Әке арманын орындаған ару

Тәртіп сақшысы болу үшін өзің де темірдей тәртіпке бейімделген, өзгеге талап қоя білетін, керек жерінде қатал бола алатын тікмінезділік қажет. Ал осы міндетті нәзік жанды қыз бала мойнына алса ше? Жақсы полиция қызметкері шығар ма? Оған аудандық полиция бөліміне бара қалсаңыз көз жеткізесіз. Мұнда ер-азаматтармен бірге аудан халқының тыныштығын күні-түні қас қақпай күзетіп жүрген қаршадай қаракөздерді көруге болады. Солардың қатарында бөлімнің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Інжу Қалиева да бар. Інжу Төреханқызы – «Ақындар ауылы» атанған Ақкиізтоғайдың түлегі. 1990 жылы ауылдағы №10 орта мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршін қыз 11 сыныпты бітірісімен Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. 2014 жылы сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің ювеналды полиция тобының жасөспірімдер инспекторы болып полициядағы алғашқы еңбек жолын бастайды. 2018 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысып, бұл міндетті де абыроймен атқарып келеді.

- Өзім көп балалы отбасынан шыққанмын. Әкем Төрехан Қалиев пен анам Айсұлу Шақпақова бес бала тәрбиелеп өсірді. Барлығы да әр салада еңбек етіп жүр. Соның ішінде әкем мені қыз бала болсам да кішкентай кезімнен «полиция қызметкері болады» деп тәрбиелеп өсірді. Мені «капитан» деп еркелететін. Бүгінде сол асқар тауымның арманын орындап, аудандық полиция бөлімінде полиция капитаны шенінде қызмет атқарып жүрмін,-дейді кейіпкеріміз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз рас та, бүгінде учаскелік полиция инспекторының өзі де «Күміс алқалы» көп балалы ана.

2002 жылы дәм-тұзы жарасып өзі секілді көп балалы жанұядан шыққан Бақытжан Жайжан есімді азаматпен отау құрып, өмірге үш ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіруде. Балаларының алды Ақтөбе қаласында студент, соңғы курста білім алып жатса, ең кенжесі 7 сыныпта оқиды. Осы перзенттерінің ішінен 10 сыныптағы ортаншы ұлы Бекәділ заңгер мамандығына оқуға түсіп, анасының жолын қуып, полиция қызметкері болуды армандап жүр екен.

- Жолдасым Бақытжан Нұржауұлы «Казпетротранс» ЖШС-інде жүргізуші болып еңбек етеді. Өмірімде отбасым мен осы Құдай қосқан қосағымның қолдауы үлкен рөл атқарады. Әрине, жұмысқа байланысты қиындықтар кездесіп тұрады. Сондай сәтте жан жарым жанымды түсініп, қолдағанда, балаларым алдымнан жүгіріп шыққанда бәрін ұмытып кетемін. Осылайша қызметте темірдей тәртіптің тізгінін нық ұстаған полиция капитаны болсам, үйге келгенде шынайы әйел бақытын сезінген, нәзік жанды мейірімді де аяулы анаға айналамын. Ендігі басты мақсатым: әке арманының ақ туын асқақ ұстап, антыма адалдық танытып, елге қызмет етіп, халықтың тыныштығын күзету. Қызметтегі басты міндетім: қоғамдық тәртіпті қадағалау, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау, қылмыстың алдын алу, болдырмау, және заң талаптарын қатаң сақтау. Хоббиім де өте көп, балаларымның анасы болғасын демалыс күндері дәмді тағамдар әзірлеп, жолдасымның, ұл-қыздарымның көңілін табуға тырысамын. Арасында ән айтқанды да ұнатамын! Спортқа да жақынмын десе де болады, көбіне жаяу жүріп, жүгірген ұнайды,-дейді полиция капитаны ағынан жарыла.

Иә, біз де халқының амандығы мен ел ертеңіне кәсіби тұрғыдан да, аналық та ақ тілегін ақтарған капитан қызымызды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, деніне саулық, отбасына бақ-береке, қызметіне тек қана абырой тіледік.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT