Қазақстан Республикасының «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты қаржы журналистикасының онлайн мектебі биыл да ерекше белсенділікпен өтті. Қатарынан 5 жыл үзіліссіз өтіп келе жатқан бұл шара ел азаматтарының қаржылық сауаттылығын арттыруды, зейнетақы жүйесіндегі жаңа үрдістер мен заңнамалық өзгерістерді кеңінен түсіндіруді мақсат етті. Екі күнге созылған іс-шараға еліміздің әр аймағынан 100-ден астам журналист, блогер және студент қатысып, кәсіби мамандардан тікелей білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кету керек, БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "ҚР екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды есепке алу мен есептеуді, нысаналы жинақтаушы төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен нысаналы жинақтаушы қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады.
Семинарда қор сарапшылары мен ҚР Ұлттық Банкінің өкілдері қатысушыларға әлем елдеріндегі зейнетақы жүйелерінің тәжірибесін, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс қағидаттарын, сондай-ақ БЖЗҚ-ның қызметі мен зейнетақы активтерін басқару тетіктерін жан-жақты түсіндірді. Тыңдаушыларға зейнетақы активтерінің нақты қайда және қалай инвестицияланатыны, тәуекел деңгейі мен ұзақ мерзімді стратегиясы, сондай-ақ жинақтарды сенімгерлік басқаруға беру тәртібі туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды. Инвестициялық портфельді басқарушыны дұрыс таңдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл тақырып қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырып, мамандар оған кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, әлемдегі зейнетақы жүйелерінің түрлері мен негізгі түсініктері, демографиялық трендтердің зейнетақымен қамсыздандыруға әсері мен Қазақстандағы зейнетақы жүйесі, одан бөлек, БЖЗҚ қызметі туралы сөз сөйлеген стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары А. Жексембай:
-Қазақстандағы халықтың демографиялық құрылымының өзгерістеріне келетін болсақ, еліміздегі жұртшылықтың қартаю факторларын алғашқы болып айтатын едік. БҰҰ 2050 жылға қарай туу коэффициентінің 2,80-нен 2,39-ға дейін төмендейтінін болжап отыр. Ал өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы 1996 жылдан бастап орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 2024 жылы 75,4-ке дейін өскені анықталды. Десек те, халық құрылымында қарт адамдар үлесі толассыз өсетін болады. Мысалы, 60 жас және одан үлкен жастағы адамдардың үлесі ағымдағы 13,9%-дан 2050 жылға қарай 18,8%-ға дейін өспек. Бұл ретте еңбекке қабілетті жастағы адамдардың 65-тен жоғары жастағы адамдарға ара қатынасы 1,5 есе төмендейді. Ал бұл, яғни, өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы «defined benefits» типіндегі зейнетақы жүйелері бойынша міндеттемелердің өсуіне әкеледі. Әлемде зейнетақы жүйесінің тек екі классикалық типі бар. Олар: таратушы және жинақтаушы. Әр ел халықтың демографиялық құрылымына, экономикалық даму және әлеуметтік саясат деңгейіне қарай осы типтердің қандай да бір комбинациясын немесе шартты-жинақтаушы немесе балдық жүйелерді пайдаланады. Бүгінде дүниежүзілік банк ұсынымдарына сай көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі 6 деңгейден тұрады. Олар: 0-деңгей – табысы төмен тұлғалар үшін базалық мемлекеттік зейнетақы. 1-деңгей – мемлекеттік міндетті таратушы жүйе, 2-деңгей – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі, 3-деңгей – ерікті жинақтаушы зейнетакқы жүйесі, 4-деңгей – әлеуметтік қолдау бағдарламалары,-дейді сабақтың негізгі тұстарымен таныстырып.
Онлайн мектепте бұдан бөлек зейнетақы жүйесіне қатысты ақпараттық материалдарды кәсіби тұрғыда әзірлеудің қыр-сыры да сөз болды. Қор мамандары тақырыпты қарапайым әрі тартымды түрде беру жолдарын, нақты дереккөздермен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар БЖЗҚ-ға, ҚРҰБ-қа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қандай сұрақтармен жүгінуге болатыны, қажет ақпаратты қордың ресми сайтынан немесе YouTube арнасынан қалай тиімді табуға болатыны түсіндірілді. Бұл журналистер мен блогерлер үшін ресми мәліметті дұрыс пайдалану дағдысын қалыптастыруға зор мүмкіндік берді. Бұл ретте зейнетақы жинақтарынан төлемдер мен зейнетақы төлемдеріне салық салу мәселесі бойынша төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма басшысы Г.Ағайдарова:
- Салық кодексінің 321-бабының 9) тармақшасына сай жеке тұлғаның жылдық табысына оның табысының барлық түрі, соның ішінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері түріндегі табыс кіреді. Ал салық кодексінің 326-бабына сай салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа БЖЗҚ салық төлеушілердің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан, одан бөлек зейнеткерлік жасқа толған және ҚР шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткен Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғаларына біржолғы төлем түрінде жеке тұлғаларға жүзеге асыратын төлемдер жатады,-дейді өз сөзінде.
Шара барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар тақырыптың өзектілігін айқын көрсетті. БЖЗҚ мамандары дәріс беру барысында мектепке қатысушылардың күрделі қаржылық көрсеткіштер мен статистикалық деректерді жеткілікті түсінулеріне көмектесіп, зейнетақы төлемдері мен жинақтар төңірегіндегі түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңестерімен бөлісті. Студенттер зейнетақы жүйесіндегі соңғы жаңалықтар, салық салу тәртібіндегі нюанстар, төлем түрлері, болашақта енгізілуі мүмкін өзгерістер жөнінде кеңес алды. Қазақ және орыс тілдерінде өткен шеберлік сабақтары ақпараттың қолжетімділігін арттырып, тыңдаушылардың білімін тереңдетуге ықпал етті. БЖЗҚ басшылығы курсқа қатысқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, семинар барысында алынған білім олардың әрі журналист, әрі болашақ зейнетақы салымшысы ретінде үлкен пайдасын тигізетініне сенім білдірді. Қор өкілдерінің айтуынша, қаржылық сауаттылық деңгейінің артуы – жалпы қоғамның экономикалық қауіпсіздігін күшейтетін маңызды фактор. Сол себепті мұндай оқыту бағдарламалары ұйымдастырушылар сөзінше алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



