Мемлекеттік тілдің дамуы үшін тіл саясатын тұрақты бақылау және заман өзгерісіне сай пайда болатын жаңа міндеттерді дер кезінде айқындап отыру – бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі. Осы тұста аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің сауатты қолданылуы, заңнама талаптарының сақталуы турасындағы “Көрнекі ақпарат пен жарнама тілінің заңдылықтары” тақырыбы талқыланды.
Атап айтсақ, кез келген қызмет көрсету орындарында, тамақтану орындарының атаулары, мәзірлердің қазақ тілінде жазылуы, мемлекеттік, жекеменшік сауда-саттық саласында дүкен маңдайшасындағы жазу, тақтайшадағы хабарландыру сынды жалпы көрнекі ақпараттың заң аясында жазылуын, деректемелердің дұрыс орналастырылуы туралы семинарға қатысқан, түрлі кәсіпкерлік бөлімдер, сәулет және қала құрылыс бөлімі, сауда орталықтарының иегерлері, кафе-ресторан басшылары жиналған отырыста ойталқы әңгімеге ұласты.
Семинарды бөлім басшысы Әлібек Науаров кіріспе сөзбен ашып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен оның қоғамдық кеңістіктегі қолданылу сапасын көтеру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқтала кетті.
- Ауданымыздың келбетін арттыратын – түрлі жарнамалар, хабарландырулар, бильбордтар, көрнекі ақпараттар. Алайда жарнамалардың мәтіндерінің қате жазылуы мен айтылуы, біздің қоғамда жиі сынға ұшырайтыны белгілі. Сыртқы көрнекі ақпарат кез келген өңірдің сауаттылық бет-бейнесін айқындап, өңір халқының мемлекеттік тілге деген құрметін білдіреді. Бөлім тарапынан "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" заңындағы 21-бабының орындалуы, Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі көрсеткіші бойынша мемлекеттік тілді пайдаланудың дәрежесін арттыру мақсатында әдістемелік көмектер көрсетіліп отырады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi. Жарнамаға келсек, қазіргі таңда, ол ең алдымен, орыс тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Дұрысында, бұл жағдай керісінше болуы тиіс. Бәріміз Қазақ елінде тұрып жатқан соң, ең бірінші, қазақ тілінде әзірленуі керек. ҚР “Жарнама туралы” заңының 6-бабында “Жарнама мазмұнының аудармасы” оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс. Жарнама мәтіні "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес келуі тиіс” деп жазылған. Бұл жерде көптеген кәсіпкерлеріміз осы заңдылық талаптарын бұзып отырғанын білмейді. Бірақ заңды білмеу ешкімді де жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан ондай нысан иелеріне заңға сәйкес тиісті шара қолдану қажет. Ал мәзірге келетін болсақ, тағамдардың қазақ тілінде жазылып ұсынылуы тек мәдени талап емес, "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" заңы бойынша міндетті норма. Қоғамдық тамақтану орындары - мейрамхана, кафе, асхана, кофехана болсын - тұтынушыға ұсынылатын барлық ақпаратты, соның ішінде мәзірді, ең алдымен мемлекеттік тілде ұсынуға тиіс. Кез келген көрнекі ақпарат - мәзір, жарнама, баға көрсеткіші, маңдайша мемлекеттік тілде дұрыс және сауатты жазылуы тиіс. Егер мәтінде тілдік норма сақталмаса, сөз дұрыс жазылмаса немесе мемлекеттік тілдегі нұсқа мүлде көрсетілмесе, мекемеге заң аясында жауапкершілік жүктеледі. Бұл тек мемлекеттік құрылымдардың талабы емес, тұтынушы құқығын қорғау шарасы. Бүгінгі шараның да негізгі мақсаты осы. Көрнекі ақпарат саласында өзара ынтымақтастықпен ықпал ету,-деді. Әлібек Қойшыбайұлы семинарға қатысушыларға қала келбетін бірізділікпен бірге айшықтауға шақырды. Жиын соңында “Мемлекеттік бекітілген тағам атаулары тізімі” туралы арнайы дайындалған жадынама таратылды.
-Бұл тізім - тағам атауларын дұрыс жазу, қате аударылған сөздерді болдырмау және бірізді стандарт қалыптастыру мақсатында әзірленген. Жадынама тарату жұмысы әлі де жалғасып жатыр, себебі көптеген кәсіпкерлер дұрыс нұсқаларды білмей, өз бетінше аударып, қателіктерге жол береді,-деді сөз соңын аяқтап.
Мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру бір күндік жұмыс емес, бірақ әрбір мекеме заң талаптарын орындап, ақпаратты қазақша ұсынуды дәстүрге айналдырса, бұл тілдің қоғамдық кеңістіктегі орнын нығайта түседі. Сондай-ақ барша жерлестерімізді көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге шақырамыз.



