Қазіргі заманда еңбек нарығында жүріп жатқан өзгерістер мемлекеттік қызметке де өз әсерін тигізіп отыр. Цифрлық технологиялардың дамуы, пандемия тәжірибесі және жұмысшылардың еңбек пен жеке өмір арасындағы балансты іздеуі - мемлекеттік органдарда икемді жұмыс кестесін және қашықтықтан қызмет көрсету жүйелерін енгізуге себеп болды.
Икемді жұмыс кестесі – бұл жұмыс уақытының дәстүрлі сағат 09:00–18:30 аралығындағы форматынан тыс ұйымдастырылуы. Бұл жұмысшының өз міндетін орындау кезінде уақытты жеке қажеттілігіне қарай үйлестіруіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметте бұл жұмыс тиімділігін арттырып, қызметкердің стресін азайтуға ықпал етеді. Қашықтықтан жұмыс істеу – жұмыскердің қызмет орнында емес, интернет желісі арқылы қашықтан өз міндеттерін орындауы. Бұл форматтың негізгі артықшылықтары:
•Жұмыс орнына келу үшін уақыт пен шығынды үнемдеу;
•Қызметкердің жеке өміріне уақыт бөлу мүмкіндігі. Икемді немесе қашықтықтан жұмыс форматтарын енгізу кезінде кездесетін негізгі қиындықтар:
•Жұмыс өнімділігін бақылаудың қиындығы;
•Цифрлық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі;
•Қауіпсіздік пен құпиялық талаптары;
•Коммуникация мен командалық өзара әрекеттесудің әлсіреуі.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін мына бағыттарға назар аудару қажет:
•Қашықтықтан жұмыс істеуге арналған бірыңғай платформалар мен құралдарды дамыту;
•Қызметкерлерге арналған цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын ұйымдастыру;
•Нәтижеге бағытталған жұмыс бағалау жүйесін енгізу;
•Қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтірмейтін нақты ережелер мен талаптарды қалыптастыру. Мемлекеттік қызметте икемді жұмыс кестесі мен қашықтықтан жұмыс жасау – уақыт талабы. Бұл форматтар қызметкерлердің мотивациясын арттырып қана қоймай, мемлекеттік басқару тиімділігін де жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Г.МЕЙІРМАНОВА,
аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы