Құмар ойынның шырмауына түскен жандар қоғамда бірден көзге түсе бермейді. Бірақ бұл дерт көбіне жасырын түрде, ортамызда өршіп бара жатқандығы жасырын емес. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері “лудомания” деген термин кеңінен қолданыла бастағаны мәлім. Аурулардың халықаралық классификациясы негізінде лудомания аурулар тізіміне ресми түрде енгізілген және елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Өзіміздің облысымыздың орталығы Атыраудың өзінде «ЖАҢА ӨМІР» психологиялық қолдау орталығы онлайн және офлайн форматта үздіксіз кеңес қызметтерін көрсетеді.
-Ауданымызда бұл дертті арнайы емдеу орталығы жоқ, дегенмен дабыл қағатын негізгі мәселе бұл дертпен күресуге келетіндердің жоқтығы, есесіне ондай ойынқұмарлардың ішкі әлемдерінде күйзелісті сезінетін ең бірінші олардың отбасы мүшелері, ал бұл қоғам үшін үнсіз болса да өте ауыр соққы болып тиіп жатыр,-дейді психолог мамандар.
Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты да күйреуде. Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады екен. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы енгізілген ақпараттарына сүйенсек, ойынқұмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады. Лудомания тақырыбын маман ретінде терең түсіндіріп өткен аудандық орталық емханасының алдын алу, психологиялық және әлеуметтік бөлім меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы психолог дәрігері Айкынбекқызы Айгерім лудоманияның өршуіне себеп болатын негізгі мысалдарды арнайы сауалнама негізінде атап өтті:
- Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өз әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Қазір тіпті әлемде болып жатқан азғын әрекеттер, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол салу жасырын болса да, лудоманияның дертінің әсерінен. Бұл жерде эмоционалды факторлар материалдыққа қарағанда басым. Көп адам ойынды жеңіске жету үшін ғана емес, сол жолда бойын билейтін эмоция мен құмарға еліту үшін ойнайды. Мен лудоманияны әлеуметтік құбылыс ретінде, яғни қоғамның оған деген көзқарасын, әлеуметтік тұрғыда қабылдауын жан-жақты қарастырамын. Бұл проблема әсіресе отбасы институтына көп зардап шектіріп жатыр. Себебі бір мүшесі лудоманияға шалдыққан отбасында ең бірінші қарызға бату, отбасылық бюджеттің ыдырауы секілді қаржылық қиындықтар туындайды. Екіншіден, сенім дағдарысы пайда болады. Жақындарын алдап, өтірікті көп айтатын жағдайлар жиі орын алады. Үшіншіден, отбасындағы психологиялық ахуал бұзылады. Көп жанжалдар, ұрыс-керістер болып, оның түбі ажырасуға әкеп соғады. Балалар қараусыз қалады, яғни отбасы мүшелерінің әлеуметтік рөлі бұзылады. Әке, ана, ұл, қыз ретіндегі міндеттерін атқармай, басты назар ойынға ауады. Әлеуметтік байланыстар деңгейінде адам қоғамнан шеттеп, достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасын доғарады. Жалпы лудоманияның салдарынан тек жеке адам ғана емес, оның отбасы мүшелері, айналасындағы достары зардап шегеді. Сол себепті ол бүкіл қоғамға кері әсер ететін ауқымды әлеуметтік-психологиялық проблемаға айналды.
– Шырмауда жүрген тәуелді адамдар ортамызда жүргенімен, неге медициналық-психологиялық көмекке жүгінбейді? Не себепті дертпен жалғыз күреседі деп ойлайсыз?
- Құмар ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі – ер адамдар. Оның бірнеше психологиялық себебі бар. Ер адамдар эмоциясын сыртқа шығарып, көмек сұрауға қиналады. Қоғамда қалыптасқан “ер адам мықты болуы керек, әлсіздігін көрсетпеуі тиіс” деген түсінік олардың ішкі күйзелісін жасыруына себеп болады. Сол себепті олар өз дертімен жалғыз күресіп, емханаға жүгінуден қашады. Көп жағдайда ойынқұмарлық бастапқыда “жай қызығушылық”, “ұтыс арқылы жеңіл ақша табу” деген оймен басталады да, адам өзінің тәуелділікке кіріп кеткенін кеш түсінеді. Ал түсінген кезде ұялу, ар-намыс, қорқыныш сезімі алға шығып, дәрігерге баруға тосқауыл болады. Ер адамдар жауапкершілікті өз мойнына алуға тырысады, бірақ ішкі күйзеліс, қаржылық қысым, отбасылық проблемалар оларды құмар ойынға итермелейді. Ал сол күйзелісті емханаға барып айту, өз мәселесін ашық мойындау -олар үшін ең ауыр қадамдардың бірі. Сондықтан психолог ретінде ойынқұмарлықпен күресте тек медициналық ем емес, ең алдымен қоғамдағы көзқарасты өзгерту, ер адамдарға психологиялық көмекке жүгінудің түк те ұят емес екенін атап айтқым келеді. Психология тұрғысынан алып қарасақ, лудоманияның өршуіне бірнеше әлеуметтік фактор әсер етеді. Ең басты фактор - экономикалық фактор деп ойлаймын. Жұмыссыздық, көбінесе қазір жастар арасында ауадан ақша табу, яғни жылдам әрі көп пайдаға батып қалсам деген иллюзия көп. Сонымен қатар, онлайн-казинолардың ашықтығы, олар туралы жарнаманың шексіз еркіндігі. Бұдан шығатын қорытынды лудомания тек жеке адамның әлсіздігі емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты құбылыс. Мен лудоманияны әлеуметтік құбылыс ретінде, яғни қоғамның оған деген көзқарасын, әлеуметтік тұрғыда қабылдауын жан-жақты қарастырамын.
- Лудомания – ресми диагноз. Ал оны ойынқұмар жандар неге мойындамайды деп ойлайсыз?
- Ең алдымен, бұл ұялу мен қорқыныш. Құмар ойынға тәуелді адам өзін әлсіз сезінеді, ал әлсіздігін мойындау оның ішкі “меніне” ауыр соққы болады. Сондықтан ол шындықты қабылдаудан қашып, бәрін бақылауда ұстап жүргендей кейіп танытады. Ойынқұмарлық – адамның санасын біртіндеп билейтін дерт. Көп жағдайда адам “қаласам кез келген уақытта қоямын” деп өзін алдайды. Бұл – тәуелділіктің ең қауіпті тұзағы. Өйткені адам өзін әлі тәуелді деп есептемейді. Лудоманияға шалдыққан адамды көп жағдайда әлсіз, жауапсыз деп бағалайды. Осындай стигма салдарынан адамдар өз дертін жасырып, көмек сұрауға ұялады. Ал ер адамдарда бұл жағдай одан да ауыр өтеді. Себебі олар отбасының тірегі, бәрін өзі шешуі керек деген қысыммен өмір сүреді. Сол себепті психологқа немесе дәрігерге бару олар үшін өз жеңілгенін мойындау сияқты қабылданады. Сондықтан лудоманиямен күресте ең бірінші қадам – дертті мойындау. Ал оған жету үшін қоғамда тәуелділікке деген көзқарас өзгеріп, психологиялық көмекке жүгінуді әлсіздік емес, керісінше жауапкершілік деп қабылдау қалыптасуы керек.
– Жалпы ойынқұмарлықтың алдын алу үшін жеке адам мен мемлекеттік органдар тарапынан қандай әрекеттер жүзеге асуы тиіс?
– Біріншіден, жеке адамдар қаржылық сауатын арттырып, өзін-өзі бақылауды жетілдіргені абзал. Ал мемлекеттің тарапынан құмар ойындарға деген жарнаманың қолжетімділігін шектеу қажет деп есептеймін. Бақылауды күшейтіп, құмар ойынға тәуелді адамдарға арналған көмек көрсету орталықтарын көбейткен дұрыс. Жалпы қоғамда ойынға тәуелділікті әлсіздік емес, ауру ретінде қабылдау қажет. Сонда адамдар жасырмай, уақытында көмекке жүгінетін еді.
-Тәуелділіктен толық айығып кету мүмкін бе, әлде бұл өмір бойы күресетін дерт пе?
-Лудомания – созылмалы дерттердің қатарына жататын тәуелділік. Оны бір күнде немесе бір ғана емдеумен толық жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ бұл “өмір бойы құмар ойынға тәуелді болып қаласың” деген сөз емес. Уақытылы көмекке жүгінген, өз дертін мойындаған және тұрақты психологиялық қолдау алған адамның толыққанды қалыпты өмірге оралуына толық мүмкіндік бар. Алайда тәуелділікке бейімділік адамда өмір бойы сақталып қалуы мүмкін. Сол себепті адам өзінің әлсіз тұстарын танып, өзін-өзі бақылауды үйренуі қажет. Бұл – алкоголь немесе есірткі тәуелділігінен айырмашылығы жоқ күрделі процесс. Ең бастысы, адамда нақты ниет, жауапкершілік және тұрақты қолдау болса, лудоманиядан арылуға болады.
-Егер адам осы сұхбатты оқып отырып, өзін ойынға тәуелдімін деп сезінсе, алғашқы қадамы қандай болуы керек?
- Ең маңыздысы, адам бұл жағдайды өзімен шынайы түрде мойындай алуы керек. “Менің өміріме ойын кедергі келтіріп отыр” деп өзіне ашық айту - өзгеріске бастайтын алғашқы нүкте. Тәуелділікпен жалғыз күресу өте ауыр, сондықтан іште сақтамай, сенетін бір адамға айту оның салмағын жеңілдетеді.Одан кейін кәсіби көмектен қашпау қажет. Психолог, психотерапевт дәрігерлер тәуелділіктің деңгейін анықтап, дұрыс бағыт-бағдар береді. Қазіргі таңда мұндай көмекті тегін негізде де, онлайн форматта да алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы уақытты созбау. Өзім тоқтаймын деп, жүре беру көбіне жағдайды ушықтырып жібереді. Ал көмекке дер кезінде жүгінген адам өз өмірін қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік алады. Осы тұста ауданымыздың орталық емханасында психолог мамандар өз қызметтерін тегін көрсететіні туралы айтқым келеді. Ойынқұмарлықпен күресу әлсіздік емес.
- Сұхбатыңызға рақмет!
А.Ерденқызы



