Қазіргі таңда киберқылмыс – бүкіл әлемді алаңдатып отырған ең қауіпті қатерлердің бірі. Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударып, киберқылмыстардың алдын алуға арналған барынша интеллектуалды жүйе құру қажеттігін айтуы – өте өзекті әрі уақтылы көтерілген бастама.
Цифрландыру дәуірінде алаяқтықтың жаңа түрлері, деректерді заңсыз пайдалану, онлайн қаржылық қылмыстар күн санап көбейіп келеді. Мұндай жағдайда дәстүрлі әдістермен күресу жеткіліксіз екені анық. Сондықтан интеллектуалды, заманауи технологияларға негізделген жүйе құру – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.
Мемлекет басшысының қажет болған жағдайда заңнамаға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізу жөніндегі тапсырмасы да – батыл әрі маңызды қадам. Себебі киберқылмыс заңнан жылдам дамып келеді. Ал заң уақытында жаңарып отырмаса, қоғам қорғансыз күйге түсуі мүмкін.
Бұл бағыттағы кешенді жұмыс азаматтардың жеке мәліметтерінің қорғалуын күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы цифрлық мәдениетті қалыптастыруға, интернет кеңістігін қауіпсіз етуге жол ашады. Сонымен қатар бұл қадамдар мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтуға да тікелей әсер етеді.
Қорытындылай келе, Президенттің киберқауіпсіздікке қатысты бастамасы – тек құқық қорғау саласына ғана емес, тұтас елдің тұрақтылығы мен қауіпсіз болашағына бағытталған стратегиялық шешім деп бағалауға болады.
Айжұлдыз Ердаулет



