Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында елдің инвестициялық саясатын түбегейлі қайта қараудың қажеттігін атап өтіп, экономикалық дамудың жаңа бағытын айқындап берді.
Мемлекет басшысының «инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті» деуі – Қазақстан алдағы жылдары қандай экономикалық модельге сүйенетініне нақты бағдар беретін мәлімдеме.Президент айтқандай, Ұлттық қорды тек жинақтың құралы ретінде емес, ел ішіндегі келешегі бар жобаларды қаржыландыратын тұрақты даму институтына айналдыру – экономиканы әртараптандырудың маңызды қадамы. Бұл жаңа өндірістерді іске қосуға, жоғары қосылған құны бар өнімдерді арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен Мемлекет басшысы ең басты мәселенің бірі – бөлінген әрбір қаржының тиімді жұмсалуы екенін ерекше атап өтті. Тәуекелі төмен, қайта өтелуі жоғары, дәлелденген жобаларды қаржыландыру – негізгі талап. Халықаралық тәжірибесі бар сарапшылардың қатысуы осы процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестициялардың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Сыртқы кәсіби бағалау жүйесі қателіктердің алдын алып, қазақстандық мамандардың білігін көтеруге де ықпал етеді. Президенттің жоғары технологиялық салаларға бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы да қоғамда кең талқыланып жатыр. Өйткені бүгінгі әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштері – жасанды интеллект, биотехнология, жасыл энергетика және цифрлық өндіріс. Егер Қазақстан дәл осы салаларға капитал тарта алса, онда біз шикізат экспорттаушы елдердің қатарынан шығып, жоғары технологиялық өнім өндіретін мемлекетке айнала аламыз. Ең маңыздысы – осы бастамалардың барлығы ашықтыққа, жүйелілікке және нақты көрсеткіштерге сүйене отырып жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана Қазақстанның инвестициялық бейнесі түбегейлі жаңарып, экономика жаңа деңгейге көтеріледі. Президент ұсынған қадамдар – осы үлкен өзгерістің бастамасы.
Ардақ ДҮЙСЕНБАЕВА, қала тұрғыны


