– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамасының негізгі қағидатының бірі – заңдылық қағидаты. Осы ретте департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Динара Мұратқызы Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне құқықтық оқыту өткізді,-деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Құқықтық оқыту барысында, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына енгізілген өзгерістер, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі, мүдделер қақтығысының алдын алу шаралары және қолданыстағы заңнама талаптарына түсінік берілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 26-1-тармағына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымда тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылады. Егер алдыңғы мемлекеттік лауазым мемлекеттік саяси лауазым болса, онда осы қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметші тәртіптік теріс қылық жасаған кездегі лауазымды атқарған мемлекеттік орган - осы қағиданың мемлекеттік саяси қызметшілерге қатысты тиісті ережелерін қолдана отырып тәртіптік жауаптылық мәселесін қарауды жүзеге асырады. Бұл ретте алдыңғы мемлекеттік лауазым мемлекеттік әкімшілік лауазым болса, онда осы қағиданың 21, 24 және 25-тармақтарында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік қызметші тәртіптік теріс қылық жасаған кездегі лауазымдық қызметті атқарған мемлекеттік орган осы қағиданың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қатысты тиісті ережелерін қолданып тәртіптік жауаптылық мәселесін қарастырады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің уәкілетті адамы:
1) қызметтік тергеп-тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау үшін негіз болатын материалдар мен мәліметтерді уақытылы береді;
2)мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін жан-жақты және объективті қарау үшін өзге де жәрдем көрсетеді.
- Сонымен қатар ҚР-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының талаптарына сәйкес «Ойын бизнесі туралы» заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысу, сол үшін арнайы бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, соның ішінде интернетті пайдаланып өткізілетін құмар ойындарға, бәс тігуге қатысу жөніндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтыны атап өтілді,-делінген хабарламада.
Өз тілшімізден