Халықтың сенімі – ел дамуының кепілі

  Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жүргізген сауалнамасы елдің қазіргі ахуалы мен халықтың көңіл-күйін айқын көрсетіп тұр.

Мен өзім мұғалім болғандықтан, әсіресе білім саласына қатысты өзгерістерді ерекше байқаймын. Соңғы жылдары ауылдық және қалалық мектептердің салынуы, жаңартылуы – үлкен жетістік. Бұл тек ғимарат қана емес, жаңа мүмкіндік, жаңа деңгейдегі білім деген сөз. Балалардың тең дәрежеде сапалы білім алуына жағдай жасалып жатқаны бізді қуантады.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын да халық жылы қабылдады. Әр ата-ана баласының болашағына алаңдайды, ал осындай бастамалар халықтың сенімін арттырады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі біз сияқты ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы болды. Бұрын бір анықтама алу үшін ұзақ кезекте тұратынбыз, қазір үйден шықпай-ақ ала аламыз. Бұл – нақты реформа нәтижесі. Зерттеуде айтылған жастардың оптимизміне де толық қосыламын. Шынында да, бүгінгі жас буын мүмкіндігі мол заманда өмір сүріп жатыр. Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту бағыттары да айқын көрініп келеді. Жастар кәсіппен айналысуға, жаңа технологияларды меңгеруге құлшынып отыр.
     Иә, халықтың Президентке деген сенімі мен елдің даму бағытына қатысты оптимизмі – бос сөз емес. Біз күнделікті өмірімізден осы өзгерістерді көріп жүрміз. Еліміз дұрыс бағытта келе жатқанына сенімдімін, әрі бұл сенім бізге болашаққа нық қадам басуға күш береді.

    Нұрбақыт Забыханова, мұғалім

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT