Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көтерілген көлік логистикасы мен тариф саясатын қайта қарау мәселесі – саланың түйткілді тұстарын оңтайландыруға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы жыл соңына дейін көліктің барлық түрін қамтитын бәсекеге қабілетті тариф саясатын әзірлеуді тапсырды. Бұл – отандық тасымалдаушылардың шығындарын азайтып, нарықтағы әділ бәсекені қалыптастыру үшін қажет шешім.
Бүгінде жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер рәсімдердің көп уақыт алатынын жиі айтып келеді. Әр қызметті түрлі цифрлық жүйе арқылы рәсімдеу, құжаттардың бірізге түспеуі, тіпті кей кездері қағазбастылыққа қайта оралу тәрізді жағдайлар тасымал үдерісін қиындатып отыр.
Кейбір шекара және кеден бекеттерінде интернеттің тұрақсыздығы да үлкен кедергі келтіреді. Бұл жүк қозғалысын баяулатып, кәсіпкерлердің шығынын ұлғайтады әрі тасымалдау уақытын созады. Сондықтан Президент атап өткендей, мұндай келеңсіз жағдайларды шұғыл түрде түзету – саланың дамуы үшін аса маңызды міндет.
Тасымал жүйесін толық цифрландыру, қызметтерді бір платформаға біріктіру, инфрақұрылымды жаңарту – көлік логистикасының тиімділігін арттырып, экономиканың барлық секторының жұмысына оң әсер етеді.
Аудан тұрғыны: Ерболат Найзабек



