Қазақстанда қоғамда өзара жанашырлық пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Мейірімді Қазақстан» атты ауқымды әлеуметтік акция бастау алды. Бұл бастама азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, әсіресе жастарды игі істерге жұмылдыруды көздейді. Аталған жоба аясында аудандық Жастар ресурстық орталығы бірқатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, халықтың алғысына бөленді.
Акция шеңберінде орталықтың белсенді жастары қарттар мен зейнеткерлердің үйлеріне барып, тұрмыстық көмек көрсетіп, олардың көңілін көтеруге атсалысты. Игі істер арқылы жастар үлкендерге құрмет көрсетіп қана қоймай, мейірімділік пен адамгершіліктің жарқын үлгісін танытты.
Айта кетейік, «Мейірімді Қазақстан» акциясының әрбір он күні жеке тақырыптарға арналып жоспарланған. Атап айтқанда, жалғызбасты зейнеткерлерге қолдау көрсету, қарттар үйі мен балалар үйлеріне көмек беру, медициналық мекемелерде донорлық акциялар ұйымдастыру, жолаушыларды тегін үйлеріне жеткізу, бүлдіршіндердің арман-тілектерін орындау, сондай-ақ коммуналдық қызметкерлерге қолдау білдіру сынды қоғамдық маңызы бар бастамалар жүзеге асырылуда.
Жоба аясында «Birge Qadam» еріктілер тобы да белсенділік танытып, қарттар мен зейнеткерлерге көмек көрсетті. Атап айтқанда, еріктілер 100 жастағы Ұнзира Әбілғазиеваның үйіне барып, ауласындағы қарды тазалап берді. Жастардың бұл жанашыр ісіне разы болған кейуана ақ батасын берді. Сонымен қатар акция аясындағы челлендж барысында қаламыздың тазалығы мен көркеюіне күн сайын үлес қосып жүрген коммуналдық қызметкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Таңсәріден еңбекке кірісетін жұмысшыларға ерікті жастар ыстық шай мен бәліш ұсынып, еңбектеріне деген құрметін білдірді. Жастардың ықыласын сезінген еңбек адамдары ризашылықтарын айтып, алғыстарын жеткізді.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дана Баймағамбетова облыстық Жастар ресурстық орталығының тапсырмасына сәйкес акция аясында бірқатар маңызды шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл бағытта барлық аудандарда жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Жобаның атауы айтып тұрғандай, басты мақсат – мейірімділік танытып, айналаға жанашыр көзбен қарау. Жастарды қайырымдылыққа баулып, қоғамға пайдалы істерге жұмылдыру – біздің негізгі міндетіміз. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлердің қолдауымен белсенді жастар күннің суығына қарамастан еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ыстық шай таратты. Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаты Ризангүл Атинованың демеушілігімен тыл ардагерлеріне қуаныш сыйлауды жоспарлап отырмыз. Қуантарлығы – ауданымызда жастар қайырымдылыққа ерекше мән беріп, түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл – үлкен үміттің белгісі. Алдағы уақытта көптеген ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр,-деді орталық басшысы.
Акция барысында еріктілер тыл ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетті. Олар қариялардың үйлеріне барып, тәттілер мен естелік сыйлықтар табыстап, ізгі тілектерін білдірді.
Ерікті жас Сәбит Елемесовтің айтуынша, тылда еңбек етіп, елдің ең ауыр кезеңінде аянбай қызмет еткен ардагерлер – бүгінгі бейбіт өмірдің нағыз қаһармандары.
– Қариялардың ақ батасы мен жылы лебізі – біз үшін үлкен рухани байлық. Оларға құрмет көрсету – әрбір ұрпақтың қасиетті парызы. Осындай игі істер арқылы мейірімділік пен адамгершілік құндылықтары қоғамда одан әрі нығая түседі,-дейді ол.
Сонымен қатар жастар кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше отбасына азық-түлік себеттерін табыстап, қуаныш сыйлады.
Жалпы алғанда «Мейірімді Қазақстан» акциясы – қоғамдағы жанашырлық пен ізгіліктің айқын көрінісі. Мұндай игі бастамалар адамдар арасындағы сенім мен бірлікті нығайтып, жас ұрпақтың жүрегіне мейірім дәнін себері сөзсіз.
А.Махамбетова



