Тимбилдинг – ағылшын сөзі. Түпнұсқада екі түбірден тұрады «team» – «команда» және «building» – «құру, жасау». Сөзбе-сөз аударғанда «тимбилдинг» команда құру дегенді білдіреді.
Тимбилдинг психологиялық әдістерге негізделген түрлі тренингтерді қамтиды.
Осы тренингтерді пайдалана отырып, командалық рух беруге және топ мүшелерін бірге нәтижелі жұмыс істеуге үйретуге болады. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы және оның жанынан құрылған "Іскер әйелдер» кеңесінің ұйымдастыруымен осындай тимбилдинг өткізілді. Бұл командалық сапар өңіріміздегі туризмді дамытуға арналды. Кең Жылойда саяхатшыларды тамсандырып, қызықтыратын көрікті жерлер, тарихи орындар аз емес. Әсіресе, ақ бор таулар, өзендер демалыс аймағына ғана емес, туристер келіп тамашалайтын орын болуға сұранып-ақ тұр. Алайда ауданымызда туризмді дамыту ісі әлі күнге қолға алынған жоқ.
Кәсіпкер жастардан құралған топ тарихи жерлерге, сондай-ақ, Досының ағы мен Ақкегершін деп те аталатын үстіртке және Иманқара биігіне саяхаттады. Атырау облысы "Атамекен" палатасының директоры Нұрлан Болатұлы бастаған бір топ қонақтар туған жеріміздің таңғажайып сұлу табиғатына куә болды. Тимбилдингті ұйымдастыруға қолдау білдірген Жылыой ауданы "Атамекен" палатасының төрағасы Ерлан Нұрлановқа, аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Халеловаға да команда ризашылығын білдірді.
-Алдағы уақытта тарихи жерлерімізді өзіңдік денгейде насихаттау және туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарамыз деген сенім мол,-дейді кәсіпкер жастар.
С.БАҚТЫҒАЛИ