Құрбан айт – мұсылмандар үшін аса маңызды діни мейрамның бірі. Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі маусым айының 6, 7, 8-і күндеріне сәйкескеліп тұр. Айттың алғашқы күні, яғни аптаның Жұмасында Атырау облысыныңбарлық мешіттерінде таңғы сағат 6:30-да Айт намазы оқылатын болады. Міне, содан кейін күллі мұсылман елдері секілді Қазақстанда да Құрбан айт мерекесі басталады.
Айттың алғашқы амалы
Бұл ай - ислам күнтізбесі бойынша зұлхижжа деп аталады. Осы айдың алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Осы күндері атқарылатын амалдар – Алланың разылығына жетудің, тақуалық пен бауырмалдықты арттырудың жолы. Құрбан айтта жасалатын негізгі амалдар мыналар:
Таңда ерте тұру және ғұсыл алу
Құрбан айт күні ерте тұрып, тазаланып (ғұсыл құйыну – сүннет), таза киім киіп, әтір сеуіп, мешітке баруға дайындалу – сүннет амалдардан.
Айт намазын оқу
•Айт күні таң намазы оқылғаннан кейін мешітке барып, айт намазын оқу сүннеті орындалады.
•Намаздан бұрын, мешітке бара жатып «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһ, уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиллаһил-хамд» деп тәкбір айту сүннет.
Құрбандық шалу шарты
•Құрбан айттың ең негізгі ерекшелігі – мал шалу. Бұл – уәжіп (қажетті) амал.
•Шалынатын мал: қой, ешкі (бір адам үшін), сиыр, түйе (жеті адамға дейін бөлісуге болады).
•Құрбандық шалудың уақыты: айт намазы оқылғаннан кейін басталып, айттың үшінші тәулігінде күн батқанға дейін жалғасады.
Құрбан етін үшке бөлу – сүннет амал
•1 бөлігі – өз отбасына
•2 бөлігі – туыс, көрші, дос-жаранға
•3 бөлігі – мұқтаждарға, кедейлерге беріледі.
Туыстықты нығайтар күн
•Құрбан айт – бауырмалдық, кешірім, туыстық күні.
•Адамдар бір-бірін құттықтап, дұға жасап, риза қылып, араздықты кешіріп, қонақ шақырып, сыйлық беріп жатса – сауапты амалдардан болады.
Көбірек дұға, Құран оқу, садақа беру де - ізгі амалдың бірі.
•Құрбан айт – сауап есіктері ашылған күн. Осы күні көбірек:
•дұға ету
•Құран оқу
•тәкбір, зікір, истиғфар айту
•садақа, көмек көрсету – үлкен сауап.
Қосымша ескеретін жайт:
•Құрбандық шалу міндетті болу үшін адамның мал шала алатындай мүмкіндігі, ниетіжәне белгілі бір қаржылық деңгейі болуы керек (ниса́б мөлшері).
•Әйелдерге де құрбан шалуға болады, егер мүмкіндігі болса.
Кімге уәжіп, кімге міндетті емес?
Төмендегі шарттарды толық орындаған мұсылманға ғана құрбандық шалу міндетті саналады, яғни уәжіп болады:
1.Мұсылман болуы;
2.Ақыл-есі дұрыс болуы;
3.Балиғат жасына толған болуы;
4.Мал-мүліктің нисап мөлшеріне ие болуы:
•Бұл дегеніміз: қарызынан тыс артық мүлкі 85 грамм алтынға тең немесе соған барабар байлыққа ие адам. Бұл мөлшер пітір садақа беру шартындай есептеледі. Яғни өзі және отбасы үшін қажетті күнделікті шығындарынан бөлек артық қаражатқа ие болса, оған құрбан шалу уәжіп екен.
Кедей, қарызы көп, негізгі күнкөріс қаражатынан артық дүние-мүлкі жоқ адамдарға құрбан шалу міндетті емес.
Құрбандыққа жарайтын мал
Құрбандыққа жарамды мал түрлері:
•Қой, ешкі (бір адамға)
•Сиыр, түйе (бір кісіден 7 адамға дейін ортақ болып шалуға болады)
Малдың жасы:
•Қой – кемі 6 айлық, бірақ 1 жасар қойдай семіз болса жарайды
•Ешкі – кемі 1 жас
•Сиыр – кемі 2 жас
•Түйе – кемі 5 жас
Жарамсыз малдар:
•Соқыр немесе бір көзі көрмейтін;
•Ауруы қатты белгілі;
•Аяғы сынған немесе жүруі қиын,
•Құлағы немесе құйрығы түгелдей жоқ;
•Тістері түгел түсіп қалған;
•Аса арық, шүйкедей;
•Сақау немесе мүлде естімейтін мал.
Ниеті түзудің құрбаны кәміл
Ниет – жүректен шықса жеткілікті, бірақ дауыстап айту да сүннет: «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар! Осы малды Құрбан айт құрметіне, Алланың ризалығы үшін шалуға ниет еттім». Өз атыңыздан шалсаңыз, осыны айтасыз. Ал басқа біреудің атынан шалсаңыз, мысалы: «Бұл малды (Аты-жөні) атынан, Құрбан айт құрметіне шалуға ниет еттім» деу керек.
Қаласа адам еттің бәрін таратып жіберсе де немесе бәрін өзіне қалдырса да болады.
Ортақ мал шалудағы ниет ережелері (сиыр-түйе)
•Ортақтасқан 7 адам да мұсылман болуы,
•Әрқайсысы Алланың ризалығы үшін ниет етуі керек;
•Біреуі құрбан емес, тек ет алу үшін қосылса – бүкіл құрбан жарамсыз болады!
Құрметті Жылыойлықтар! Баршаңызды келе жатқан күллі исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін! Алла Тағала еліміз бен жерімізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Шалған құрбандық пенберген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!
Думан Балықшиев,
Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы,
Құлсары қаласы