Индер ауданында ауыл әйелдерінің аймақтық форумы өтті

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Ауыл» партиясы бастамасымен Индер ауданында "Ауыл әйелі: "Бірлік. Даму. Болашақ" тақырыбында ауыл әйелдерінің аймақтық форумы өтті. 

Аталмыш форумға Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан 100-ге жуық аналар мен қыз-келіншектер қатынасты.  Ауылдық жерлердегі әйелдердің ролін талқылау, олардың көшбасшылық әлеуетін нығайту. Әйел кәсіпкерлерді қолдау  және ілгерілету, экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлі құндылықтарын нығайту мақсатында ұйымдастырылған форум арнайы шерумен ашылды. Шеруді аталар мен әжелер мектебі бастап шықты. Ауданда орналасқан өндірістік мекемелер мен шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерден көрме ұйымдастырылды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев форумның ашылуымен облыс әкімдігінің атынан құттықтап өтті. 
«Бұл форум Форум жұмысына қатысушы Ұлттық комиссия мүшелеріне, Ауыл партиясына, Астана қаласы мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан арнайы келген қадірлі меймандарға Атырау облысы әкім атынан зор ризашылық білдіреміз.
Ауыл әйелінің бейнесі – ана, жар, ұстаз, кәсіпкер әрі еңбеккер ретінде еліміздің болашағы үшін маңызға ие. Сондықтан, бүгінгі форум – ауыл әйелінің мәртебесін арттырумен қатар, олардың идеялары мен ұсыныстарын ескеретін, нақты іс-шараларға негіз болатын алаң боларына сенеміз. Ауыл – біздің рухани түп-тамырымыз, дәстүр мен тәрбиенің бастауы. Ал әйел – сол ауылдың жылуын, берекесін, тірлігін сақтап отырған тірек. Бүгінгі форум аясында айтылған әрбір ұсыныс, бастама – тек ауыл әйелінің ғана емес, тұтас ауылдың, еліміздің болашағына салынған жол боларына сенемін» деді аймақ басшысының орынбасары Марат Бисенғалиұлы өз сөзінде.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы  Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі  ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сарсенбаева мемлекет тарапынан әйелдер қауымының мүддесі үшін ұланғайыр істер атқарылып жатырғанын тілге тиек етті. 
- Халықаралық ауыл әйелдері күнімен тұспа-тұс келіп отырған бүгінгі форум – әйелдердің ауылдағы әлеуетін, әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған нақты қадам. Бұл – ауыл әйелінің үні естілетін, еңбегі еленетін, ұсынысы назарға алынатын маңызды алаң.
Қазіргі таңда ауыл әйелдері — тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар мұғалім, дәрігер, кәсіпкер, мәслихат депутаты, қоғам белсендісі. Атырау  да өз кәсібін дөңгелетіп отырған, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған, өнегелі істерімен елге үлгі болып жүрген әйелдер аз емес. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш! Бүгінгі форумның да басты мақсаты – сол еңбекті бағалау, тың идеяларды ортаға салып, ауыл әйелдерінің әлеуметтік, экономикалық және саяси белсенділігін арттыруға жол ашу,-деді құттықтау сөзінде. 
Республикалық «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов партияның бастамасымен көпітеген игілікті істер атқарылып жатырғанын баяндап өтті. 
Форумының пленарлық отырысында Атырау облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының  кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Перизат Таңатова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлфиа Төлеғариева,  Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Нұралы» шаруа қожалығының жетекшісі Камшат Тулеуова, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты, проефссор, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Гаиния Есееева, Батыс Қазақстан облысы «Ақжайық аудандық іскер әйелдер» кеңесінің төрағасы Лаззат Сейіткереева, «Аманат» партиясы Индер аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақжібек Сабырғалиева, Құрманғазы ауданы отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы  Зәмзагүл  Карсакова түрлі тақырыптар бойынша хабарлама жасады.
Статистика бойынша, елімізде ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтын әйелдердің үлесі артып келеді. Олар өз кәсіптерін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып, экономикалық өсімге де үлес қосуда.
Аймақтық форумның екінші бөлімінде өз салалары бойынша белсенді қызмет атқарып жүрген бір топ қыз келіншектер «Жыл үздігі» атанып арнайы марапатталды.
С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT