Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда Атом электр станциясын салудың артықшылықтарын айтты.
"Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін артықшылықтар бар. Оған күш-жігеріміз жетеді. Қазақстан табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын алады. Ядролық отын компоненттерінен өз өндірісіміз бар. Елімізде уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Олар бүгінде Қытайда пайдаланылып немесе салынып жатыр. Сондай-ақ, ядролық отынның белсенді өндірісі басталды", - деді Ақшолақов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, елімізде атом өнеркәсібі мен ғылым саласында 24 мыңға жуық адам еңбек етеді.
"Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша үш мыңға жуық кадр даярланды. Кейінгі аптада екі ел басшысы Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында осы салаға кадрлар даярлау жөніндегі меморандумға қол қойды", - деді министр.