Жылыой ауданына 60 тонна қант әкелінеді

Нарықтағы тауар бағасының қымбатшылығы халықтың тұрмыс деңгейіне айтарлықтай әсер етті. Өйткені, адамдардың көпшілігінің тапқан-таянғаны күннен-күнге «көз ілеспес» жылдамдықпен өсіп бара жатқан азық-түліктен ауыспайды.

«Ас – адамның арқауы» десек те, қарапайым азаматтардың дәрумендері мол құнарлы тағамдарға қолы жетпеуге айналды. Өйткені бір ай бойы бел жазбай, тікесінен тік тұрып еткен еңбектерінің табысы күнделікті тағамынан артылмайды. Жалпы көкөністерді былай қойғанда, халық күнделікті ас мәзірінде тұтынатын ет, сүт, ұн, макарон өнімдерінің де бағасы күн санап аспандап барады.
Расында, қымбатшылық қыспағы кім-кімге де оңай тимеуде. Қарапайым халық өздерінің қазіргі жағдайын өткен ғасырмен салыстыра отырып, 90-шы жылдарға бір сәт ойша оралмай кете алмайды. Тек ол кезде халықтың қалтасында қаражаты болғанмен, дүкен сөрелерінде күні бүгінгідей самсап тұрған жүздеген тауар түрлері болмаған. Ал қазір жағдай керісінше, базарда не керектің бәрі бар, тек құнарлы тағамды алуға бәрінің бірдей жағдайы көтермейді. Бір сөзбен айтқанда пайдалы тағам түрлерін сатып алуға халықта ақша жоқ.
Дүкендерде азық-түлік бағасының аспандап тұрғаны жасырын емес. Тек мен емес, базар жағалаған жұрттың бәрінің айтатыны осы. Әсіресе, күнде өзіміз тұтынатын картоп, сәбіз, күнбағыс майы секілді өнімдердің құны шарықтап кеткен. Ет пен ұнды, қантты мүлдем айтпай-ақ қояйын. Біз өзге елдерден өндірілетін өнімдерді айтып тұрған жоқпыз. Мен атап өткен тағамдардың бәрі де өз елімізде өсіп шығады емес пе? Ендеше, ішкі өнімді қолжетімді бағада сатуға болады ғой. Жалпы жергілікті әкімдік бағаны қадағалауы керек. Құр базар аралап, мониторинг жүргізуден пайда бар ма? Тамақ бағасын қымбаттатуда кәсіпкерлер алдына жан салмай, жарысады келіп. Олардың бағаны не себептен қымбаттатып жатқанын тексеретін, себебін сұрап білетін кім бар? Қазір - өте қиын кезең. Халықтың әлеуметтік жағдайымен де санасу керек қой. Онсыз да құнарлы тамақтарды қысқарттық, қияр, қызанақ сынды көкөністер дастарханымыздан үзілгелі қашан ! Балаларымыздың оқуы, ай сайын үйдегі үлкен сырқат кісілерге алатын дәрі-дәрмегіміз бар. Өз уақытында өтеуге тиіс несиеміз тағы бар. Қарызсыз қазақ жоқтың қасы. Ал қазір бар табысымызды тамаққа жұмсап отырысымыз мынау. Мәселен, 50 мың теңгеге апталық тамағымызды шамалап қана алып қоямыз, - дейді Құлсары қаласы тұрғыны Д. Таңатарова.
Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған тұрғындардың бұл базынасы өте орынды. Күнделікті ішіп-жемінің өзін банк арқылы несиеге алып жүрген азаматтар ауданымызда жетіп артылады. Ал жауапты бөлім басшылары азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттамауы үшін аптасына екі рет аудан көлеміндегі сауда орындарын аралап, бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетіндерін айтады. Аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевпен қымбатшылық туралы әңгімелескен едік.
Мемлекет басшысы картоп, сәбіз сынды көкөніс өнімдерін егетін өңірлерде жер көлемін ұлғайтуға тапсырма беріп жатыр. Алайда, аталғандар ішкі өнім болып саналғанымен, біздің Жылыой жерінде бұл өнім түрлері өспейді. Біздің жерімізде өсетіндер: қарбыз, қауын, қияр, қызанақ сынды жеміс-жидектер мен көкөністер. Қымбатшылық тек біздің ауданда ғана байқалып тұрған жоқ, бұл барша Қазақстанда орын алып жатқан проблема. Қазір ғана дүкендердегі бағаны бақылап келіп отырмыз. Қымбатшылық байқалады. Үкімет бекіткен негізгі 17 тағам да қазір шекті бағасынан қымбатқа сатылып жатыр. Өйткені, кәсіпкерге тасымалдауы бар, басқасы бар, келетін жерінің өзінен қымбатқа келіп тұр. Заң бойынша кәсіпкердің тауарды 15 пайызға дейін көтеріп сатуға құқығы бар. Одан асып кетсе, әрине біз тиісті органдарды шақырып, шарасын алатын боламыз. Әзірге, ондай заң бұзушылықтар байқалмады. Ал қант мәселесіне келетін болсақ, ауданымызда өзге жерлерге қарағанда қант қоры жеткілікті. Тек бағасы қымбаттау. Сол бағаны арзандату мақсатында - тағы да 60 тонна әкелуге ұсыныс бердік. Ол бір айдың көлемінде жеткізілуге тиіс. Ал өткен жолы ауданға облыстан 12 тонна құмшекер бөлінген болатын. Айта кетейік, алдағы уақытта қант тапшылығы болмайды. Бірақ бағасы өседі. Жүргізілген мониторинг бойынша айта кетейін. Дәл қазір базардағы картоп бағасы - 200 теңге, сәбіз – 320 теңге, пияз – 250-ден, қырыққабат – 200 теңге, қант – 750 теңге, күнбағыс майы – 850 теңге, нан – 120 теңге, тауық еті – 1350 теңгеден сатылып жатыр. Ал апта сайын өткізілетін жәрмеңкелерде халық айтып жүргендей емес, базар бағасымен бірдей болмады. Яғни, 15 пайызға арзан болды, - дейді ол.
Мониторинг осылай дейді. Құзырлы орындар бұлай дейді. Не десе де бір ақиқаты - қымбатшылықтың халықты қос бүйірден қысып бара жатқандығы... Ал қымбатшылықтың салдарымен емес, себебімен күресу кімнің міндеті?


Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT