Орталық кітапханада өткен “Қанат қақты қос қызың жыр әлемге” атты шығармашылық кеш болып өтті. Өнерге құштар жастардың жүрегіне жаңа дем берген ерекше рухани шараны “Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл шара аудан жұртшылығын, ақындарды, оқырмандарды бір арнаға тоғыстырды. Кештің басты кейіпкерлері тағдырдың талай сынын еңсерген, бірақ өнерден қол үзбеген, үнемі ізденіс үстіндегі қос талант иелері: Айымхан Шәрібайқызы мен Рысгүл Орынбасарқызы.
Жыр кешінде қос қыздың жүректен шыққан өлеңдері мәнерлеп оқылып, тыңдармандарын бірде ойландырса, бірде ерекше шабыт сыйлады. Ауданның қалам ұстаған азаматтары да өз тілектерін айтып, рухты арулардың өнеріне сүйсіне қарады. Бұл кеш олардың өмір жолындағы үлкен жауапкершілік пен жаңа белестің бастауы екені айқын аңғарылғандай.
Айымхан Шәрібайқызы Қарақалпақстанның Тахиаташ қаласында дүниеге келіп, 2013 жылы Құлсарыға қоныс аударған. Бала кезінен білімге құштар, алғыр талант иесі математика мен әдебиетті ерекше сүйіп оқыған. Жоғары оқу орнына баруды армандағанымен, денсаулығына байланысты ыңғайлы бағыт таппаса да ақын қыздың рухы сынбады.
Айымхан өзін тоқтатпайтын, алға жетелейтін жігердің иесі екенін дәлелдеді. Ол онлайн білім ала отырып, бірнеше саланы игеріп, өзін жан-жақты дамытты. Бүгінде Айымхан жеке аудиокітап арнасын жүргізіп, оқырманға рухани азық болар құнды дүниелер ұсынады. Өлең өлкесіне 5-сыныпта қадам басқанымен, шын мәнінде шабыттың шынайы есігін соңғы жылдары ашты. Әлеуметтік желідегі айтыскер, ақын жандармен пікір алмасып, айтыса жүріп, сөз өнерінің қыр-сырын үйренді. Талантына дәл сол орта қанат бітіріп, қаламының ұшталуына себепкер болды.
Рысгүл Орынбасарқызы бала күннен өмірдің сынағына мойымаған, қайсар мінезді, өнер мен спортты бірге алып жүрген ерекше жан. Мектепте білім алған кезеңінде-ақ Рысгүл аудандық және облыстық деңгейдегі үстел теннисі жарыстарында жүлделі орындарға ие болған. Жеңіл атлетика спорт түрінен ҚР чемпионатында жүлделі 1-орын иеленіп, 3-інші разрядты спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Аудан әкімі Ж.Қаражановтың табыстауымен параспортшы-2024 арнайы алғыс хатымен марапатталған.
2000-2024 жылдар аралығында Т.Байсырымов атындағы колледжде оқып, спорт бапкері мамандығын тәмамдап, қазіргі кезде аудандық мансап орталығы және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан жастар практикасы бойынша «Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа орналасып мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр. Рысгүл үшін өлең әлемі ішкі әлемінің сыры, жүректегі тілді жеткізетін көпір.
Қос қарлығаштың ортақ мінезі қайсарлық пен талпыныс секілді. Айымхан да, Рысгүл де тағдырдың тосын бұрылыстарын жеңе жүріп, өнер шыңына бет алған жандар. Екеуін біріктірген алға ұмтылу, талантқа адалдық, жүректегі үміт пен шығармашылыққа деген шексіз махаббат.
“Қанат қақты қос қызың жыр әлемге” атты кеш олардың қанатына қуат, жүрегіне сенім сыйлаған маңызды сәт болды. Әсерлі кештің соңы «Иранбақ» кафесінде ұйымдастырылып жайылған ақ дастарханда жалғасын тауып, өнерді бағалайтын жандардың шынайы ықыласы кештің сәнін одан әрі кіргізді. Жылыой топырағынан түлеп ұшқан қос таланттың шығармашылық сапары енді ғана басталды. Ендігі міндет – осы үмітті ұштап, қос қарлығаштың қанатына қуат беру. Ал олардың жырмен жарықтанған жолы алда әлі талай тыңдарманның жүрегіне шуақ сыйлары анық.
А.Ерденқызы
Арманыңа адал бол
Өз жүрегіңнен басқасына жүгінбе,
Сол жолыңнан еш уақытта сүрінбе.
Мейлі қарсы шықса-дағы адамдар,
Өз ойыңнан айныма да түңілме.
Жүрегің мен ақылыңды іске қос,
Қадамыңды нықтап бас та, жүрме бос.
Армандарға жол ашылған сәттерде,
Мүмкіндікті пайдаланып, жырға қос.
Бала күнгі арманыңа бол адал,
Солай ғана табылады бір амал.
Қиындықтар шешіледі қаласаң,
Екі ортада тұрса-дағы мың арал.
Арманның да адамға берері бар,
Оған қолын созғанның жетері бар.
Шын ниетпен қол жайып сұралған зат,
Алланың құлағына жетеді дәл.
Айымхан Ауесбаева
Жас ақынмын
Жас ақынмын кеудесінде от жанған,
Ой-өрісін өлеңменен жалғаған.
Өлі сөзге жан бітіргем бүгінде,
Бар сұрағым өлеңдерден табылған.
Өткенмін, өлең-жырдың майданынан,
Қаймықпай өте білгем қайғы-мұңнан.
Қанат жалғап, сөз өнерін тербетіп,
Жан дүниемді қара өлеңге байлағам.
Ақынмын әлемменен сырласа алған,
Өлеңмен және гүлдеп жайнаған.
Мұқағали, Абай сынды ақынның,
Мен жолдарын өлеңменен жалғағам.
Рысгүл Орынбасарқызы



