Инклюзивті білім беру

Қоғамның шынайы өркениеттілігі мен мәдениеттілігі мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мен өмірге бейімдеу сапасының деңгейімен өлшенеді. Инклюзия тек ғимараттардың қолжетімділігі емес, ол әр баланың қоғам өміріне толық қосылуына бағытталған әдістемелік, әлеуметтік және мәдени трансформация.

Осы көзқарасты елеп, дамыту мақсатында облыстық Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен ауданда «Арнайы және инклюзивті білім беру: даму тенденциялары» атты облыстық форум өтті.

Форумның негізгі мақсаты - инклюзивті білім беру мен әлеуметтік-мәдени инклюзия құндылықтарын насихаттау, білім беру ұйымдарында инклюзивті білім берудің сапасын көтеру, сондай-ақ аудан педагогтеріне арнайы және инклюзивті білім берудегі үздік тәжірибелерді таныстыру болды. Күн тәртібіне қойылған тақырыптар мен практикалық сессиялар осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталды. Іс-шара ресми түрде Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары С.Аманшиеваның құттықтау сөзімен ашылып, форумға өңірлік және республикалық деңгейдегі педагог мамандар қатысты. Атап айтсақ, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Төрегалиева, аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.Қазиев, психология ғылымдарының кандидаты Н.Иманғалиева, сондай-ақ, Атырау облысы әкімінің мүгедектігі бар балалар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Г.Хусаиновалар қатысып, облыс төңірегіндегі ерекше балаларға арналған білім сапасының жай-күйімен пікір алмасты. Бұл ретте еліміздің бас қаласы Астана қаласынан арнайы келген №96 мектеп-гимназиясының директоры С.Теменова да көп жылдық еңбегін айта келіп, балалармен жұмыс жасаудағы тәжірибесімен бөлісті.

Форум соңында ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмысындағы кәсіби жетістіктері үшін өңір педагогтеріне марапаттар тапсырылды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары, Алғыстар, сондай-ақ Атырау облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды.

 Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT