2024 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметке елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі түрде жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар стратегиялық міндеттер жүктеген болатын.
Бүгінде бұл міндеттер қарқынды жүзеге асырылып, нақты жобалар қолғаалынып, жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының бұл жолдауында аталған стратегиялық міндеттер елдің экономикалық дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тікелей ықпал етеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар туралы баяндаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов атапөткендей, негізгі мақсат:
- Елдің экономикалық өсуі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға негіз болатын сенімді және заманауи энергетикалық жүйе құру. «Электр энергетикасы мен жылумен жабдықтаудағы басты міндет қуат көздерін арттыру және сенімді инфрақұрылым қалыптастыру үшін жүйелі жаңғырту жұмыстарын жүргізу», - деді министр.
Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы бес жылда 14 ГВт жаңа қуат көзі іске қосылады.
Ал Министрдің айтуынша, соңғы екі жылда оның 1,3 ГВт-ы пайдалануға берілген:
- «Биыл тағы 622 МВт іске қосылады, ал 2026 жылға қарай шамамен 2 700 МВт-ты іске қосу жоспарланған. Осы мақсатта жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ал Қызылордада қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО салу жұмыстары жүргізілуде», - деді Ерлан Ақкенженов.
Қорыта айтқанда, елімізде қолға алынған осындай ауқымды жобалар энергетика саласының болашағын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Президент жүктеген стратегиялық міндеттердің орындалуы – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, экономиканың тұрақты өсуіне де ықпал етпек. Жаңа қуат көздерінің іске қосылуы өндіріс орындарының мүмкіндігін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Сонымен қатар, сенімді әрі заманауи инфрақұрылымның құрылуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге негіз болады. Демек, энергетика саласындағы жүйелі жаңғырту – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басты тіректердің бірі.
Мұрат Жұмабаев, Ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары