Соңғы жылдары ел ішінде құмар ойындарға тәуелділік мәселесі жиі көтерілетін болды. Сарапшылардың айтуынша, лудомания жас талғамайтын, әлеуметтік жағдайды да ескермейтін кең таралған дертке айналып барады.
Әсіресе онлайн құмар ойындардың қолжетімділігі бұл проблеманы тереңдетіп, оған қарсы күресті қиындатып отыр. Бүгінде смартфон мен интернеті бар кез келген адамның ойын әлеміне кіруіне ештеңе кедергі емес. Онлайн-казино, букмекерлік кеңселерге мобильді қосымшалар, лезде төлем жасау мүмкіндігі — бәрі құмар ойынға қызығушылықты күшейтетін факторлар. Бұрын арнайы орынға баруды талап ететін бұл әрекет қазір үйден шықпай-ақ жүзеге асады. Дәл осы қолжетімділік тәуелділікке әкелетін негізгі себептердің бірі саналады. Мамандардың айтуынша, лудоманияның салдары тек қаржылық шығын емес. Тәуелді адамның өмірінде біртіндеп отбасылық жанжалдар көбейіп, жұмысқа деген ынта төмендейді, психологиялық күйзеліс жиі байқалады. Қарызға бататын азаматтар саны да артып келеді. Кейбірі несие алып, оны қайта жаба алмай, қиын жағдайға тап болады. Бұл тек бір адамның проблемасы емес, тұтас отбасының, кейде тұтас қауымдастықтың мәселесіне айналады. Психологтар тәуелділік көбіне «қосымша табыс табамын» деген ойдан басталатынын айтады. Алайда жеңістің қуанышы уақытша ғана, ал оның артында тұрақсыздық, мазасыздық және психологиялық қысым қалып қояды. Лудоманияның ең қауіпті жағы адам өзін тәуелді екенін кеш түсінеді. Сол себепті мамандар алғашқы белгілер байқалғанда-ақ көмекке жүгінуге кеңес береді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



