Имандылық жолындағы еңбегі еленді

Осыдан 35 жыл бұрын, 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, еліміздегі мұсылман қауымының рухани өмірінде жаңа кезең басталды. Содан бері мүфтият ел бірлігін нығайтуға, діни тұрақтылықты сақтауға және қоғамда дәстүрлі ислам құндылықтарын берік сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Осы мерейлі мереке қарсаңында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен облыс имамдарының «Ислам және адал қоғам» атты алқалы жиыны өтіп, мұнда Жылыой мұсылмандар мешітінің бас имамы Думан Мұратұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатымен марапатталды.

Иә, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Ғұламалар кеңесі де жамағатты алаңдатқан өзекті діни мәселелер бойынша пәтуалар шығарып, халыққа бағыт-бағдар беріп келеді. Ал пәтуа мамандарының нақты әрі байыпты жауаптары талай отбасының берекесін сақтап, ерлі-зайыптылардың ақ некесін қорғауға ықпал еткені мүфтият қызметінің қоғам үшін маңызын айқындайды. Міне, осындай дінге деген адал қызметтің нәтижесі ретінде ұйымдастырылған басқосуда еліміздің рухани тұтастығын нығайту, қоғамдағы адалдық, жауапкершілік пен имандылық қағидаларын кеңінен насихаттау мәселелері кеңінен қозғалды. Жиында дін мен қоғам сабақтастығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген дін қызметкерлерінің еңбегі де лайықты бағаланып, ауданның бас имамы Думан Мұратұлы ел ішінде имандылық құндылықтарды дәріптеп, жамағатпен жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны үшін Алғыс хатқа ие болды. Бұл марапат тек жеке қызметтің жемісі ғана емес, аудан халқының рухани тәрбиесіне қосылған сүбелі үлестің нәтижесі екені анық. Бұл туралы бас имам өз ойын жеткізіп, мүфтияттың 35 жылдық тарихымен құттықтады:

 - Дін жолында аянбай еңбек етіп жүрген облыс имамдардың марапатталуы дәстүрлі исламның қоғамдағы орнының нығая түскенін көрсетеді. Имандылық пен адалдықты ту еткен мұндай игі істер алдағы уақытта да ел бірлігіне қызмет ете беретіні сөзсіз. Халықтың игілігі мен бірлігі жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан имамдарға мол сауап жазылғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT