Құмар ойын құрдымға батырады

Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық сотта ерлі-зайыптылардың некесі бұзылып, ажырасуы жөнінде іс қаралды. Күйеуі де, келіншегі де сырт қарағанда көз тоярлықтай көркі бар тым жақсы отбасы иелері. Үлкені мектеп жасына жетіп қалған екі перзенті бар. Судья оларды татуластыру үшін істі медиаторға жолдады. Бірақ одан да еш нәтиже шықпады.

Лудоманияның зардабы

Сөйтсек отағасы құмар ойынның соңына түсіп кеткен екен. Татуласуға келіншегі келіскенімен күйеуі міз бақпады. Бойында жарына деген сезім, балаларына деген әкелік махаббат қалмаған. Ойынға ақша табу үшін әйелін сабауға дейін барған жауапкер ұл-қызына қарауды да қойған. Күні-түні сол кездегі букмекерлік кеңсе мен ойынханаларды төңіректеген ол «сырты бүтін, іші түтін» болып өмір сүріп келіпті. Ақыры жас шаңырақ ортасына түсіп, ерлі-зайыптылар ажырасып тынды. Осыдан-ақ, лудоманияның қоғам үшін қауіпті кеселге айналғанын аңғару қиын емес.

«Лудомания» сөзінің түп төркініне үңілсек, мағынасы «лудо» - ойын, «мания» - ессіздік дегенді білдіреді екен. Дәлірек айтқанда, «ойынға есі кету» деген сөз. Бүгінде ол Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының ресми тізіміне ілініп, құмар ойындарға әуес адамдардың дерті ретінде танылды.

Иә, лудомания - ақшамен емес, отпен ойнау. Коэффициенттің кайфымен бәстің буына іліккенде басына қонған бақты қалай ұшырып алғанын білмей де қалады. Нашақорлық пен араққұмарлықтан да асып түскен бұл дерттің алдын алу – қиынның қиыны. Көрінбей-ақ адамның көңіл-күйін билейтін санадағы сұрқия індет.

Өкінішке қарай, айналамызда мұны ауру емес, әдет көретіндер аз емес. Құмар ойынның құрығына ілігіп, азарттан азап шегіп жүргендер ауданымызда да жетерлік. Өйткені құмар ойындарға байланысты өткен жылдың қыркүйегінде қолданысқа енген заңның күші әсер еткенімен, әлі де болса қауіп сейілер емес. Себебі заңды букмекерлік кеңселерден бөлек елімізде жылдамдығы желден де жоғары интернет желісі арқылы неше түрлі заңсыз ойынханалар онлайн жұмыс істейді. Ал, олардың мемлекет заңдарына тоқталмайтыны өкінішті. Ақиқатына келгенде, олар құмар ойындарға байланысты өткен жылғы заңдағы өзгерістерді айналып өтіп жатыр. Соның бірі - интернеттегі заңсыз букмекерлерге ақшасын құйса, келесісі өзге бір адамның атынан тіркеліп, бұрынғы бәс қоюын жалғастыра береді. Бұл жерде кім ұтып, кім ұтылғанын түсіну де қиын. Лудомания — адамды үнсіз баурайтын, бірақ іштен ірітетін дерт. Бұл дертке душар болған жандардың көпшілігі алғашқы ұтысты «сәттілік» деп емес, «мүмкіндік» деп қабылдайды. Сол мүмкіндіктің жетегінде жүріп, көп ұзамай мал-мүлкін, абыройын, отбасын, тіпті, ақыл-есін де бәске тігіп жібереді.

Лудоманияға ұшырағандардың ішінде жастардың үлесі басым. 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтар ең осал топқа жатады. Олардың көпшілігі өмір жолын енді бастаған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оңай табысқа жетуді армандайтын азаматтар. Күндіз жұмыс істеп, түнде букмекерлік қосымшаларда «жаңа өмірге жолдама» іздейтіндері қаншама?! Тіпті, қоғамдық көлікте де өрімдей мектеп оқушыларына дейін лайвтан бәс іздеп, ал ата сақалы иегіне түскен кей қарттарымыз матчтың есебін қараумен әлек болып келе жатқанын көзіміз жиі шалып қалады. «Майскордан» майлы шелпек, «Олимпбеттен» өмір іздейтіндер қаншама...

Ондайлар өзінің ғана емес, бүтін бір отбасының трагедиясына айналады. Құмар ойынның құрдымына құлаған адамның, ең алдымен, уақыты мен табысы емес, сенімі мен сүйіспеншілігі жоғалады. Ставканың соңында жүрген әке отбасынан алыстайды, әйелі күйеуінің қарызынан қажыса, бала мейірімінен мақұрым өседі. Психологтар мұндай отбасыларда тәрбиеленген балаларда сенімсіздік, мазасыздық, агрессия сынды мінез-құлық ауытқулары жиі байқалатынын айтады.

Әкенің ұтылған ақшасы - баланың ұрланған болашағына тең. Үйдің ішін үміт емес, үрей билейді. Құмар ойынға берілген азамат күн сайын жаңа ұтысқа ұмтылған сайын шаңырақ шайқалып, жары мен баласының тағдыры құрбан болады. Бүгінде отбасылық жанжалдардың біразы құмар ойыннан бастау алады. Бірінің жары банк алдындағы қарызды жасыру үшін үйін кепілге қойған, бірінің күйеуі ойынның өтемін төлеу үшін ұрлыққа барған. Ақырында араға полиция, сот, алимент деген ұғымдар килігеді. Бірақ өкінішке қарай, бұл уақытта отбасы деген бір кездері махаббатпен қаланған мықты қамал әлсіреп, әлдеқашан құлап үлгереді. Қарызға белшесінен батқан мешел адам кімге керек дейсіз, кезінде таудай бақыт тілеген отбасы түбінде ойран болып, ақыры ажырасумен аяқталады.

Қоғам болып күресетін кесел

Құмар ойынға тәуелділік – жай ғана тәртіп бұзушылық емес, бұл нақты емделуді қажет ететін психологиялық дерт. Сондықтан лудоманияны жеңу үшін жеке адам, отбасы және мемлекет бірлесіп әрекет етуі қажет. Ендеше, алдын алудың қандай жолдары бар екенін сараптап көрелік.

Ауруды мойындау - емделудің алғашқы қадамы. Лудоманияға шалдыққан адам өзін алдарқатпай, «Менің проблемам жоқ» деп емес, «Маған көмек керек» деп айтуы тиіс. Бұл әлсіздік емес, керісінше, ерлік. Себебі құмарлықпен күресу – өзіңмен күресу.

Екінші кезекте отбасылық қолдау мен қоғамның түсіністігі ауадай қажет. Көбінесе мұндай адамдарды сырттай кінәлап, айыптап жатамыз. Алайда, лудомания сын айту емес, көмек қажет ететін жағдай. Отбасы мен жақындары жанында болып, емделуге итермелеп, қолдау көрсетсе ғана адам бұл шеңгелден шыға алады. Бұл бағытта арнайы мамандар – психотерапевт, невролог пен тәуелділікпен жұмыс істейтін кеңесшілер жұмыс жүргізуі қажет. Сонымен қатар мектеп қабырғасынан бастап, жастарға қаржылық сауаттылық пен еңбек арқылы жетістікке жетудің маңызын ұғындыру – ұлт болашағына салынған инвестиция болар еді.

Ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды да жандандыру қажет-ақ. Бұл індеттің зардабы туралы шынайы деректер, өмірден алынған тағдырлар, ескерту бейнебаяндар мен мақалалар көптеп жариялануы керек. Себебі құмар ойынның астарындағы ащы шындықты кім-кім де оны бастамай тұрып білуі қажет дүние.

Өкініштісі сол, емдеу орталықтары біздің елімізде өте тапшы. Тек бірнеше ірі қалаларда бой көтергені болмаса, тіпті кей облыс орталықтарында жоқтың қасы. Бұл ретте ауданның жайын айтудың жөні де жоқ. Дегенмен, сол мегаполистердегі орталықтардың да сапасы санамызға сан күдік ұялатады. Себебі онда емделудің өзі қыруар қаражатты талап етеді. Ал, одан кейін лудоманиядан арылып кетуіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Осындай орталықтарға миллиондап қаржысын қиса да, құмар ойыннан құтыла алмай жүргендер жетерлік. Сондықтан әліптің артын бағып, әр қадамды ойланып басқан жөн. Түптеп келгенде, бұл ауруды жеңетін тек әр адамның өзінің ерік-жігері ғана.

Иә, «ставка» сәттілік емес, тәуекелдің құрдымы. Әр ұтқан тиын – ертеңгі тыныштығыңның бағасы. Құмар ойын адамның ғана емес, ұлттың да келешегіне төніп тұрған қауіп. Егер бүгін үнсіз қалсақ, ертең осы дерттің шырмауынан бүтін бір ұрпақты аман алып қалу қиынға соғады. Ендеше, бұл мәселеге бейжай қарамай, қоғам болып күресуіміз керек. Себебі құмарлықтан құтқаратын – ортақ ұмтылыс мен нақты әрекет.

Ақиқатында азарттың азабына түскенше, азат күннің астында ауыртпашылықсыз өмір сүрген абзал-ау!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT