз және қараусыз қалған балалар;
4.Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.
Кәсіби ата-анаға қойылатын талаптар:
1. 30 және 63 жас аралығындағы ҚР азаматтары;
2. Тұрақты табысы мен тұрғын үйі бар;
3.Денсаулығы жақсы, психологиялық тұрғыда дайын болуы;
4.Сотталмаған болуы және наркологиялық есепте болмауы;
5.Арнайы психологиялық даярлықтан өткендігі туралы сертификат алуы.
Отбасыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: құжат тапсыру, әңгімелесу, үй жағдайын тексеру, психологиялық дайындық және қорытынды алу.
Баланы кәсіби отбасы 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге қабылдай алады. Баланы орналастыру туралы шешімді қорғаншылық және қамқоршылық органы қабылдайды. Баланың тәрбиесі мен дамуы әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар тарапынан үнемі бақылауда болады. Кәсіби отбасы баланы қабылдаған жағдайда мемлекет тарапынан белгілі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы төлемдер жүргізіледі.
Кәсіби қабылдаушы отбасы ережесі бойынша толық ақпарат алу аудандық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органына жүгінуге болады.
Әр бала отбасылық жылулық пен қамқорлықты сезінуге лайық, ал кәсіби қабылдаушы отбасы осы игі істің шынайы жүзеге асуына жол ашады.
Аудандық білім бөлімі


