Мемлекет қаржысын оңды-солды шашатын салалар да бар. Солардың бірі де, бірігейі – отандық спорт. Әсіресе, футбол клубтарына жергілікті бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді. Ал, шетелден әкелген екінші сортты легионерлердің жалақысын естісеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Онымен қоймай, кейбір футбол клубтары қарызға белшесінен батып, банкрот болып та жатады. Құрдымға кеткен «Ақжайық», «Ертіс» сияқты клубтар сөзімізге тұздық болады. Тіпті, өзіміздің «Атырау» футбол клубы да қаржылық қиындықтарға тап болып, төменгі лигаға бір сырғып келгені бар. Мұнайға бай өлкеде миллиардтаған қаржы ала тұра қарызға батырған басшылық тиісті жазасын алуы тиіс деп есептейміз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да жол жоқ. Бұл мәселеде де бірқатар заңнамалық өзгерістер болғанын баса айтты Президент. Иә, өткен жылы осы проблемаға байланысты резонанс тудырған оқиғалар көп болды. Сот отырысын сүйікті сериалындай күтіп көргендер аз емес. Тарихымыз тереңде жатыр. Дегенмен, Кеңес өкіметінің кесірінен бұрмаланған, цензураға ұшыраған жерлері көп. Одан қалса, 70 жыл бодан болған кезімізде жеті ғасыр тарихымыз түгілі, жеті атамызды жоғалтып алуға шақ қалдық. Сол олқылықтың орнын толтыру – келешек ұрпақ алдындағы басты парызымыз. Тарихи мұраларымызды да аса ұқыптылықпен сақтауымыз керек. Себебі, сан ғасырдан сыр шертетін жәдігерлерімізден айырылсақ, онда келешек ұрпақ бізді кешпесі анық. Осы мәселені де атап өткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:
- Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді. Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге, бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жүйеге келтіру керек,-деді өз сөзінде.
Иә, мұнан да бөлек қоғамдағы көптеген түйткілді мәселелер тілге тиек етілді. Және ел Президенті арнайы мамандарға да тиісті тапсырмалар беріп, жедел шешілуі тиіс істерді тапсырды. Бірнеше сағатқа созылған Ұлттық құрылтайдың бұқараға берері мол болды. Ежелден-ақ алқалы жиында Алаш ұрпағы үшін оңтайлы шешімдер қабылданып, ел болашағын бағдарлы еткен сонау Күлтөбенің басындағы, Ордабасыдағы құрылтайлар сөзімізге дәлел. Жиын соңында Президент Қ.Тоқаев барша қатысушыларға алғысын білдіріп, бірліктің арқасында ғана дамудың даңғыл жолына түсе алатынымызды жеткізді. Қасиетті Рамазан айымен де құттықтаған Мемлекет басшысының кешкілік ауызашар дастарханы жайылып, онда Құрылтай қатысушылары арнайы қонақ болғаны көңілге жылылық ұялатты.
Ұлттық мүддені көздеген Ұлттық Құрылтайдың Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің алғашқы күні, яғни қазақтың жаңа жылынан басталуы да жақсылықтың нышаны іспеттес болды. Демек, онда көтерілген мәселелердің түйіні тарқатылып, оң шешім табарына сенім мол.