Аудандық Кірістер басқармасының қай бөліміне барсақ та халықтың көңіліне қаяу түсірмей қарсы алып, мәселенің мән-жайын сыпайылықпен ұғындырып жатқанына өзім куә болып жүрмін. Ұжымның ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде жұдырықтай жұмыла қызмет атқаруына әлбетте басшылардың да тікелей қатысы бар.
Бүгінде Кірістер басқармасының басшысы Бердеш Серікбайұлы мен оның орынбасары Салтанат Сабырова басқарып отырған басқармада 19 адам еңбек етеді. Әңгімеге басты арқау болып отырған кейіпкеріміздің білімі мен біліктілігінің жоғары болуымен қатар, көркем мінезімен де алдына барған адамды бірден баурап, түйткілді мәселені терең түсіндіріп, ұғындыра алатынына риза болып жүрміз. Сөйтіп, көңілі күпті болып барған жандарды жайдарлы мінезімен жадыратып шығарып салады.
Салтанат Сағынғалиқызы - Құлсарыдағы бұрынғы А.С.Макаренко атындағы орта мектепті 1983 жылы тәмамдағасын бұрынғы Фрунзе қаласындағы (Бішкек) СССР-дің 50 жылдығы атындағы Қырғыз мемлекеттік университетіне «Қаржыны үйлестіру» факультетіне оқуға түсіп, үздік аяқтады. Мұнымен тоқтап қалмай, Қазақ Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы филиалында «Қаржы және несие» факультетін де озық оқып, білімін жетілдірген. Қос дипломды ару 1996 жылдан бері аудандық салық органында осы күнге дейін табан аудармастан еселі еңбек етуде. Қатардағы қызметкерден жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы міндеттерін мүлтіксіз орындады. Соңғы бірнеше жылдан бері аудандық Кірістер басқармасы басшысының орынбасары лауазымын абыройлы атқарып келеді.
– Ең алдымен халыққа сапалы қызмет көрсету - біздің басты күнделікті ісіміз. Сонымен бірге этика, деонтологияны берік сақтай отырып, әр келген адамға өз жақыныңдай қарап, кішіпейіл көңілмен қарсы алып, жарқын, адал пейілмен шығарып салу- әр маманның күнделікті парызы. Салықтың сан алуан түрлері бойынша бекітілген, белгіленген қаржы қорларын бюджеттің бүйірін толтыруға жұмыстанамыз. Осылайша, республикалық және өңірлік бюджеттің бекемделіп биіктеуіне өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ бюджетке қарасты жергілікті мекемелер мен зейнетақы қорына құйылатын қаржыға да қарасамыз. Жоғарғы қаржы департаменті тарапынан бізге бекітілген жоспарын да ай, тоқсан, жыл сайын артығымен орындап келеміз, - дейді Салтанат Сағынғалиқызы.
Осындай жетістіктер ұжымның ұйымшылдықпен, білікті түрде жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауының нәтижесі. Басқармада білімі мен біліктілігі ұштасқан ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатырған қызметкерлер жетерлік. Салтанат Сабирова солардың қатарынан бас маман Өтесова Света, Есенбаева Анар, Ысқақова Гүлжамиға, Сисенова Айгүл, Сабырова Тоғжан, Құрманова Ақбөбек есімдерін ілтипатпен атады.
Иә, отыз жылға таяу еселі еңбек етіп келе жатқан Салтанат Сағынғалиқызының өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудандық, облыстық мәслихаттардың Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Соынмен бірге «Қазақстан тәуелсіздігіне - 30 жыл», еліміздегі «Қаржы саласының құрылғанына - 100 жыл» медалімен және «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Бұл марапаттар өнегелі өмірінің ең елеулі кезеңі болды.
Иә, туған жердің түлеуіне, экономикалық жағынан өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Салтанат Сағынғалиқызына алар асуының аласармай, абырой биігіне жете беруіне тілекшіміз.
Маржан Кемелханқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі