Қоғам және ислам: пікір, пайым, парасат

Дін – қазіргі қоғамдағы ең өзекті әрі күрделі тақырыптардың бірі. 

Ол тек рухани құндылықтар мен діни қағидаттарды ғана емес, елдің тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Осы орайда аудандық кітапханада дін тақырыбына арналған ашық талқылау өтті. Жиынға Астана қаласынан Мәдениет және ақпарат министрлігі Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің бас сарапшысы Дулат Жақиянов және аталмыш департаменттің аға сарапшысы А.Рысдаулетова арнайы қатысты.

Спикерлер жергілікті жұртшылықпен дін мәселелері бойынша ашық пікір алмасып, елімізде қабылданған дін саласындағы заңнамаларды түсіндірді. Сондай-ақ өңірдегі діни ахуалға қатысты пікірлер мен ұсыныстарды тыңдап, ортаға салынған мәселелерді талқылады. Кездесуге аудан бойынша дін саласында профилактикалық жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – Асхат Кенжеғалиев, Арай Нұрмаханова, Жалғас Реймов, теолог маманы Жанболат Құдайберген қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Аудандық кітапханада ұйымдастырылған бұл басқосуда Дулат Жақиянов алғаш болып сөз бастады:

– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда елімізде дін тақырыбы – ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Оған қоса, жақында әйелдердің бетін толық жабатын киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салу мәселесі көтеріліп, заң қабылданды. Бұл да қоғамда үлкен талқылау туғызған өзекті тақырыптардың бірі болды. Осындай мәселелерді негізге ала отырып, алдарыңызға келіп отырмыз. Біздің міндетіміз – елімізде дін тақырыбы бойынша қабылданған маңызды заңдарды, діни құндылықтарды бір ғана пікірмен шектемей, әр өңірдің тұрғындарымен ақылдасып, олардың ойы мен көзқарасын, ұсыныстарын есту. Халықпен бірлесе отырып шешім қабылдау. Сондықтан бүгінгі талқылауда үнсіз қалмай, әрқайсыңыз өз ойыңызды ашық айтыңыздар, – деп ол халықтың пікірін білуге ұмтылды.

Талқылау басталысымен-ақ әңгіме қыза түсті. Бірі – діннің саф қалпын бұзбай сақтау қажет деп шегелесе, енді бірі – дін мен дәстүрдің ара-жігі айқын болуы тиіс деген ойын ашық айтты.

Көпшілік пікірдің арасында ауданымыздың белсенді азаматы Тұрар Шапқара да болып, өз пікірін жеткізді:

– Бір кездері еліміз үшін дін аса өзекті тақырып болғаны рас. Алайда бүгінде барлық жамандық пен теріс ағымға еріп кету мәселесін бірден дінге жаба салу немесе оны бұрмалап жеткізу – үлкен қателік. Мемлекет кінәлаудан бұрын бұл істі жүйелі түрде қадағалап, ел ішінде орын алып жатқан теріс діни әрекеттердің алдын алуы керек. Қазіргі жастардың білім мен ғылымға, ұлттық құндылыққа деген қызығушылығын арттыру – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Өйткені олар үшін жай статистика немесе құр сөзбен айтылатын құндылықтар жеткіліксіз әрі қызықсыз. Сондықтан ұлттық құндылығымызды тек сөзбен емес, нақты әрекет арқылы көрсеткен жөн. Мектеп жасынан бастап жасөспірімдерді өз өңірінің тарихи жерлерімен таныстыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді санасына сіңіру – мемлекеттің басты мақсатына айналуы тиіс. Жастарды дінге бет бұрып кетті деп кінәлағаннан гөрі, олардың назарын мәдениетке, дәстүрге, елге қызмет етуге бағыттауды қолға алған абзал,-деп, батыл да өткір ойымен жиналған жұртты толғандырып, пікірталасты одан әрі қыздыра түсті.

