Генералмен хат алысып тұрған

Ел басына күн туып, ер-азамат біткен қолына қару алып, қан майданға аттанғанда біздің кейіпкеріміз Төребай Арпаұлы 24 жаста еді. Елде еңбек ете жүріп, тиянақты бір мамандықтың иесі болуды көздеген ол 1936 жылы Доссордағы қолөнер училищесін бітіріп, жүргізушілік куәлікке ие болған-ды. Сол сәттен бастап өзі еңбек еткен Қосшағыл өндірісіне оралады да, жүргізуші болып шыға келеді. «Полуторка» автокөлігімен өндірістің талай шаруасын тындырады. Шоферлікті жаны қалағасын ба, шаршау дегенді білмейді.

Кейін «Победа» автокөлігін жүргізуге шығады. Кеңес Одағына фашистік Германия соғыс ашып, ел азаматтары әскери қызметке шақырылғанда солардың қатарында Төребай Арпаұлы да кете барды. Жай кеткен жоқ, талай тақымына басқан темір тұлпарымен қоса аттанды. Жылойдан соғысқа шақырылған боздақтарды тиеп алған ол жерлестерін Мақат станциясына дейін осы «Победасымен» алып барды. Әрмен қарай Отан қорғаушы жауынгерлер пойызға отырды.

Қан майданға «Победа» көлігімен аттанған жылойлықтар жауды тойтарып, туған елге Ұлы Жеңіспен ораларына сеніп еді. Сол үміт пен сенім алдамады. Бірақ ол күнге боздақтардың барлығы бірдей жете алмады.

Иә, Төребай Арпиев 1941 жылдың 27 шілдесінде алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанды. Сол «Победа» көлігімен №605 батальонның аэродром бөлімшесіне тап болады. Сонда бір жылдың үстінде үлкен шенді командирмен бірге аэродромның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шофер ретінде қызмет көрсетеді. Кейін 1942 жылдың қазан айынан бастап №876 батальонға өзі жүргізген автокөлігімен бірге ауысады. Мұнда да үлкен шенді командирдің жүргізушісі болып, жауды ұясында талқандағанша қызмет етті. Фашистік Германияны тізе бүктірген жылойлық жауынгер енді «полуторка» автокөлігімен Жапонияға қарсы соғысқа аттанады. Онда да жеңіске қол жеткізген жүргізуші жігіттің әскери жорығы аяқтала қоймады. Кеңес жауынгерлерінің бірқатары соғыс зардабынан бүлінген бейбіт өмірді қалпына келтіру үшін ішкі дұшпанмен күресуге қалғанда Төребай Арпиев те сол сарбаздар сапынан табылды. Ол №876 батальон құрамында шені үлкен қолбасшы командирдің жүргізушісі ретінде аэродромда қызмет етіп, жауынгерлік жолын жалғастырды.

Әрине, жауынгердің соғыс жылдарындағы ерлікке толы жорығы ескерусіз қалмады. 1945 жылы төсіне «Германияны жеңгені үшін» медалін тақты. Жапондарды да жайратқан жауынгерлік жорығында командирі Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің атынан мадақтау хатын тапсырды. Онда былай деп жазылған: «1945 жылғы 23 тамыздағы Кеңес Одағының Бас Қолбасшысы Генералиссимус И.В.Сталиннің №372 бұйрығы бойынша Қиыр Шығыста Жапон басқыншыларын талқандаудағы үздік жауынгерлік қимылдары үшін біздің құраманың барлық жеке құрамына, оның ішінде соғыс қимылдарына белсене қатысқан қызыл әскер Арпиев Төребай, Сізге де Алғыс жарияланады». Осылайша ол өзінің жауынгерлік міндетін мінсіз атқарып, ауылға абыроймен аттанады. Қандыкөйлек жолдастарымен бірге елге қайтқан жеңімпаз жауынгердің сол бір қуанышты сәті туралы үлкен қызы Ақзира былай деп сыр шерткен еді:

- Кеткеніне бес жыл болған соң әкемізді қатты сағынған едік. «Қашан келеді, тірі ме екен?» деп қатты уайымдадық. «Аман болса екен» деп тілейтінбіз. Алла тағала біздің дұғамызды қабыл еткен ғой, бір күні «полуторка» машинадан түсіп жатқан әкемізді көріп, алдынан «Алақайлап» тұра жүгірдік. Анамыз етегіне сүрініп үйден әрең шықты. Қуанғаны ғой. Онда мен екінші класты тауысқан кезім. Мария мектепке енді барғалы жүрген. Өсіп қалған біздерді, әйелін де аман көріп, көңілі қуанышқа толып, бәрімізді бауырына басты, маңдайымыздан сүйді, құшағына алды әкеміз. Бұл 1946 жылдың жаз ортасы ауған кез еді. Елге келгесін бұрынғы еңбек жолын жалғастырды. Әуелі Қосшағылдағы жұмысшыларды жабдықтау бөліміне жүргізуші болып орналасып, табан аудармастан тоғыз жыл жұмыс жасады. Жабдықтау бөлімінің жалғыз машинасын еш кідіртпей, Гурьевтен жүк тасып, бұрғылау бригадаларына азық-түлік жеткізумен болды. Төребай Арпиев 1955 жылы ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасындағы цехқа агрегат машинисі болып ауысады. Сол кезден бастап 1966 жыл аралығы ол үшін табысты да тасқынды жыл болды. Осы мекемеден зейнеткерлікке қалған Төребай ақсақал қалған ғұмырын діни қызметке бағыштады. Ауырған, сырқат жандарға дем салып, кейде емдеп отырады.

«Өзі білігі мен білімін толықтыра түсу үшін үнемі қасиетті Құран Кәрім кітабын оқып отырғанын талай көргенбіз» дейді көзкөргендер. Құдайсыз қоғамда бұл үлкен ерлік іс еді. Айтпақшы, ол соғыста көп жыл бірге болған қолбасшы командирімен үзбей хат жазысып, байланысын үзбей жүреді. Сондай хатының бірінде командирі: «Мен Латвияға, Прибалтикаға ауыстым, шенім де өсті, генералмын, жағдайың болмай жүрсе көшіріп алайын, бір болайық!» - деп жазады.

Төкең болса командирінің ізгі ниетіне жаны сүйсініп,бірақ әркімнің туған жері ыстық, атамекені ардақты екенін айтып, ризашылығын білдіреді. Міне, осыдан-ақ Төкеңнің абыройы мен беделінің соғыста қандай болғанын көруге болады. Бүгінде Төребай Арпиев ақсақал да, оның жұбайы Түймеш те фәни жалғаннан бақи дүниеге аттанғалы көптеген жылдар өтті. Алайда орнында ұлағатты ұрпақтары қалды. Ондаған немеренің үлкені Нұрлан атасы жайлы былай дейді:

- Мен атам мен әжемнің бауырында өскен, тәлім-тәрбиесін алған өренімін. Олардың рухы әрдайым маған дем беріп жүреді. Сондықтан оның соғыстағы ерлігі, бейбіт күндегі еңбегі маған ыстық, әрдайым көңілімде сақталады,-деген еді. Иә, осындай ерлердің есімін ел есінде қалдыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT