Дәл осындай атпен Атырауда облыстық құран жарысы өтті. Ақ батасын арқалап барған ақсақалдар өзара бақ сынасып, қасиетті айда Құран сүрелерін жатқа оқыды. Аудан намысын қорғаған Талғат Қайырұлынан ақжолтай хабар жетіп, Жайықтың жағасынан жүлдемен оралды.
Бұл жолғы жарыстың ерекшелігі тек 60-тан асқан ел ағалары қатыса алды. Облыс бойынша 16 ақсақал келіп, өз деңгейінде қасиетті кітапты жатқа оқыды. Жерлесіміз Талғат Қайырұлы да өзінің біліктілігі мен білгірлігін танытып, күміс жүлдені қанжығаға байлады. Аудандық мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы да қари қартымызды құттықтап, ерекше ізеттілігін көрсетті.
Иә, Талғат ағамызды жұма сайын мешіттен көріп тұрамыз. Күндердің сұлтанында жамағатқа ақ тілегін жеткізіп, дұға тілейтінін білеміз. Сол күні, керісінше, ол кісіге біз дұғада болып, жеңісіне бір кісідей қуандық. Жарыс жүлдегеріне арнайы диплом мен ақшалай сыйақы табыс етілді. Қариямыз қазыналы болса, келер ұрпақтың да келелі болары хақ.