Құлсары қаласындағы «ықшамаудандар мәселесі»- ауданымыздағы өткір мәселенің бірі. Мұнда сонау 80-жылдары салынған бес қабатты тұрғын үйлер орналасқан.
Бұл үйлердің жертөлелері тозығы жетіп тесілген кәріз құбырларынан аққан лас суларға толы. Ол аздай тұрғындар лас қоқыс қалдықтарын да осы подъездерге лақтыра салады. Кейбір адамдардың сана деңгейінің төмендігі салдарынан үйілген лас қалдықтар мен лас сулардан пайда болған күлімсі иіс көпқабатты үйлер тұрғындарына жайсыз тиюде.
Жақында аудан әкімдігі қалалықтардың бас ауруына айналған көпқабатты үйлердің жертөлелеріне тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізуге пәрмен берді. 1, 3, 5 ықшамаудандандарында орналасқан 86 көппәтерлі тұрғын үйдің жертөлелеріндегі лас сулар «Жылыойсу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күшімен құрғатылды. Оған су соратын агрегаттар жұмылдырылды. Тесілген кәріз құбырлары ауыстырылды. Сонымен бірге жертөлелер тұрғындар лақтырған қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Бұған дейін подъездерге сырттан кіретін шағын есікті бұзып, құлпын да әлдекімдер әлдеқашан қолды қылған еді. Жұмысшылар осы жерлерді қайтадан жөндеп, су жаңа кішкентай темір есіктер салып берді. Подъездерге бөгде адамдар кірмес үшін құлыптар салынды.
Осылайша көппәтерлі бес қатарлы үйлер тұрғындарына аудан әкімдігі игілікті іс жасады. Ендігі жауапкершілік - осы үйлердегі тұрғындардың еншісінде. Олар тазартылып, лас сулары құрғатылып, кәріз құбырлары жөнделген, ол аздай сыртына жаңадан темір есіктер салынған жертөлелерді күтіп ұстауға, қадағалап отыруға назар аударуға тиісті. Себебі жекеменшік үйлерге қайта-қайта жөндеу жұмыстарын жасау мемлекеттік мекемелерге оңай емес. Құлсары қаласы әкімдігі сол себепті осы үйлерде тұратын барша адамдарға құлаққағыс үндеу жариялапты.
«Құрметті жылыойлықтар! Жылыой ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың жаз айларында "Жылыойсу" КМК-мен Құлсары қаласында орналасқан 1, 3, 5 ықшам аудандарында орналасқан 86 көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері қоқыстан тазартылып, жиналған сулары алынып, кәріз су құбырлары ауыстырылды. Сонымен қатар, жертөлелердің есіктері ауыстырылып, апаттық жағдай орын алған уақытта тұрғындар хабарласатын арнайы ескертпелер орнатылды.
Қазіргі таңда, Құлсары қаласы әкімі аппараты мамандары және "Жылыойсу" КМК-нің қызметкерлері қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда, Құлсары қаласындағы көппәтерлі тұрғын үй иелеріне Пәтер иелерінің кооперативін (ПИК) құрып, тұрғын үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу қажет екені хабарланады» делінген онда.
Шындығында да көппәтерлі үй тұрғындары жекеменшіктері боп саналатын тұрғын үйлерін күтіп ұстауға көңіл бөлгендері жөн. Подъездерді әктеп, сырлап күтіп ұстауға, сантехникалық қызметпен қамтамасыз етуге, керек десеңіз шетелдегідей гүл өсіріп, жасыл желек отырғызып жайнатып қоюға әбден болады. Әркім өз туған жеріне отансүйгіштік сияқты биік сезіммен қараса қаламыз да көркейер еді.
С.БАҚТЫҒАЛИ