АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері егін жинау науқанын қорытындылап, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін қарайды.
Сонымен Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселелер шығарылып отыр:
- 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы;
- спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты қолдау.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, шамамен 16 млн гектар егістіктен дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналған. 28 қазанда 15,9 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 99,2 пайызы жиналды. Нәтижесінде 26,9 млн тонна астық бастырылды.
Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3,7 млн тонна майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп (226,3 центнер/га) және 3,8 млн тонна көкөніс (297,3 центнер/га) алды. Оның ішінде 497,5 мың тонна қырыққабат (333,4 центнер/га), 1058,5 мың тонна пияз (429,9 центнер/га), сондай-ақ 387,7 мың тонна сәбіз (283 центнер/га) бар.
Қазіргі таңда елімізде 8,4 млн адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл халықтың 41,4 пайызын құрайды. Осы орайда спорт жне туризм министрлігінің мақсаты – аталған көрсеткішті 2029 жылға қарай 50 пайызға жеткізу.
Бүгінде елімізде спорттық инфрақұрылымды дамытуда оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 2024 жылы 90 спорт нысаны (61- ауылда,29 – қалада) салынса, биыл 32 нысан (27-ауылда, 5-қалада) пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады.
Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 33,2 млрд теңгеге төрт нысанның құрылысы басталды. Олар мыналар:
- Астанада Мұңайтпасов атындағы стадион;
- Алматы облысы Жалаңаш ауылында спорт кешені;
- Ақмола облысы Зеренді ауылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебі;
- Көкшетауда көпфункционалды кешен.
Айта кетейік, Үкімет отырысы қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.
Отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Ал бспасөз конференциясының тікелей таратылымын YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде көре аласыздар.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыға түсті. Сол кезде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі электр энергиясының тапшылығын жоюға арналған жоспарын таныстырды.
Оның дерегінше, 2026 жылы шамамен 2 600 МВт қуат көзін, оның ішінде жиынтық қуаты 174 МВт болатын жаңартылатын энергия объектісін қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл нысандар Алматы (544 МВт және 557 МВт), Текелі (17 МВт), Атырау 59,6 МВт қалалары мен Қызылорда (240 МВт), Түркістан (1000 МВт) облыстарында іске қосылады.
- 2027 жылы қуаты шамамен 1 500 МВт, оның ішінде қуаты 573 МВт болатын жаңартылатын энергия объектісін іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылы 2 000 МВт-тан астам қуат көзін, оның ішінде 245 МВт жаңартылатын энергия объектісін іске қосу жоспарда бар. Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін жауып, энергия жүйесін профицитпен қамтамасыз ету күтіледі. Бұл елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Ерлан Ақкенженов.
Ал «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Алматыдағы ЖЭО-ларды газға ауыстыру қашан аяқталатынын айтты.
Оның мәліметінше, Алматы жылу электр орталықтарын (ЖЭО-2 және ЖЭО-3) газға ауыстыру жұмыстары бекітілген кестелерге сәйкес жүріп жатыр.
– Мұндағы екінші жылу электр орталығын 2026 жылғы қыркүйекте пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал үшінші ЖЭО-ны 2026 жылғы желтоқсанда пайдалануға береміз. Аталған жобалар елдің оңтүстігін энергиямен жабдықтау ахуалын жақсартып қана қоймай, Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартады, - деді «Самұрық-Энерго» басшысы.
Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы электр энергиясын беру желілерін тексеру жүйесіне өзгеріс енгізілетіндігін мәлімдеді.
- Электр энергетикасын дамыту мен цифрландыру энергияны өндіру, бөлу және тұтыну тиімділігін арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесе Цифрлық трансформация картасын бекітті. Ол Smart Grid, цифрлық егіздер, мониторинг жүйелері және жасанды интеллектіге негізделген болжау технологияларын енгізу кезеңдерін айқындайды. Энергетика саласында қосалқы түрлерімен бірге 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олардың 99 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады. 2027 жылға қарай нысандардың 50 пайызы цифрлық мониторингпен қамтылып, саланың негізгі процестері автоматтандырылатын болады. Ескі рәсімдердің заманауи технологиялармен алмастырылуы - реинжинирингтің бір мысалы. Жаңа шешімдер адами факторды азайтып, дәлдік пен қауіпсіздікті арттырады, - деді Ж. Мәдиев.
Талқыланған мәселені қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет мақсаты энергетикада және жалпы экономикада шынайы әрі сапалы өзгерістерге қол жеткізу екенін баса айтты.
- Энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта беретін болады. Электр қуаты жаңа өнеркәсіп орындарын, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту үшін қажет. Ал, ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуға тиіс. Сондықтан біз атом энергетикасына баса мән беріп отырмыз. Жоспарланған барлық энергетикалық жобаларды уақтылы іске асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, соның ішінде энергияны жинақтау жүйелерін және гибридті электр станцияларын іске қосу қажет, - деді Олжас Бектенов.
Осы орайда Үкімет басшысы Энергетика, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктеріне, «Самұрық-Энерго» мен «KEGOC» компаниясына нақты мынадай тапсырмалар берді:
Бірінші, Энергетика министрлігі осы жылдың соңына дейін 250 Мегаватт, ал келесі жылы 2,5 Гигаватт энергия қуатын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс. Қолданыстағы станциялардың қыс мезгіліндегі жұмысын тұрақты бақылауда ұстау қажет.
Екінші, Энергетика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін» құру және оған қолдау көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдауі керек. Аталған жүйе онлайн-мониторинг арқылы энергетикалық нысандар жұмысының сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Үшінші, «Самұрық-Энерго» компаниясы келесі жылдың наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтауі тиіс. Бұл ретте ауаны ластайтын зиянды қалдықтар бойынша заманауи экологиялық стандарт нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет.
Төртінші, «KEGOC» компаниясы Батыс энергетикалық аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу жұмысын жеделдетуі шарт. Бұл жоба Қазақстанның энергетикалық жүйесін байланыстырып, оның дербестігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тездетсек те, сапасы болу керек.
Бесінші, Энергетика, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері 2026 жылдың соңына дейін Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосып, отын-энергетика кешенінде инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторының жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.


