Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 14 жасқа толған балалар да жасаған қылмысын мойнымен көтеріп, заң шеңберінде жауапқа тартылады. Одан бөлек, ата-аналарына да әкімшілік хаттама жасақталып, бала тәрбиелеуде мүлт кеткені үшін айыппұл төлеуіне тура келеді. Міне, осындай мектеп жасындағы ұл-қыздар мен жайсыз жанұялардың келеңсіз мәселелері №15 мектепте өткен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысында талқыға түсті.
Бауыр еті – баласынан безген безбүйрек әке
Ақпан айының басында полиция бөліміне көмек сұрап хабарласқан қаладағы І ықшам аудан тұрғыны «Аэропорттағы» құрылысы бітпеген үйінің ауласына белгісіз адамдардың кіріп, сарайының терезесін сындырып, онымен қоймай сарайдың ішіне кіргендігін айтып шағымданады. Оқиға орын алған жерге лезде жеткен полиция қызметкерлері қылмысты зерттей келе, бұл іске 5 бірдей сыныптас баланың қатысқандығын анықтайды. Оқиға былай өрбіген. Демалыс күні сағат түскі 15:00-де бір-бірімен жолығып, балалар алаңында уақыт өткізуді көздеген бір мектептің 7 сынып оқушылары ойыннан жалығып кетеді. Сөйтіп сағат 16:30 шамасында өздерінің «заброшка» деп атап кеткен мекен-жайын бетке алады. Тиісті орынға кетіп бара жатып, құрылысы аяқталмаған үйді көздері шалып қалған оларға араларынан біреуі жаңа пәтердің ішінде «Кола» сусыны бар екендігін айтып, нысанның ішіне кіруге шақырады. Айтқанды екі етпейтін ерме балалар бұл ұсынысты қолдап, екі қызды ауланың сыртына қарауылдап қойып кетеді. Қалған 3 ер бала жерде жатқан таспен сарайдың терезесін сындырып кіріп, үй ішінен «коланың» қайда тұрғандығын іздей бастайды. Бірақ керегін таппаған олар өздері сындырған терезе арқылы сыртқа шығып, шарбақ сыртында күтіп тұрған сыныптастарына «жайсыз хабар» жеткізіп, жөніне кетеді. Бұл іс осылайша полиция қызметкерлеріне жетіп, арты аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жиналысынан бір-ақ шығарды. Десе де жиынға 2 баланың ата-анасы ғана уақытылы келді. Олар өз ұл-қызының іс-әрекетін «балалыққа» теңеп, комиссия мүшелерінен кешірім беруін және мұндай істің енді қайталанбайтындығын жеткізді. Нәтижесінде ата-аналардың өтініші аяқасты қалмай, кешірім берілді. Ал үй ішіне кіруге ой тастап, қылмыстың құзар басында тұрған жеткіншек анасымен басқа қалада жүруіне байланысты комиссия жиынына келе алмапты-мыс. Қылмыстық іске қатысы бар қалған ағалы-қарындастың әкесі бір екен. Ол жиналыс аяқталуға жақын әрең жетті. Кешігіп келгенімен қоймай, комиссия мүшелеріне әдепсіздік көрсетіп, дөрекі сөйлеп, елдің үрейін туғызды. Сөйтсек, бұған дейін де жағымсыз мінезімен көзге түскен әке балаларының тағдырына жауапсыздықпен қарайтын болып шықты. Осы іс бойынша шақыртуымен полиция бөліміне балаларын ертіп барған әке кетерінде: «Мен Ақтау қаласына құдалыққа бара жатырмын, балаларым осында қала берсін» деп ұлы мен қызын тәртіп сақшыларына тастап, жөніне кеткен. Безбүйрек әкенің бұл әрекеті полиция қызметкерлерін әбден шошытқан екен. Расында да, дәл осылай жасап, кешкі уақытта перзенттерін үйіне кері алып кетпей, бөлімшеге тастап кеткен мейірімсіз әке, тіпті, қызын балалар үйіне тапсыруды да ұсынған екен. Бұған өзінің туған қызының кішкентайынан Астана қаласындағы ағасының асырауына беріп, өзге тәрбиеде өскендігі себеп болған. Қыз мұндағы бауырларына осыдан 3 жыл бұрын «өгей әке-шешесі» қайтыс болып, өз қалауымен қайтып оралған. Бірақ жаңа отбасының тәрбиесіне, мұндағы туған ата-анасына үйренісе алмапты. Қаршадай қыздың тағдыры көпшіліктің назарын аудармай қоймады. Өйткені балаларына былай да суық қарайтын әкенің өз туған қызын «Балалар үйіне өткізуді ойланып жүрмін» деуінің өзі комиссия мүшелерінің жағасын ұстатты. Соңында аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова қос бауырдың жанұясын «жайсыз жанұя» ретінде полиция есебіне алып, сондай-ақ мектепішілік бақылауға алуды ұсынды. Ал балалар білім алатын мектеп психологі мен полиция қызметкерлеріне қызбен жақынырақ сөйлесіп, үйдің үлкендерінен зәбір-жапа көре ме, жоқ па, сол жағын анықтауды тапсырды. Одан бөлек, барлық ата-анаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігімен, яғни «Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі шараларды орындамағаны» үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Топтасып төбелескен телі тентектер тезге салынды
Комиссия отырысында қаралған екінші бір мәселе – ауыл-ауылға бөлініп, топтасқан жасөспірімдер арасындағы төбелесі еді. Құлсарыдағы «Мешіт» ауылы маңында бірнеше баланың жиналып жүргендігін көріп, полиция бөліміне хабарласқан сол маңдағы тұрғын жасөспірімдердің іс-қимылынан жақсылықтың нышанын байқамағанын жеткізеді. Сәйкесінше, полиция бөлімінің қызметкерлері бұл хабарламаны бірден тіркеп, сол арқылы топтасып төбелесу дерегін анықтады. Әңгімені тарқатайық. Кешкі сағат 21:00-де досының шақыруымен «Мешіт» ауылында орналасқан «Дельфин» ғимаратының маңына барған 2007 жылғы жасөспірім ол жерде өзі секілді бір топ жолдасының жиналғанын көреді. Сөйтсе, мұнда қаладағы І ықшам ауданы мен 7-учаскенің жасөспірім балалары арасындағы орын алған жеке бас араздықтың «мәселесі талқыға түсіп» жатыр екен. Қосыла кеткен ол 7 бала боп мәселені төбелеспен шешуге алдын-ала жоспар құрады. Сәлден кейін топтан бөлінген екеу қала орталығындағы «Ақсүйрік» дүкеніне қарай бағыт алады. Жолшыбай сол маңда жүрген өздеріне таныс емес 4 баланы көріп қалады. Өз жөнімен кетіп бара жатқан олардың 4-ауылдікі екенін біледі де, «Дельфин» ғимараты жанында қалған достарымен байланысып, төртеудің алдынан шығып, сазайын беруді тапсырады. Ал өздері жолдың сол жақ бөлігінде келе жатқан І ықшам ауданының басқа балаларын байқап қалып, қатыгездік іс-әрекеттерін жасауға кіріседі. Сөйтіп біреуін ұстап алып, соққыға жығады. Бұзақылық әрекетін жалғастырған ол басқа достарына болысамын деп тағы да төбелеске килігіп, бірінші ықшамаудандық жасөспірімнің басынан оң қолының жұдырығымен және оң жақ аяғымен соққы жасап, оқиға орын алған жерден бой тасалап үлгерген. Бірақ төбелеске қатысқан телі тентектер тезге салынды. Нәтижесінде, 7 баланың екеуіне 2 ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкциясы беріліп, полиция бөлімінің профилактикалық есебіне алынады. Балаларының тағдыры талқыға түскен отырысқа ұлдарын ертіп әкелген аналар қанша өтінсе де, комиссия мүшелері қос жанұяны «жайсыз жанұя» есебіне алуды тапсырды. Және балалардың сабақ үлгерімдерінің жақсы екендігін, қоғамдық шараларда жиі төбе көрсететіндігін айтып ақталған мұғалімдерге тентектерді қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Комиссия отырысының күн тәртібінде осыған ұқсас тағы бір мәселе қаралды. Кешкі сағат 21:30-дың шамасында полиция бөліміне белгісіз әйел адам жанұшыра хабарласып, ІІІ ықшам ауданда жасөспірім балалардың төбелесіп жатқандығын жеткізеді. Қоңыраудан кейін оқиға орын алған жерге жедел жеткен полиция қызметкерлері 2009-2010 жылғы 3 баланы ұстады. Сөйтсек, оқиға былай өрбіген екен. Кәмелет жасына толмаған үш дос кешке таман ІІІ ықшам ауданда орналасқан «плестейшн» ойын орталығына баруды ұйғарады. Ол жерде көңілдері қанғанша ойнап, сағат 20:15-те шығып, сол маңда жаяу кетіп бара жатады. Бір уақытта алдынан өздеріне таныс емес 2005 жылғы жасөспірім кезігеді. Үш достың біреуі бейтаныс жаннан сағаттың неше болғанын сұрағысы кеп кетеді. Алайда ішінара түсініспеушіліктің кесірінен сол жерде төбелес басталып, үшеудің біреуі жәбірленушінің басына қасақана тас лақтырып, ол жасөспірімнің оң жақ қабағын жарақаттайды. Нәтижесінде жасөспірімдер үстінен іс қозғалып, жәбірленушіні таспен жарақаттаған 16 жастағы бала ювеналды полиция тобының профилактикалық есебіне алынады. Комиссия отырысына анасымен бірге келуге мәжбүр болған баланың бүлдірген қылмысы үшін отбасы «жайсыз жанұя» қатарына қосылып, полиция бөлімінің қатаң қадағалауына алынды. Жасөспірімдердің жөнсіз әрекетіне деген ренішін жасыра алмаған комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова «Баланы облыс орталығындағы тергеу изоляторына апарып, қылмыс жасаған жандардың қандай жерде отыратындығын көрсетіп келсек, артық болмас» деген ойын да айтып қалды. Және мұндай шара жасөспірімдердің болашақта қайтып қылмыс жасамауына септігін тигізер еді деген ойын жеткізді
Алимент төлемейтін әке, күніне 13 сағат жұмыс жасайтын ана
Комиссия отырысына көз жасына ерік берген ана келді. Жалғыз емес, жанында екі кішкентай ұлы бар. Әңгімесін тыңдасақ, заңды түрде ажырасқан бұрынғы күйеуі түнгі уақытта «4 балам жалғыз өздері отыр, аналары үйде жоқ» деп әйелдің үстінен шағымданып, полиция бөліміне хабарласқан көрінеді. Сөйтіп олардың мәселесі полиция қызметкерлеріне жетіп, арты бітпес дауға айналады. Істі тарқатсақ, ІІІ ықшамаудан тұрғыны өз әйелімен осыдан бірнеше ай бұрын, яғни өткен жылдың қазан айында ажырасқан екен. Сот шешімімен 4 ер бала анасымен қалады. Жолдасының шаңырағынан бөлек кетіп, жалғыз күн көруді шешкен 1993 жылғы ана І ықшам ауданнан жалдамалы пәтерге орналасады. Жалғызбасты ананың айтуынша, бұрынғы күйеуі ажырасса да өзіне тыныштық бермей, әлі де қызғанып, кез келген уақытта үйіне келіп тексереді екен. Тіпті кейде қолынан ұстап жұлқылайтын да көрінеді. Бұл сондай оқиғаның бірі еді. Балаларының әкесі алимент төлемеуіне байланысты ұлдарын асырау үшін үйіне жақын маңнан «Фаст фуд» орталығына аспаз болып орналасады. Жас келіншек әңгіме барысында күндізгі сағат 11:00 мен түнгі сағат 12:00-ге дейін, яғни 13 сағат жұмыс жасайтынын жасырмады. Алайда жолдасы полицияға хабарласқан түнгі бір жарымда ол өзінің тұрып жатқан баспанасындағы ауыз судың жүрмей қалуына байланысты бұрынғы үйіне барып келуді жөн көреді. Бұл уақыт - оның жалдамалы пәтер ауыстырып жүрген кезі. Күндіз қолы тимегесін, түнде заттарын көшіреді екен. Айтқандай, бұрынғы күйеуі сол уақытта тексеріс жасап, балалары тұратын үйіне барса, аналарының жоқ екендігін біледі. Іс осылайша әкімшілік құқық бұзушылыққа дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері 4 бірдей ер баланың ата-анасын әбден танып алған. Олардың сөзіне сүйенсек, бұған дейін полиция бөлімшесінің табалдырығын тоздырған жанұя бір-бірін түсінісуге тіпті тырыспайды екен. Балалардың әкесі қанша рет бұрынғы әйелінің үстінен арыз жазса да, келіншек жолдасының теріс әрекеттерін кешіріп келген. Аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінің бірі келіншектің балаларды қараусыз қалдырғанын жазғырса, бірі дап-дардай азаматтың ұлдарына алимент төлемей жүрген әрекетіне ренішін білдірді. Комиссияның 8 сағаттық жұмысқа орналасу жөніндегі ұсынысына қарсылық танытқан ана басқа жұмыстан тапқан қаражаттың күнкөрісіне жетпейтіндігін айтып, ашынды. Себебі бұған дейін балалары білім алатын мектеп директоры келіншектің жағдайын түсініп, «Балаларыңмен бірге келіп, бірге кетесің» деп білім ордасынан еден жуушы қызметін ұсынған екен. Десе де жалғызбасты ана «Маған тамақ пісірген ұнайды» деп мектеп басшысының ұсынысынан бас тартқан. Ал балаларының қараусыз қалғаны үшін алаңдаған көпшілікке жауап берген ол алдағы уақытта туған сіңлісімен бірге тұратындығын айтты. Ал комиссия мүшелері оған уақытша «Отбасын қолдау» орталығына барып тұруды ұсынды. Бірақ әйелдің көнгісі жоқ. Ол өз сөзінде балаларының әкесінен алимент өндіру үшін облыс орталығына барып келетінін және оны төлейтін болса жұмыстан шығып, ұлдарының жанында отыратындығына уәде берді. Бұл мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова әйелге психологиялық кеңес беріліп, отбасын полицияның бақылауына алуды ұсынды. Өйткені мәселенің астарында төрт бірдей баланың тағдыры жатыр еді.
Осылайша комиссия отырысында ел ертеңі – жасөспірімдердің тағдыры талқыға салынып, мәселе жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Д.ІЗБАСАРОВА