АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесін талқыға салады.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Көлік министрлігінің қызметі туралы баспасөз конференциясы өтеді. Онда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев; ️«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов; «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.
Айта кетейік, биыл 6 айдың қорытындысында көлік және қоймалау саласы 22,7%-ға артты. Саланың өсу динамикасына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Бұл көрсеткіш 551 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға жоғарлады.
Оның ішінде тасымал саласында мынадай өсім байқалып отыр:
автомобиль көлігімен жүк тасымалы 1,8 %-ға;
теміржол көлігімен жүк тасымалы 12,4 %-ға;
құбыр арқылы тасымалдар 18,2 %-ға артты.
Ал 10 айда Қазақстан арқылы өтетін Қытай транзиттік жүктері 11% өсіп, 11 млн тоннаға жетті. Елдің теміржол инфрақұрылымы халықаралық логистикада маңызды рөл атқарып, пойыздарды рәсімдеу уақыты цифрландыру жобасы арқасында 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Сол кезде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 10 айда өңдеу өнеркәсібінде 24 трлн теңгенің өнімі шығарылғанын айтқан болатын.
— Өңдеу өнеркәсібінде соңғы жылдары қалыптасқан оң даму динамикасы биыл да өз жалғасын тауып жатыр. 10 айдың қорытындысы бойынша металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдар өндірісінде оң динамика есебінен өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8 пайызға өсті. Өңдеу көлеміне іске қосылған жобалар өз үлесін қосып жатыр. Биылға жоспарланған жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаның 147-і іске қосылды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, — деді министр.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі айналымын қатаң реттеу 2026 жылы күшейтілетінін айтты.
— Елде өндірілетін дәрілік заттардың экспорттық әлеуеті мен сапасын арттыру үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық бенчмаркинг құралы бойынша Ұлттық реттеу жүйесінің жетілуінің 3-ші деңгейіне қол жеткізу қажет. Биыл жүргізілген бағалауға сәйкес ДДҰ сарапшылары 8 индикатор бойынша жоғары баға берді, — деді ол.
Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов дәрілер әділ бағамен сатып алынатынын ескертті.
— Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі, — деді Премьер-министр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы 15 жылда елдегі кәсіпорындардың мұнай өңдеу қуаты 30 млн тоннадан 40 млн тоннаға артатынына назар аудартты.
— 2040 жылға қарай қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін ірі зауытты іске қосып, өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі — 95 пайыз, — деді Ерлан Ақкенженов
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, тамақ өнімдері өндірісі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Осы жылдың 10 айында тамақ өндірісі 3,1 трлн теңге болып, өткен жылдан 9,1 пайызға артты. Жыл соңына дейінгі жоспар — 9,3 пайыз. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 60 пайызға өсіп, 225 млрд теңге болды. Қайта өңделген өнімдердің экспорты бойынша да оң динамика байқалады.
— Биыл 9 айда экспорт көлемі 2,5 млрд АҚШ доллар болып, өткен жылдан 32,4 пайызға артты. Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етіп отыр. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 7%-ға ұлғайды, өсімдік майы 21,7%-ға өсіп, 726 мың тонна болды. Сүт өндірісі 4,7%-ға ұлғайып, 550 мың тоннаға жетті. Жарма 10%-ға, шұжық өнімдері 7,8%-ға артты, — деді Айдарбек Сапаров.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектеновті айтуынша, бүгінде жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу секторының үлесі шамамен 13%-ды құрайды. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі кейінгі бес жылда шамамен үштен бірге өсті.
- Kia, Sinopec, John Deere, Claas сияқты жаһандық көшбасшылардың қатысуымен ондаған жаңа кәсіпорын іске қосылды. Өткен жылы өңделген өнім экспорты 23 миллиард доллардан асты. Бұл ретте металл бұйымдары ғана емес, сонымен қатар машина жасау, химия, тамақ өнімдерінің экспорты да артып келеді. Біздің мақсатымыз – Жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030-шы жылға қарай 15%-ға дейін, ал 2035-ші жылға қарай 18-20%-ға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін. Ол үшін бізде шикізат, энергия, қолайлы географиялық жағдай, жас әрі білімді адами капитал тағы басқа да не қажеттінің бәрі бар, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Үкіметтің бірқатар негізгі міндетін атап, мынадай нақты тапсырмалар берді:
Біріншіден, ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар тетігі отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тиімді құралдарының бірі. Биыл қазақстандық өндірушілермен кәсіпорындарға өз өндірістері мен дамуын сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік беретін осындай 879 келісім жасалды. Осыған орай, Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасалған ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттардың жалпы санын келесі жылдың соңына дейін кемінде 1 мыңға жеткізуі тиіс.
Екіншіден, Қазақстанда заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдаланып отырған өңдеу кәсіпорындары 20%-ға да жетпейді. Ал, Германия мен Америка Құрама Штаттары сияқты дамыған елдерде проактивті мониторинг жүйелері жабдыққа қызмет көрсету шығындарын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондықтан Өнеркәсіп және Жасанды интеллект министрліктері өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жабдықтарға предиктивті қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау және өндірісті оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні енгізуге арналған жаңа жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуі керек.
Үшіншіден, өңдеу өнеркәсібіне арналған ғылыми зерттеулер әлеуетін кеңейту қажет. Сол себепті Өнеркәсіп министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, өңдеу саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың кешенді шаралар пакетін әзірлеуі шарт.



