Қорғаныс саласындағы тың серпін

Ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімі – аумақтағы әскери есеп, шақыру және мобилизациялық дайындық саласындағы негізгі мемлекеттік орган. Бөлім жыл басынан бері бірқатар маңызды жұмыстарды сапалы атқарып, аудан көлемінде әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

 Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысы Қарулы күштер үшін маңызды. Олар азаматтарды әскери есепке қою, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру, әскери міндеттілердің құжаттарын жаңарту және цифрлық жүйелерді енгізу бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде әскерге жөнелтілімдер уақытылы ұйымдастырылып, құжат айналымы тәртібі күшейтілген. 

Мамандардың айтуынша, бөлімде жеке құрамның қызметтік дайындық сабақтары тұрақты өткізіледі. Әскери басқару органы ретінде бөлім құжат жүргізу, әскери есеп және мобилизациялық жоспарлау бағыттарында әдістемелік сабақтар ұйымдастырып, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып келеді. 

Ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Тұрлан Саденов материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды: 

- Қазіргі уақытта бөлімнің материалдық-техникалық әлеуеті артып келеді. Жергілікті атқарушы орган өтеусіз пайдалану шарты негізінде екі автокөлік пен қажетті құралдарды бөліп, бөлімнің жұмысын қолдап отыр. Ал әскери қызметтің сапасын одан әрі жетілдіру, диверсияға қарсы қауіпсіздікті күшейту және жұмылдыру шараларын нығайту мақсатында қосымша қаржы сұралып, АОҚІЖД мен жергілікті органдарға хаттар жолданды,-деді бөлім басшысы. 

Қазіргі таңда бөлімде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жалғасуда. Шақырылушыларға алдымен 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіліп, кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша шақыру қағазы табысталады. Мамандардың айтуынша, 1414 арқылы хабарлама алғанына және шақыру қағазы тапсырылғанына қарамастан бөлімге келмеген азаматтарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер бұл жағдай қайталанса, ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. 

Биыл науқан басталғалы көктемгі шақыру кезінде ҚР Шекара қызметіне – 11, ҚР Қорғаныс министрлігіне – 38, ҚР Ұлттық ұланына 27 азамат жіберілген. Ал күзгі шақыру бойынша осы күнге дейін Шекара қызметіне – 12, Қорғаныс министрлігіне 44 азамат әскер қатарына аттанды. Айта кетейік, әскерге шақыру науқаны 2025 жылғы 30 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Сондай-ақ әскери борышын өтеп келгендер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, олар жоғары оқу орындарына түсу үшін тегін сертификат ала алады. Бұдан бөлек, 14 айлық кредиттік демалыс ұсынылады: оның 12 айы әскери қызмет кезеңіне, ал қалған 2 айы азаматтың бейімделу кезеңіне беріледі.

 Бүгінде аудан мектептерінде алғашқы әскери дайындық сабақтары жүйелі түрде жүргізілуде. Жастардың бойында отансүйгіш рух қалыптастыру мақсатында «Ерлік сабақтары» өткізіліп, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар бөлім офицерлері әскери-патриоттық тәрбие мен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелеп, әскери оқу орындарына талапкерлерді іріктеу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Әскери мамандықты таңдаған жастар үшін елімізде бірқатар арнайы оқу орындары бар. Алматы қаласында Құрлық әскерлері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери институты, Ақтөбе қаласында Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты жұмыс істейді. Ал Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледж жас сарбаздарды даярлауда. Қазіргі кезде осы колледжде ауданнан үш түлек білім алуда. 

Бөлім басшысының сөзінше, биылғы жыл бөлім үшін ерекше табысты болды. Оның айқын дәлелі – Атырау облысының жергілікті әскери басқару органдары арасында өткен “Біртұтас ел – біртұтас жер” атты облыстық сайыста ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің І орынды жеңіп алуы. Бұл жетістік – бөлім қызметкерлерінің бірлігі мен кәсіби шеберлігінің, ел қорғанысын нығайту жолындағы жүйелі еңбегінің нәтижесі. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT