Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деген еді.
Тәрбие – тал бесіктен...
Президент өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Мұндағы заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы Жолдауында: «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» деп тапсырған-ды.
Иә, расында да, қазіргі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің қатарында зорлық-зомбылық, нашақорлық, лудомания белең алуда. Бұл бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін күшейту керек деген сөз. Аталған проблема – тек жекелеген отбасылардың емес, бүкіл қоғамның ортақ дертіне айналып отыр. Зорлық-зомбылық – отбасы тыныштығына, ал нашақорлық пен құмар ойынға тәуелділік (лудомания) жас ұрпақтың болашағына тікелей қауіп төндіруде. Міне, осындай өзекті тақырыптарды қамтыған семинар таяуда Қара Арна ауылдық округінің орталығындағы «Шоқпартоғай» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Мақсат: осы кеселдердің алдын алу жолдарын айтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және пікір алмасу мен тиімді тәжірибелермен бөлісу.
«Салауатты сана» жобасы аясында «Қоғамдағы кеселдердің себептері мен салдары: Талдау және алдын алу жолдары» тақырыбы аясында облыстық іс-тәжірибелік семинар өтті. Аталған семинар аудан әкімдігі, ішкі саясат бөлімінің, аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен болды. Семинар басталмастан бұрын жоба аясында көрме ұйымдастырылды. Онда №3 жалпы орта мектеп оқушыларының шығармашылық туындылары мен аудандық жас техниктер станциясы өрендерінің жобалары қойылып, таныстырылды. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудан прокуратурасының прокуроры, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі және өзге аудандардағы аналар кеңесінің төрайымдары, басқа да қоғам белсенділері мен білім және құқық қорғау саласының өкілдері, мектеп оқушылары қатысты.
Семинардың шымылдығы аудан халқын өнерлерімен тәнті етіп жүрген «Жем аруы» халықтық би ансамблінің сән-салтанатымен ашылды. Алғашқы сөз кезегі Г.Айшуақоваға берілді: – Құрметті қонақтар киелі мекен Кең Жылыойымызға қош келдіңіздер! Қоғамда өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастыратын осындай маңызды семинар ауданымызда өтіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Әрине, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Бүгінгі «Салауатты сана» облыстық іс-тәжірибесі семинарында ой бөлісіп қана қоймай, нақты ұсыныстар мен әрекеттерге жол ашатын орта. Жастар тәрбиесінде зиянды кеселдермен күресіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау тек ата-ана мен ұстаздардың міндеті емес, бұл тұтас қоғамның міндеті деп білемін. Осы орайда еліміздің ынтымағы мен бірлігінің символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл сан ұлтты еліміздің татулығы мен бейбіт өмірін сақтауға қосқан теңдессіз үлесінің айқын көрінісі. Ассамблеяның тәжірибесі ел ішіндегі татулықтың темірқазығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында жастардың бойына рухани тәрбие, жауапкершілік сезімін сіңіру, ұлттық құндылықты сақтау жөнінде баса айтқан болатын. Шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мадина Сабыржанқызына, облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудан бойынша бас сарапшысы Айнагүл Сыдықоваға, ішкі саясат, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, мектеп мұғалімдеріне алғысымды білдіремін. Зорлық-зомбылық пен Нашақорлықты қайтсек жеңеміз? Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, құмар ойындарға тәуелділік – лудомания кеселі белең алуда. Бұрын мұндай тәуелділік көбіне жастар арасында байқалса, бүгінде айналамызда орда бұзған, отбасылы, қызметі бар ересектер де бұл дертке бой алдырып, отбасының шырқын бұзуда. Иә, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғасы елімізде көп...
Спикерлерден алғаш болып Жем ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесі төрайымының орынбасары, №4 жалпы орта білім беретін мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Сымбат Қабдрахманова «Зорлық-зомбылықты жеңудің жолы – саналы ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында баяндама жасап, отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін ерекше атап өтті. Қоғамда қалыптасқан қате түсініктерге тоқталып, зорлық-зомбылық тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда ғана кездеседі дегенді қате пікір дейді.
– Қазіргі кезде шет елде білім алып, жоғары лауазымда қызмет етіп жүрген адамдардың өздері де отбасында әйеліне қол көтеріп, істі болып жатқанын жиі көреміз. Сондықтан бұл тек бір әлеуметтік топқа тән мәселе емес, – деді ол.
Сымбат Едігеқызы бала тәрбиесінде ананың рөліне ерекше мән беру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бала анасына толық сенуі үшін ол сенімді ерте жастан қалыптастыру қажет. Алайда, ата-аналар көбіне жұмысбастылықпен баламен арадағы байланысты жоғалтып алатынын айтып, бұл да баланың ішкі әлемінде сенімсіздік пен қорқыныш туындататынын ескертті.
– Бала бір нәрсені сындырып қойса ұрыспай, керісінше оны түсінуге тырысу керек. Егер үнемі қорқытып, кінәласақ, бала шындықты жасыруды, өтірік айтуды үйренеді. Ал сенім таппаған бала сырын бөлісетін адамды көшеден іздей бастайды, – деді ол.
Ол отбасындағы зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» немесе «ұят болады» деп жабудың салдары туралы да айтты. Оның пікірінше, баласының көзінше анасын қорлаған әке сол баланың болашағына тікелей қауіп төндіреді. Біз қоғам ретінде бұл мәселеден қорықпауымыз, жасырып-жабусыз айтуымыз керек. Көмек сұрау – әлсіздік емес. Әр адам бақытты, құрметпен өмір сүруге лайық,- деп түйіндеді ойын Сымбат Едігеқызы. Семинарға қатысушылар спикерлерді тыңдап қана қоймай зорлық-зомбылық туралы №3 жалпы орта білім беретін мектеп жанынан құралған «Сахна саңлақтары» үйірме мүшелерінің дайындап келген қойылымын тамашалады. Сондай-ақ Назгүл Жиенбаева ән шырқады. Келесі болып аудан прокуратурасының прокуроры Әділ Сисенов «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында баяндама жасады. Семинар барысында сөз алған аудандық прокуратураның прокуроры еліміздегі есірткімен күрес мәселесіне тоқталып, бұл дерттің болашақ ұрпаққа төндіріп отырған қаупін атап өтті.
– Есірткі, әсіресе синтетикалық түрлері – қоғам үшін аса қауіпті. Бүгінде нашақорлықпен күресу – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың міндеті. Аудан көлемінде бұл бағытта түрлі алдын алу шараларының жүйелі түрде өткізіліп жатқанын айтты. Мектептер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып келеді. Нашақорлықтың басты себебі – жасөспірімдердің еліктеушілігі болып отыр. Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт – насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы – жастарды нашақорлық індетінен аластату –барлық мүдделі органдардың міндеті,- деді ол.
Келесі болып сөз кезегі Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі №10 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Нұрлан Тілеуовке берілді. Ол «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбына тоқталды. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі – ұлт болашағын қалыптастырудағы басты негіз екенін атап өтті.
– Әрбір ата-ана баласынан үміт күтеді. Бірақ сол баланың қандай азамат болып қалыптасуы – ең алдымен үйдегі тәрбиеге байланысты. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бекер айтылмаған. Қоғамда да, болашақ отбасында да баланың дұрыс бағытта өсіп-жетілуі тікелей әке тәрбиесіне байланысты,- деді ол.
Оның айтуынша, бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады, ұл баланың тұлға ретінде қалыптасуында әкенің рөлі ерекше. Әке баланы сөзімен емес, ісімен тәрбиелейді. Баланың бойына батылдықты, қайсарлықты, отансүйгіштік пен әйел затына деген құрметті сіңіруде әке үлгісі аса маңызды.
Сонымен қатар семинар барысында ұлттық құндылығымыз садақ ату туралы Бағдат Ертүгел «Ұлттық құндылық – рухани байлық» тақырыбында ой бөлісті. Ол ұлттық құндылығымыздың бірі – садақ ату өнерін насихаттап жүрген жастардың бірі. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына ерте жастан сіңіру арқылы ғана саналы, рухани бай тұлға тәрбиелеуге болады. – Садақ ату – жай ғана спорт немесе өнер емес. Бұл – халқымыздың жауынгерлік болмысы мен ұлттың рухын айқындайтын көне мұра. Ол – тәрбие, ерлік, шыдамдылық пен намыс мектебі, – деді ол.
Оның айтуынша қазіргі таңда аудан көлемінде садақ ату мектебі ашылғанын айтып, бұл бағытта жеткен жетістіктерімен де бөлісті. Садақ ату мектебінің алғашқы қатары Азия және Қазақстан чемпиондары атанып үлгерген. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азамат Бейбарыстың осы өнер арқылы қоғамда өз орнын тауып, жарыстарда көзге түсіп жүргенін ерекше атап өтті.
Әрмен қарай сахнада садақ ату өнерін меңгерген садақшылар шеберліктерін көрсетті. Көпшілік назарына ұсынылған бұл өнер семинар қатысушыларының, әсіресе ер-азаматтардың рухын көтергендей болды.
Қорытындылай келе семинар соңында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Кенжегүл Мусағалиеваға сөз кезегі берілді. Тәрбиелік мәні зор іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Атап айтқанда, аудан әкімдігіне, аналар кеңесінің төрайымы М.Сабыржанқызына және облыстық Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудан бойынша бас сарапшысы Айнагүл Сыдықоваға ризашылығын жеткізді.
Облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» басшысы Ляззат Кеңесқызының алғыс хатымен бірқатар белсенді жандар марапатталды. Атап айтқанда су тасқыны басталып, қарбалас туындаған кезде еш ойланбастан үйіне 147 адамды орналастырған Майкөмген ауылдық аналар кеңесінің мүшесі, кең жүректі С.Биманова анамызға, өрт салдарынан 5 жасар қызынан, пәтерінен айырылған жалғызбасты орыс этносының өкілі Н.Власкинаға халықтан жылу жинап, 2 ай ішінде пәтерлі болуына басы-қасында жүріп атсалысқан А.Сабазовқа және Ассамблеяның құрылымдарының жұмыстарына белсене араласқан М.Қақпанбаев, С.Сауытова, Ж.Унайбаев, С.Қабдрахманова, А.Сатыбалдиев, Ә.Темірханов, Н.Ермекбайұлы, Н.Сембай, А.Ашықбаева, Г.Жаншина, С.Иманғалиеваға облыстық Ішкі саясат басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы Л.Джылқышиева атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтарын Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы К.Ерғалиева мен облыстық аналар кеңесінің төрайымы Ж.Әбіш табыстады. Олар Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің жұмысына қолдау көрсетіп, қоғамның бірлігін, келісімін нығайтуда, рухани өнегелік құндылықтар мен жастар тәрбиесін дәріптеуде, атқарылып отырған іс-шараға үлес қосқаны үшін құрметке ие болды.
Семинар соңында экскурсия ұйымдастырылды. Облыстан келген қонақтар Отбасын қолдау және белсенді өмір сүру орталықтарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар олар Ақмешіт қорымына танымдық саяхат жасап, тарихи орын туралы мағлұмат алды.
А.МОЛДАШЕВ