Қарапайым мамандық – қадірлі мамандық

Қазіргі заманда түрлі салада сұранысқа ие болатын мамандықтар көп.

Соның ішінде жұмысшы мамандықтар — экономиканың негізін құрайтын, қоғамның күнделікті өмір сүруіне тікелей ықпал ететін маңызды сала. Жұмысшы мамандықтары — бұл тек қана қол еңбегімен айналысатын адамдар емес, бұл – кәсіби шеберлік пен тәжірибені, жауапкершілікті, төзімділікті талап ететін еңбек иелері.

Қазақстанда соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білімге деген көзқарас өзгеріп келеді. Ел экономикасын әртараптандыру, индустрияландыру мен өндірісті дамыту бағытында жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артып отыр. Электрик, дәнекерлеуші, құрылысшы, механик, жүргізуші, аспаз, тігінші сынды мамандарсыз елестету мүмкін емес. Бұл мамандықтар тек қана жұмыс орны емес, сонымен қатар адамның өз ісінің шебері болуына, қоғамға нақты пайда әкелуіне жол ашады.

Жастар арасында жоғары білім алуға ұмтылыс басым болғанымен, жұмысшы мамандықтардың болашағы жарқын екенін уақыт көрсетіп отыр. Қазіргі таңда кәсіби-техникалық колледждер білікті кадрлар даярлап, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін де тиімді шешуде. Кейбір жағдайда жұмысшы мамандардың табысы жоғары білім алған қызметкерлерден де артық болуы мүмкін. Бұл олардың еңбегінің қаншалықты бағалы екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, бұл мамандықтар адамның нақты нәтижеге жетуіне жол ашады. Мысалы, құрылысшы салған үй, электрик жөндеген жүйе, аспаз әзірлеген тағам — бәрі де көзге көрінетін нақты еңбек. Мұндай еңбектің қоғамдағы құндылығы орасан зор. Жұмысшы мамандығы — бұл ұят емес, керісінше мақтаныш болуы керек.

Қорытындылай келе, жұмысшы мамандықтар – қоғам тіршілігінің қозғаушы күші. Еліміздің дамуы үшін әрбір мамандық иесі өз ісіне адал, шебер әрі табанды болуы қажет. Осы орайда, жастарды техникалық және жұмысшы мамандықтарға қызықтырып, оларға дұрыс бағдар беру — мемлекеттің және әрбір ата-ананың, ұстаздың маңызды міндеттерінің бірі деп ойлаймын.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT