Кәсіби мамандарға сұраныс артпақ

Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде «Жас маман» жобасы аясында заманауи құралдармен жабдықталған «TECHNOLOGY & SERVICE» құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өтті.

Құзыреттілік орталықтың мақсаты - жаңа технологияларды дамыту, педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру. Wordskills талаптарына сай келетін кәсіби-сараптамалық қоғамдастықты қалыптастыру.
Салтанатты шараға аудан әкімі Халел Жамалов қатысты. Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Раушан Аманғалиқызы, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Санжар Тәттібеков және облыстық білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы ТжКОБ бөлімінің әдіскері Айнагүл Кабешовалар қатысушылар қатарынан табылды.

Колледж басшысы Марат Оразұлы салтанатты шара қатысушыларына және осы жоба аясында қолдау көрсеткен жандарға өз алғысын білдірді.
-2019 жылы үкімет тапсырмасы бойынша жастар жылына арналған «Жас маман» деп аталатын жоба басталған болатын. Атырау облысы бойынша 10 мемлекеттік колледж осы жобаға енсе, солардың бірі - С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі. Колледжде білім алушылар үшін қазіргі заман талабына сай инновациялық бағытта құрал-жабдықтар алынды. Ендігі оқу жылында Марат Оразұлы бастаған колледж ұжымына толағай табыстар тілеймін, - деді өз сөзінде Атырау облысы білім беру басқармасының бөлім басшысы Раушан Аманғалиқызы.

«Жас маман» жобасының негізгі мақсаты - колледждердің материалдық базасын жаңарту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Сондай-ақ, халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізу, әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру.
Осы ретте, материалдық-техникалық базаны заманауи технологиялармен жаңғыртуға байланысты ашылған құзыреттілік орталықтан: Мұнай және газ кен орындарын пайдалану, жергілікті магистральдық және құбырларды монтаждау, дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтары шығады. Одан бөлек, құзыреттілік орталығында 3 шеберхана ашылған. Олар: дәнекерлеу цехы, құбыр монтаждау цехы, және Ембімұнайгаз акционерлік қоғамына қарасты «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасы демеушілігімен салынған Мұнай газ саласы бойынша тәжірибелік оқыту полигоны.
Құзыреттілік орталық - өндірістік үрдіске сай инновациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: копьютерлік тренажерлар, диагностикалық планшеттер, 3Д техникалық модульдер, виртуалды дәнекерлеу машинасы, теңгергіш машина стенді секілді кешендерден тұрады.
Аталған құзыреттілік орталықтың іске қосылуы - колледж мәртебесін жоғарылатуға, жұмыс беруші серіктестер тарапынан түлектерге деген сұраныстарды арттыруға, білікті кадрларды даярлауға зор ықпал болмақ. Сондай-ақ, Wordskills кәсіби шеберлік конкурстарына қатысушыларды жоғары деңгейде даярлауға және бірыңғай білім беру ортасын құруға, кәсіпорын қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға мол мүмкіндік береді.


Айкерім ШАҒАТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT