Сыбайлас жемқорлық - мемлекеттік институттардың тиімділігіне, экономикалық өсімге және азаматтардың билікке деген сеніміне тікелей әсер ететін маңызды қауіп. 2025 жылы Қазақстанда бұл мәселеге қатысты бірқатар саяси шешімдер, құрылымдық реформа, құқықтық жаңартулар және практикалық шаралар қабылданды. Үстіміздегі жыл ел тарихындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа кезеңі ретінде бағалануда. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Жемқорлықтың пайда болуына бірнеше себеп әсер етеді. Біріншіден, мемлекеттік бақылау жүйесінің әлсіздігі мен жауапкершіліктің төмендігі заң бұзушыларға жол ашады. Екіншіден, экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік тұрақсыздық азаматтарды парақорлыққа итермелеуі мүмкін. Үшіншіден, құқықтық мәдениеттің төмендігі мен “сыйлық” ұғымын дұрыс түсінбеу де сыбайлас жемқорлықтың бір көзіне айналады.
Жемқорлықтың алдын алу үшін кешенді шаралар қажет. Заңнаманы қатаңдату, барлық мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейту – тиімді тетіктердің бірі. Сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, адалдық, әділдік құндылықтарын дәріптеу - сыбайлас жемқорлықпен күрестегі маңызды бағыт.
Қазіргі таңда көптеген елдер сыбайлас жемқорлықпен күресте цифрлық технологияларды белсенді қолдануда. Электронды үкімет жүйесі, онлайн-төлемдер, цифрлық құжат айналымы - адам факторының араласуын азайтып, ашықтықты арттырады. Қазақстанда да мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматқа көшірілді. Бұл азаматтар үшін уақыт үнемдеп қана қоймай, лауазымды тұлғалармен тікелей байланысуды азайтады. Әрбір қызметтің электронды түрде тіркелуі мен бақылануы жемқорлыққа жол бермеудің тиімді құралына айналуда. Сонымен бірге тәрбие мен білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды. Жас буынға парасыз еңбек ету, адал болу - тек жеке қасиет емес, ел болашағы үшін қажетті құндылық екенін түсіндіру қажет. Себебі ертеңгі қоғамды қалыптастыратын да - бүгінгі жастар.
Жемқорлықпен күрес - бір күндік іс емес. Бұл - үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс. Әр азамат өзінің әрекетімен қоғамның дамуына үлес қосатынын сезінуі тиіс. Адал еңбек, парасатты көзқарас пен жауапкершілік болған жерде ғана демократиялық принциптер нығайып, мемлекет өркендейді.
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежейтін қауіпті құбылыс.Ол қоғамды іштен ірітіп, әділетсіздікке, сенімсіздікке алып келеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес - тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ борышы. Адалдық, әділдік және ашықтық қағидаларын ұстану арқылы ғана біз жемқорлықсыз, дамыған қоғам құра аламыз.
Венера Базарова,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы



