Биылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым.
Әсіресе Мемлекет басшысының мына сөздері менің кәсіби өміріммен тікелей үндесіп жатыр: «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс».
Бұл сөздер тек ұран емес, нақты іс-қимылға шақыру деп білемін. Себебі қазіргі әлемде жасанды интеллект – экономиканың, ғылымның, білімнің, тіпті мәдениеттің де қозғаушы күші. Қазақстан осы бағытта өз орнын табуы үшін, ең алдымен, заңнамалық және институционалдық негізді дұрыс қалыптастыруы қажет.
Президент ұсынған Цифрлық кодекс дәл осы мақсатқа қызмет етпек. Мен өзім ІТ саласында жұмыс істейтін жас маман ретінде цифрландырудың еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін күн сайын сеземін. Қазір көп компаниялар өндіріс пен қызмет көрсету саласына жасанды интеллект элементтерін енгізіп жатыр. Бірақ бұл үрдіс әлі жүйеленген жоқ. Сол себепті Президенттің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі бастамасы – дер кезінде айтылған шешім.
Біздің елімізде талантты жастар көп. Олар түрлі халықаралық ІТ жобаларда жеңіске жетіп жүр, әлемдік компанияларда жұмыс істейді. Енді сол әлеуетті өз елімізде дамыту үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет. Президент айтқан жаңа министрлік – сол қолдаудың басты құралы болмақ деп сенемін.
Медет Гайдаров,
IT маманы