Талқылау жиынын ауданның Құрметті азаматы, ақын Бүркіт Базарбаев та қатысты. Ол да дін тақырыбына байланысты өткір ойын айтып, жастардың рухани тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау жайында салмақты ұсыныстарын ортаға салды. Оның сөзі жиынға қатысқан көпшіліктің назарын аударып, талқылаудың одан әрі жандануына сеп болды.

Пікір айтылған жерде қарама-қайшылықтың да болатыны белгілі. Бұл жиында да жұрт бірде мақұлдап, бірде қарсы уәж айтып әлек болды. Әр сөздің салмағы артып, әр пікір жаңа сауал тудырғандай әсер қалдырды. Солардың ішінде ең көп талқыланған тақырып – мешіт пен имамдарға қатысты көзқарастар еді. Бір тарап «жастардың мешітке көптеп ағылуы олардың қоғамнан оқшаулануына алып келуі мүмкін» деп алаңдаса, екінші тарап «мешіт тек құлшылық ордасы ғана емес, ол – жастарды ұлтжандылыққа, қайсарлық пен мейірімге, ізгілік жолында қызмет етуге үндейтін рухани мектеп» деп қорғап шықты. Бұл сәтте зал ішін пікірталас қызуы жайлады: бір жақтан қол соққан дауыс естілсе, келесі жақтан қарсы тараптың уәжін айғаймен жоққа шығарғандар да болды. Жиналғандардың жүзінен толқу да, алаңдау да қатар сезіліп, әркім өз шындығын табанды қорғауға тырысып бақты.

Адамдардың пікірлері мен көзқарастары шиеленіскен сәтте аудандық Орталық мешіттің бас имамы Думан Мұратұлы байсалды түрде сөз алып, өз пікірін «Дін мен дәстүр бірге жүруі тиіс» деген ойдан бастады:

- «Дін мен қазақ халқының дәстүрі бір-бірінен алшақ болуы керек» деген пікір дұрыс емес. Қазір әлемде мұсылман елдері көп, бірақ олардың әрқайсысында түрлі қауіпті жағдайлар орын алуда. Неліктен? Себебі олардың ұлттық құндылықтары мен дәстүрлері, дінге деген ұлттық көзқарастары әртүрлі. Сол сияқты, біздің дініміз бір болса да, дәстүріміз әрқалай. Сондықтан дінді ғана қадірлеп, дәстүрімізді ысырып тастауға болмайды. Мешіттерде имамдар тек дін жолын насихаттап қана қоймай, дәстүрімізбен байланысқан ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де атсалысады. Мешітке ағылып келген жастар тек құлшылықпен шектелмей, дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды, рухани құндылығымызды бойларына сіңіре алады,-деді ол.

Иә, расында дін мен дәстүрді бір-бірінен ажыратуға болмайды. Дәстүрімізді діннен бөлу – ұлттық болмысымызға сызат түсіріп, рухани тамырымыздың әлсіреуіне әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан пікірталас қаншалықты қызу өрбісе де, дін мен дәстүрдің өзара сабақтасып, үйлесім табуы – қоғам үшін ең маңызды дүние. Бұл жиында да осы мәселе жан-жақты талқыланып, қатысушылардың ой-пікірі мен ұсыныстары тыңдалды. Әсіресе, діни құндылықтарды бұрмаламай, оларды ұлттық салт-дәстүрімізбен сабақтастыра насихаттау қажеттігі кеңінен сөз болды. Себебі дін мен дәстүрдің үйлесімі - ұлттық бірегейлігіміздің, рухани тұтастығымыздың кепілі. Жалпы, мұндай жиындар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді ортаға салып қана қоймай, халықтың ой-санасын оятуға, пікір алмасуға жол ашады. Өйткені әр ұсыныс, әр ой – ертеңгі күннің дұрыс шешіміне бастайтын қадам. Ал жиынның қаншалықты нәтижелі өткенін бағалау – халықтың өз еншісінде.

Ә.АСҚАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT