Қоғамның тұрақтылығы мен тұрғындардың күнделікті тыныштығы ең алдымен заңға деген құрмет пен тәртіптің сақталуына байланысты.
Бүгінде құқық қорғау органдарының басты мақсаты – қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл ретте қоғамдық орындардағы мәдениет, жол қозғалысы тәртібі, жастар арасындағы құқықбұзушылықпен күрес секілді бағыттар ерекше назарда тұр.
Соңғы уақытта аудан көлемінде құқықтық тәртіпті нығайтуға арналған бірқатар алдын алу шаралары ұйымдастырылып келеді. Полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен рейдтері нәтижесінде түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың бейсауат жүруінің алдын алу, мас күйінде көлік жүргізу деректерін азайту және рұқсатсыз сауда орындарын реттеу бағытында оң нәтиже байқалуда. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, қылмыстың алдын алуда ең тиімді жол – тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі. Әрбір азамат өз тәртібіне, заң талаптарының орындалуына мән берген жағдайда ғана қоғамдық тыныштық сақталады. Бұл бағытта мектептер мен колледждерде құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесулер өткізіліп, жастарға заңды білу мен сақтау мәдениеті түсіндірілуде. Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелерінің көбеюі мен «Қауіпсіз аула» жобаларының енгізілуі құқықбұзушылықтың алдын алуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Тұрғындар да өз кезегінде аула мен көше тазалығына, тәртіпке мән беріп, кез келген күмәнді жағдайды дер кезінде хабарлап отыруы — полиция жұмысының тиімділігін арттыра түсуде.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



