2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді.
Енді салық салу тәсілі түбегейлі өзгермек, салық әкімшілендіруді де жеңілдетеді және бизнес пен жеке тұлғаларға арналған цифрлық сервистер енгізіледі. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Өтегенұлы мәдениет үйінде өткізілген семинарда хабарлады.
-Жаңа Салық кодексінің жүйеленуі - экономикалық дамудың тұрақтылығына нұқсан келтіретін “көлеңкелі” экономикамен күресу дер едім. Жаңа Кодекс бұл салық жүйесін әділетті, ашық және заманауи талаптарға сай қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат. Мемлекет басшысы да салық саясаты тұрақты, ашық әрі қарапайым болуы қажет екенін нақты атап өтті. Осы талаптарға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодексте бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Ең алдымен, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл салық әкімшілендіруді күшейтіп, бюджет кірісін арттыруға бағытталған қадам. Сонымен бірге дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтерге қосымша құн салығы 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл денсаулық сақтау саласына жүктемені бірден арттырмау үшін жасалып отыр. Табысы жоғары азаматтар үшін прогрессивті жеке табыс салығы енгізіледі. Жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15 пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады. Бұл әділеттілік қағидатын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар бұрынғы 7 арнайы салық режимі үшке дейін қысқартылады. Бұл - кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға жасалған қадам. Жалпы, жаңа салық кодексі салық төлеушілердің құқығын қорғауға, салық жүйесін ашық етуге және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді серіктестік орнатуға бағытталған. Біз бұл өзгерістерді тек қабылдап қана қоймай, әрбір азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз,-деді Бекен Өтегенұлы.
Қаржыгердің айтуынша, салық режимдерінің саны қысқарып, бұрынғы жетіден үшке азайды. Атап көрсету қажет, арнаулы салық режимдері оңтайландырылып, енді тек үш бағыт сақталады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мобильді қосымша арқылы төлеу мүмкіндігі бар режим, жеңілдетілген декларация негізіндегі жүйе және шаруа қожалықтарына арналған тәртіп. Ал Цифрландыру жаңа кодекстің басты бағыттарының бірі болмақ. Салық есептілігінің жалпы нысандары 30 пайызға қысқарады. Қосымша құн салығын қайтару тәртібі де жеңілдетіледі, ал салық органдары қызмет көрсетуші форматқа көшеді.
Сонымен қатар, салықтық берешекті өндіріп алу тәсілдері өзгертіледі. Жаңа тәртіп бойынша шаралар қарыз көлеміне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша, жаңа Салық кодексі елдегі салық салу жүйесін барынша ашық, әділетті және заманауи талаптарға сай етуге бағытталған. Семинар соңында салық төлеушілерге 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін салық кодексіндегі инновациялар бойынша егжей-тегжейлі кеңес беріліп, қатысушылар салық заңнамасындағы алдағы өзгерістермен танысуға, бұл инновациялардың олардың бизнесіне немесе жеке міндеттемелеріне қалай әсер ететінін түсінуге, сондай-ақ өз сұрақтарын қоюға және жауап алуға мүмкіндік алды.
А.ТАЛАПКЕР


