ҚҰЛДЫҚҚА САЛҒАН ҚҰМАР ОЙЫНЫ

Қазіргі нарық заманында күнкөріс қиындаған сайын аз уақыт ішінде байып кетемін деп түрлі алаяқтарға сеніп, сан соғып қалғандар аз емес. Оның үстіне көзді ашып-жұмған сайын «бәс тік те, байып кет» деп ұрандаған букмекерлік кеңселердің жарна- масынан көз сүрінеді. Басында бес теңгемен басталған құмарлық түбі ақыры азапқа әкеліп тірейді.

ОЙРАНДАЛҒАН ОТБАСЫ, ШАЙҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚТАР

Сондай желіккен жарнамаға ерген жылыойлық Ж.есімді жігіт бүгінде дүние-мүлкінен ғана айрылып қойған жоқ, отбасын ойрандап, шаңырағын да шайқалтып үлгерді. «Таз ашуын тырнаудан алады» дегендей, ұтылып келген сайын өшін келіншегінен алған ол Құдай қосқан қосағын күнде жұдырықтап, ақша талап ететін. «Шыдамның да шегі бар» емес пе?! Ақыры нәзік жанды сотқа талап арыз беріп, ажырасуға бел буды. Күйеуінен әбден көңілі қалған ол татуластыруға тырысқан медиаторлардың сөзіне де қайырылмады. Отасқанына он жыл да болмаған отбасының шаңырағы сөйтіп ортасына түсті. Иә, құмар ойыны осылай талайдың тағдырын тәлкекке салды. Бұл пәлекет қазақ қоғамында қайдан пайда болды? Неге адамдар соншалық тәуелді болып қалады? Лудомания наркоманиядан да күрделі ме? Бұл сұраққа біздің де бас қатыруымызға тура келеді. Өйткені ауданымызда да букмекерлерге бар дүниесін салып, ақыр аяғында тақырға отырғандар да аз емес. Жалпы қазіргі технология дамыған заманда құмар ойын да сан алуанданып, бүгінгі күні түр-түрге бөлінген. Бәрінің ара-жігін ашып көруге тырыстық. Соның бірі – Букмекерлік кеңселер. Букмекерлер – ел ішінде кең етек алған құмар ойынның түрі. Мұнда лудомандар футболы бар, теннисі бар және басқа да спорт түрлеріне бәс тіге алады. Тіпті, компьютер ойындарына, одан қалса кейбір саяси мәселелерге де бәс қабылданады. Мәселен, «Оскар» жүлдесін кім жеңетініне де бәс қабылдаған букмекерлер болды. Құмар ойынның ішіндегі ең кеселдісі осы - букмекерлік кеңселер. Себебі, заң шеңберінде бұларға тұсау өте аз. Үлкен қалаларға барсаңыз жарнамасынан көз ашпайсыз. Тіпті, метроға кірсеңіз де, тауға шықсаңыз да шыңды бағындырып, бірінші болып жарнамасын қойып алған осылар. Жарнамасының жайылғаны соншалық үйдегі көгілдір экранды ашып қарасаңыздар да, смарт- фонды ашып, кино көрсеңіз де, жаңалық оқысаңыз да барлық жерді жаулап алған. Одан қалса, қазіргі заманда бұл букмекерлер өте қолжетімді. Себебі, алғашқы кезеңде тек арнайы орындарда бәс қабылдайтын болса, бүгінде қолыңыздағы смартфонды ашып, екі-үш рет сенсорынан сипап жіберсеңіз болғаны, бәсіңізді қас пен көздің арасында қағып алады. Тіпті, 21 жасқа толмаған жас жеткіншектердің өзі үйіндегі үлкендердің атынан тіркеліп, бәс тігуін таң атқаннан қара кешке дейін жалғастыра бермек. Ал, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ! Коэффициенттерін қосып, бір бұрышта оқшаулана отырып алып ата-анасының бәлішке берген бес-он тиынымен бәс тігетін оқушылардың да талайын көрдік. Шектеуі жоқ букмекерлік кеңселер тиісінше шексіз қарыздарға батыра бермек. Сондықтан осының бәрін ескерген халық қалаулылары қазіргі таңда парламент қабырғасында жалпы құмар ойындарға байланысты заңдарды қайта қарау үстінде. Жақсы жаңалықтар да болып қалады деген үмітіміз зор. Лотоматиктер. Лотоматик-лицензиясы бар лоторея-мыс. Бұл күніге көзіміз шалып жүрген ойын автоматтары. Сауда үйлері мен дүкендерде менмұндалап тұр. Мұны лоторея дегенмен, кәдуілгі казинодан айырмасы аз. Автоматтандырылған жүйе болғасын, мұны да күнкөрістің көзі ретінде есептеу үлкен қателік. Бірақ, осыған алданған қарапайым халықтың қарасы қалың. Алдындағы жылтыраған суреттерге бәс тіккендер бала-шағасының ауызынан жырып, бар жалақысын сол жансыз автоматқа апарып береді. Бұл лотоматиктердің ал- дын-ала компьютерлік программасы орнатылған. Сондықтан, ол жерде ұтыс пен ұтылыс нағыз кездейсоқтық. Себебі, кей мәліметтерге сүйенсек, ойын автоматтарында арнайы бағдарлама болған соң, олар ойын автоматтарына салынған барлық ақшадан автомат иесінің қалауы бойынша тек қана белгілі бір пайызы кездейсоқ жандарға ұтыс ретінде беріледі. Пайыз көлемі көп, бірақ 20-30%-дан асқан емес. Бұдан шығатын түйін: сіз ойын автоматтарына қарсы ойнаған соң автоматты түрде жеңіліс табасыз!

ДЕРТ БОП ҚОЗҒАН ДЕЛЕБЕ

Айта берсек, әрине, басқа да сан алуан түрлері жетерлік. Қарапайым карт ойыны да осы құмарлықтың бір түрі. Бірақ, елге аты аталып, көп адамға қайғының қамытын кигізіп жүргендердің бастысы осылар. Күндіз теннис көріп, түнде футбол қарап, таңда АҚШ-тың хоккейі мен баскетболына бәс тіккендер күн санап көбею үстінде. Ақшасынан айырылса, Джоковичті атасынан боқтап, Реал мен Баварияға нәлет айтатындар көп. Ендігі сұрақ: олармен қалай күресеміз? Азарттың құрығына түскендерді қалай құтқарамыз? Оның заңды тұрғыда бірнеше жауабы бар. Соның бірі – ойыншы өз бетімен ойнап жүрген букмекерлік кеңсе арқылы министрлікке өтініш жаза алады. Соның негізінде, Қазақстан Республикасындағы лицензиясы бар барлық букмекерлік кеңселер мен казинолар жеке тұлғадан бір жыл көлемінде бәс қабылдамайды. Өтініш жазғаннан кейін 3 жұмыс күнінің ішінде бұл жазба барлық букмекерлерге таратылып, өзінің күшіне енетін болады. Бұл заңды орындамай, бәс қабылдаған жағдайда, букмекерлік кеңсе тарапынан тігілген барлық бәс өз күшін жойып, салынған ақшалар қайтарылуы тиіс. Екінші бір жолы емдік орталықтар. Себебі, лудоманияны Бүкіләлемдік Денсаулық Сақтау Ұйымы ауру ретінде таныған. Қазіргі таңда елімізде көптеген орталықтар ашылып, науқастарды емдеумен айналысып жатыр.

- Егер де, жоғарыда жазғанымыздай 21 жасқа толмаған балаңыз құмар ойын ойнап жүрсе, демек ол басқа адамның атынан тіркелген. Ол жеткіншектің бәс тігіп жүрген букмекеріне хат жазып, аккаунтын бұғаттау керек. Және ешқашан жеке құжаттарыңызды суретке түсіруге бермеңіз. Себебі, букмекерлік кеңселерде құжат тіркеліп, оны идентификациядан өткізу міндетті процесс болып саналады,-дейді мамандар.

Дегенмен, жоғарыдағы шаралар көмектескенімен, мамандардың айтуы бойынша егер лудоманияға шалдыққан адамның өзінің ерік-жігері болмаса, ешқандай әрекет көмек бермейді. Себебі, дамыған заманда интернеттің сан түрлі айласымен заңсыз бәс тігу де оп-оңай болып кеткен. Сол себепті, шет ел асқан ақшаға сұрау салу да қиынның қиыны. Құмарға ерік берген адамның қаржысынан бөлек, денсаулығында да ақаулар шығып, қоғаммен байланысында мәселелер туындай бастайды. Орасан зор зиян әкелетін құмар ойындарға асыл дінімізде де тыйым салынған. Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі бұл. Жалпы ойыншылардың айтуы бойынша, лудомандардың одан құтылатын үш жолы бар. Алғашқысында, дертінен айығып, бәс тігуін өз еркімен тоқтатып, адам қатарына қайтадан қосылып, қоғамдық өмірге белсене араласса, екіншісі, құмарға құлқыны итермелеп, сол үшін қарыз алып, ақыры қарыз алатын жері біткесін ұрлық жасап, қылмысқа барады. Ал қылмыстың түбі – жаза. Бұл жолда темір торға тоғытылып, өмірінің астан-кестеңі шығары сөзсіз. Үшінші жолы – бұдан да қорқынышты. Басқа түскен мәселесі жан-жақтан жегідей жеп, суицидтан басқа шешім таппай, өз-өзіне қол жұмсайды. Сондықтан, санаға салып уақытында тоқтай білуі керек. Өлімге апарар аурудан қорыққандай сақтануымыз керек. Асқынбай тұрып, алқымынан алсаңыз бәрі де оң шешілмек. Құмарға басымен кіргендерге де тоқтату кеш емес. Тек жаңа өмір бастап, жақсы жолмен жүру керек. Құмар ойында баюдың бір ғана жолы бар, ол – мүлде бәс тікпеу. Бәс тікпесеңіз, басыңыз да аман.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT