Ауданымызда ерекше бала тәрбиелеп отырған, асыраушысынан айырылған, жұмыссыз көпбалалы аналарға арналған “Қадам” жобасының үшінші легі басталды. Бұл – аналардың қоғаммен байланысын нығайтып, оларды жаңа ортаға бейімдеу мен кәсіпке баулу арқылы өмір сапасын арттыруды көздейтін бірден бір жоба. Биыл жобаға 500-ден аса өтінім келіп, оның ішінен 200 қыз-келіншек алғашқы кіріспе-семинарға шақырылды.
Иә, бүгінде бітпейтін тұрмыс-тіршіліктің соңына ілесіп, бала тәрбиесі мен отбасылық өмірден жеке өзіне уақыт таба алмай жүрген қыз-келіншектердің қоғаммен байланыс орнатуы мен еңбекке қайта оралуы қиынға соғып жатады. Олардың бірі декреттік демалыстан шығуға бата алмаса, бірі жаңа білімге қадам жасаудан жасқанады. Ал жоба осындай олқылықтың орнын толтырып, көпбалалы аналарға білім беру, сондай-ақ психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсетуде аянып қалмайды. Жоба арқылы нәзік жандылар кәсіп ашудың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, өз-өздеріне деген сенімділігін арттырып, сұранысқа ие мамандық иесі де атана алады. Алайда олардың саны шектеулі. Яғни оқуға, білуге, көруге талпынысы жоғары 50 қатысушы ғана 11 ай бойы бағдарлама аясында өз-өзін дамытып, кәсіпкерлік негізде дәріс алып, жан қалайтын жұмысын табуға мүмкіндік алады. Бұл жөнінде жоба басшысы Алмагүл Шудабаева:
-Мен де бір жылдары 14 жыл үйде отырған көпбалалы ана болдым. Сол уақыттары жұмысқа шығуға менде үлкен қорқыныш болды. Ал «Қадам» жобасы маған сондай қиын кезеңде келген идея еді. Құлсарылық қыз-келіншектерге арналған жобаны құруда әрине, «неден бастасам екен?», «қалай дамытамыз?», «қалай жүргіземіз?»деген сияқты түрлі сауалдың астында қалдық. Көпбалалы аналарға ұсынатын дүниеміздің ғұмырлы, сапалы болғаны қаладық. Сабақтың алғашқы семинарын психологияға негіздеуді де өзім қаладым. Осылайша жоба 2022 жылы жазылып, «Теңізшевройл» компаниясына ұсынылды. Және 2023 жылы қолдау тауып, сол жылы жұмысымызды бастап кеттік. Биыл ісіміздің жалғасын тауып жатқанына 3-ші жыл. Сұраныс өте жоғары. Инста-парақшамызда сұрақ жаудырып, жобаның басталар уақытын сарыла күтетін де қатысушыларымыз бар. Бұл біздің бастапқы мақсатымыздың орындалып жатқанының белгісі болар деп ойлаймын,-дейді жоба жөнінде ой өрбітіп.
Өткен демалыс күндері “Қадам” жобасының алғашқы сабағы өтті. Оған жобаның алғашқы кезеңінен өткен 50 ана қатысып, еліміздің бас қаласынан келген психолог-тренерден сабақ алды. Осылайша ауданымыздағы көпбалалы аналар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған, сондай-ақ асыраушысынан айырылған нәзік те мықты жандар жобамыздың алғашқы күндерінен бастап білім нәрімен сусындап, жаңа әлемнің есігін ашқандай бір серпіліп қалды. Психологиялық сабақтардан аналардың бірі өткен шақты еске алса, бірі жиналған мұңнан арылып үлгерді. Көңілге жаңа дем берген алғашқы тренингте көзге ерік бергендердің де қарасы көп болды. Олардың бірі - Саягүл Сағындықова. Еміс-еміс еске түскен бала шағын ойға алған ол көңілге жиналған өкпе-реніштің бәрін осы сабақта босаттым дейді.
-Алғашқы сабақтың өзінен үлкен әсер алдым. Жібере алмай жүрген сәттерді жіберіп, кешіре алмай жүрген жандарды іштей кешірдім. Алдағы уақытта жобадан үлкен үміт күтемін. Және өз-өзіме де сенім білдіремін. Иә, алғашында бұл жобаға қатысуға батылым жетпеді. Алайда өз қорқынышымды жеңіп, бүгінде қатысушылардың қатарынан табылғаныма өкінбеймін. Астанадан келген психолог-тренердің әр айтқан сөзі бізге жігер беруде. Ол балалық шақтан бойжеткен шаққа дейінгі уақыттарымызды медитация арқылы еске салып, жиналған мұңды моншақ жаспен шығарды. Жобаға қатысып жатқан қатысушылармен де бір отбасыдай араласып кеттік. Құдды бұрыннан таныс адамдарым сияқты. Тағдырлас аналар қаншама?! Олардың басынан кешкен түрлі қиындықтарын тыңдап, әйелдердің қай істе де, қай сынақта да сабырлы, мықты екеніне тағы да бір көзім жетті,-дейді алғашқы сабақтан алған толғанысын жасыра алмай.
Жоба ұйымдастырушыларының сөзінше бұл бағдарлама жыл сайын өткізілуі тиіс. Себебі жоба соңында өңірдің кәсіпкерлер саны артады. Бұл аудан әлеуетінің артуына да зор ықпал етеді. Өткен жылғы қорытындыға сүйенсек, жобадан кейін өз ісін дөңгелетіп кеткен жандар көп. Бұл жөнінде жоба жетекшісі Гүлмира Нұралықызы:
-Аналардың қоғаммен кері байланыс орнатуы тек олардың ғана емес, бүкіл отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Олар кәсіп ашуға ниеттенсе, демек ақша айналымын зерттеп, шығыс-кірістен де сауатты болады. Жолдастарына қаржылай көмектеседі. Өз ұнағанын алып, ұл-қыздарының да қалауын орындайды. Бізде өткен жылы Райна Қайыржанқызы деген қатысушымыз болды. Жоба аясында «бет әрлеу» мамандығын игерген ол өткен жылдың аяғы өз кәсібін ашып, шағын ғимаратқа орналасты. Аудан аруларының құлпырып жүруі үшін сапалы қызмет ұсынып жүрген ол бет әрлеуден бөлек, киімдерге этно бағытта суреттер салып, өзгеше рең береді. Сондай-ақ жоба барысында «СММ», таргет, мобилография, компьютерлік сауаттылық курстарын да жіті меңгеріп, заман ағымына сай жаңа мамандық иесі атанды. Сондықтан биыл да өз ісінің мықты мамандары шығады деп сенемін. Көпбалалы аналардың біздің жобаға жасаған алғашқы қадамдары өз нәтижесін берсе біз үшін үлкен жетістік,-дейді ол өз сөзінде.
«Қадамның» кезекті екінші семинары да жоғары деңгейде өтті. Онда психолог Сымбат Әбдрахманова “Түпсанамен жұмыс, қорқыныш және қағидалармен жұмыс жасау медитациясы” тақырыбындағы ауқымды сабақ өткізіп, қатысушылардың қызығушылығын одан әрі оята алды. Бұл сабақта көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар жұптық жұмыс жасау арқылы жобаға келу мақсатымен бөлісіп, отбасы мен бала тәрбиесіндегі тың мәліметтермен танысты. Үзіліс барысында сергіту ойындарын ойнап, ән айтып, би билеп, тәттіден ауыз тиіп те үлгерді.
Биыл сәуір айында басталған игі іс бір жылға созылып, сан емес сапаға жұмыс жасауды көздеп отыр. Сондықтан өтініш берген 500 әйелдің ішінен үздік деген 50 әйелді іріктеліп, олар 11 ай бойы білім алады. Қатысушылардың барлығы «СММ» мамандығын игеріп, 10 қатысушы ғана «аспазшы», «киім тігетін тігінші», «құрақ құрайтын тігінші», «бет әрлеуші», «шаш сәндеуші» мамандықтары бойынша сертификатпен марапатталады. Және өз кәсібін дөңгелетіп кету үшін қажетті құрал-саймандарға ие болады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ
“Қадамға” батыл қадам жаса!
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 177
