Осыдан 97 жыл бұрын құрылған сол кездегі Жылой ауданы Қосшағыл мен Құлсары кәсіпшіліктері ашылған уақыттан кейін қарыштап дамыды. Жетіқат жер астынан атқылаған қара алтынмен бірге өңірге өзге ұлттар мен ұлыстар да қоныстана бастады. Әсіресе өткен ғасырдың 60-жылдарының басында теміржол торабының пайдалануға беріліп, аудан аумағында барлау-бұрғылау жұмыстары кең қанат жайып, Теңіз кеніші игерілгенде аудан тұрғындарының саны көршілес одақтас республикалардан ағылып келген халықтың есебінен көбейе түсті. Бұл дәуірдегі аудан аумағы құжынаған араның ұясындай көрінетін. Бүгінде сол өзге ұлттардың көпшілігі Кеңес өкіметі тарағаннан кейін өз Отанына оралды. Бірақ біраз бөлігі өңірімізде қалып қойды. Өйткені олардың көпшілігі жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласса, енді өзгелері қазақтармен қыз алысып, қыз берісіп дегендей құда-құдандалы болып, жекжат-жұрағатқа айналып кетті. Оның үстіне, осы топыраққа кіндік қаны тамған көпшілігінің ұл-қыздары туған жерін қиып кеткісі келмесе, ата-аналары да Қазақстанды ортақ Отаны санап, ұлттар достығы айрандай ұйыған ұлан-байтақ өлкеге деген қимастық сезімі жібермеді. Міне, осылайша еліміздің өзге өңірлері секілді Жылыой ауданы да көпұлтты отбасылардың кіші Отанына айналды. Соңғы статистикалық мәліметке сүйенсек, күні бүгін ауданда тұрып жатқан жергілікті қазақтардың саны 83 408 адамға жеткен екен. Ал өзге ұлттар, яғни жекелеген этностар 2022 жылғы көрсеткішпен төмендегідей деректерді құрайды:
Орыстар – 602;
Кәрістер – 46;
Татарлар – 181;
Немістер – 10;
Өзбектер – 160;
Әзірбайжандар – 33;
Қарақалпақтар – 173;
Даргиндер – 35;
Шешендер – 27;
Лактер – 15;
Грузиндер – 2;
Өзгелері – 55;
Грек – 1
Басқа ұлттар саны 53 адамды құраған екен. Қазақ ежелден қонақжай, мейірімді, көңілі даладай дархан, жүрегі жомарт халық. Соның ішінде «Киелі мекен – Кең Жылой» атанған жасампаз Жылыой жұртшылығы өзге ұлтты өзектен теппей, өгейсітпей, өз туысындай құшақ жая қарсы алады. Ата-бабамыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген нақылды сөзін бетке ұстаған халықтың осындай кеңдігі үшін Жаратқан иеміз кең-байтақ жерін байлыққа толтырып қойса керек!
Е.ҚОШАҚАНОВ