Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі геоэкономикалық жағдайда инвестиция үшін жаһандық бәсеке күшейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
Шынында да, әлемдік капитал ағыны бүгінгі таңда тек қаржылық мүмкіндік емес, сонымен бірге елдердің стратегиялық артықшылығын айқындайтын факторға айналды. Осындай кезеңде Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңді бастауға дайын болу қажеттігін нақты көрсетті. Менің ойымша, Президенттің қазіргі инвестиция тарту саясаты жеткілікті деңгейде тиімді емес деген пікірі – өте орынды сын. Себебі елімізге келетін капиталдың басым бөлігі әлі күнге дейін шикізат секторына бағытталуда. Әрине, бұл салалар үшін инвестиция қажет әрі олардың ұлттық экономикадағы рөлі зор. Дегенмен әлемде жасанды интеллект, биотехнология, жасыл энергетика, роботтандыру сияқты жоғары қосылған құнды өндірістер қарқынды дамып жатқанда, бізге де экономиканы әртараптандыруға батыл қадам қажет. Президенттің өңдеу өнеркәсібіне көбірек инвестиция тарту қажет деген тапсырмасы – еліміздің болашағы үшін стратегиялық қадам. Өңдеу саласы дамымай, Қазақстан ешқашан индустриялық тұрғыдан қуатты мемлекетке айналмайды. Бұл жерде Үкіметтің инвестициялық мемлекеттік саясатына мүлдем жаңа көзқарас керек екені айқын. Инвестор үшін тартымды, бірақ елдің стратегиялық мүддесіне сай келетін орта қалыптастыру – ең маңызды міндет.
Мен үшін ең қызықты ұсыныстардың бірі – жоғары технологияларға бағытталған инвестицияларға жеңілдіктер беру мәселесі. Бұл тек қаржылай қолдау емес, сонымен қатар Қазақстанның инновацияға деген нақты саяси ерік-жігерінің белгісі болар еді. Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттілік технологиялық дамумен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің айтқан бағыты – уақыт талабы.
Бурабай Аймұрат, қала тұрғыны


