Аудандық «Кең Жылой» қоғамдық-саяси газетінің жергілікті жердегі жаңалықтың жаршысына айналып келе жатқанына келер жылы – 90 жыл толады. Осы ғасырға жуық уақыт ішінде басылымда журналистиканың түрлі жанрларындағы сан мыңдаған мақалалар жарық көрді.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, жылыойлықтардың тіліне, құлағына һәм көзіне айналған туған жердің айнасында барлық саланың мамандарына керек ақпараттар қамтылады. Басылымның бетінен сараптамалық, зерттеу, есеп, хабар, репортаж, сыни мақалаларды, демалыс бетіндегі материалдарды көзі қарақты оқырман оқып жүр.
Қала берді республика көлеміндегі және жергілікті жерден шыққан белгілі ақын-жазушылардың шығармалары, спортшылардың, дарынды жастардың өмірбаяны, жетістіктері, қазақтың ірі-ірі тұлғаларының еңбектері, туған жердің тарихи орындары туралы да деректер жарияланып отырады. Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар болғысы келген әр оқырман сүйікті басылымы «Кең Жылойға» жыл сайын жазылып, апта сайын жаңалыққа қанығып жүр. Алайда, біздің тұрақты оқырмандарымыз соңғы бірнеше жылда аудан шежіресінің үйлеріне өз уақытында жетпейтінін, тек «Кең Жылой» ғана емес, басқа да мерзімді басылымдарыңың дер шағында қолдарына тимейтінін айтып жиі шағымданумен келеді.
Газетті оқырманға дер кезінде жеткізу «Қазпошта» қызметкерлерінің жұмысы екені айдан анық. Алайда, басылым әр аптаның сейсенбі күні, өзінің белгіленген уақытында жарық көріп тұрса да, мерзімді баспасөздің оқырманның қолына жедел жетуі аса қиындық тудырып тұр. Расында да жергілікті тұрғындардың пошта қызметіне көңілі толмайтындығы жасырын емес. Бұл мәселені тіптен күн тәртібінен түспейтін, аудандағы өзекті мәселелердің қатарына жатқызсақ артық кетпеген болар едік. Ауылдық жерлерді былай қойғанда, аудан орталығы Құлсары қаласының өзінде газет-журналдарды тиісті мекен-жайға уақытында жеткізілу мәселесінде қиындықтар бар. Бұған оқырмандардың айтқан сөздері дәлел бола алады.
Қай оқырман болса да қалтасынан қаражат шығарып, өзінің сүйікті басылымына жазылған соң, жаңалықты ескіртпей, дер кезінде оқығысы келеді. Интернет шарықтап дамыды десек те, әлеуметтік желіні қолданудың жолдарын біле бермейтін аға буын өкілдері мен қарт кісілер елде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды түрлі сайттардан емес, газеттерден оқиды. Жоғарыда айтып өткеніміздей апталық газет бетіне бір сәт үңілсек - журналистердің әртүрлі жанрдағы мақалаларды дайындап, халықтың көкейінде жүрген проблемаларды жазатынын байқауға болады. Ал пошташылар осы тілшілік тірліктің қайнаған қызметін көрсетуші, тұрғындарға газет-журнал таратушы. Жалпы, редакция мен «Қазпоштаның» жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты.
Газет-журналдың кешігуі - бірнеше жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осыған орай біздер: «Кең Жылой» газеті редакциясының қызметкерлері аудандық пошта байланыс торабының басшысы Гүлшат Нұрмұхановамен бірге ауданға қарасты кент, ауылдық округтерді аралап, пошта бөлімшелерінің жағдайын сол жердегі тұрғындардың аузынан естіп қайттық.
Алдымен Жаңа Қаратон кенті әкімдігі ғимаратында кент тұрғындарымен кездестік. Кездесуге кент әкімі Сансызбай Баймұратов қатысты. Халық пошта қызметіне қатысты сыни пікірлер білдіре отырып, аталған мекеменің жұмысын жандандыру бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.
Әкім ретінде айтайын, осы уақытқа дейін өз басым бірде-бір рет пошта қызметкері газет-журнал таратып жүр дегенді естіген жоқпын. Бұл тақырып төңірегінде пошта қызметкерлерімен сөйлесуді көптен ойлап жүрген едім. Бүгін реті келгенде өзекті мәселені айтқым келіп тұр. Біздің кентте 7500 халық, 1000-нан астам үй бар. Ал пошта бөлімшесі - біреу. Ол ғимараттың жағдайы да келісіп тұрған жоқ, өте нашар күйде. Қыста іші сыз тартып, аса салқын болып тұрады. Ішінде жұмыс істеу мүмкін емес. Жоғарыдағы «Қазпошта» басшыларына айтып ең әуелі ғимараттың іші мен сыртын жөндетіп, қалыпқа келтірсеңіздер. Болмаса біз аудан кәсіпкерлерін жұмылдырып, демеушілікпен бір амалын қарастырайық. Одан соң өздеріңіздің басты міндеттеріңіз- газет таратуды жолға қойсаңыздар, - деді кент басшысы С. Баймұратов.
Кент әкімінің сөзін тұрғындар да қостай кетті. Солардың бірі - «Шапағат» балабақшасының қызметкері Гүлшат Орынбасарова.
Өзім осы жақын маңда тұрамын. Газетімізді үйімізге әкеліп бермейді. Тіпті жұмыс орнымызға де жеткізбейтін кездер болады. Апта сайын өзіміз барып алып кетіп жүрміз, - деді ол.
Жаңа Қаратон кентіндегі пошта бөлімшесі таңертеңгі сағат 10.00-ден бастап, түскі сағат 14.00 аралығында жұмыс істейді. Жалпы, пошта бөлімшесі бар кейбір ауылдарда жұмыс регламенті осылай екен. Ал ауданға қарасты Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдарында бөлімше тіптен жоқ болып шықты. Пошта байланыс торабы басшысының сөзінше, кенттегі газетке жазылушылардың саны 130-ден астам.Жалпы тұрғындармен қоса басылымға жазылушылардың арасында 2 бала бақша, 2 мектеп, кент әкімдігі аппараты, өрт сөндіру бөлімшесі мекемелері бар. Ал сол 130-дың үстіндегі мекен-жайға газет тарататын куреьердің саны бар болғаны 2 адам. Оның біреуі қоғамдық қызметкер. Екеуі газетті сұрыптаумен және таратумен айналысады. Сөйтіп, кезекпен-кезек бір-бірінің жұмыстарын алмастырып тұрады. Әрине, бұл регламент басылымдарды оқырманға дер кезінде жеткізуге кедергі келтірері сөзсіз.
Жиналысқа қатысушылардың осындай базынасын тыңдап отырған пошта байланыс торабының басшысы кемшіліктің барын жоққа шығармады. Дегенмен, ол да өз мекемесінің көрсетіп келе жатқан қызметін мүлде нашар дегенге келіспейтінге ұқсайды. Өз сөзіне дәлел келтіруге де тырысты.
-Бұл лауазымға отырғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Бұған дейінгі басшылардың ісіне жауап бермеймін. Осыған дейін газет-журнал тарататын қызметкерлер өзіміздің штатта болса, қазіргі күнде келісім шартпен өз алдына курьер болды. Құлсарыда 8 курьер бар. Ал қалған ауылдарда бір-бірден. Курьер бір үйдің шарбағына кіріп, үйінің ішіне дейін газетті апарып тастауға міндетті емес. Бұл- қызметкерлердің өмірінің қауіпсіздігіне арналған шара. Тұрғындар аулаларының сыртқы жағына газет-журнал салуға арналған пошта жәшігін орнатуы тиіс. Алайда, көпшілігінің шарбағының сыртында пошта жәшігі орнатылмаған. Сол себепті, курьерлер амалсыз үйлерінің қақпасына қыстырып кетеді де, басылымды біреулер алып кетеді немесе тағы басқа жағдайлар орын алады. Қазір енді, міне әкімнің және көпшіліктің сөздерін естіп отырмын. Мәселені шешудің жолын қарастырамыз, - деп жауап берді аудандық пошта байланыс торабының басшысы.
Бұл жауапқа тұрғындар қанағаттанбаған кейіп танытты, өйткені, олар да курьердің өз қызметін мінсіз атқарып жүргенін көрмеген.
Жиналыста газеттің мазмұнына да қатысты сұрақтар қойылып, журналистерге ұсыныстар берілді. Жалпы, оқырманның басым көпшілігі қымбатшылықты, әсіресе, азық-түлік бағасының күн санап шарықтап кетуіне байланысты тілшілер мәселе көтеріп, көлемді мақала жазса деген тілектерін білдірді. Одан бөлек, қыз-келіншектерге арналған гүл күтімі, сұлулық сырлары сынды тақырыптарды да газет бетінен көргісі келеді екен. Жалпы, «Кең Жылой» газетіне жазылуға келгенде кент тұрғындарының көзқарасы оң болып шықты.
Кездесу аяқталған соң кент әкімі, тілшілер және аудандық пошта торабының қызметкерлері Жаңа-Қаратондағы пошта бөлімшесінің ғимаратына бет алдық. Алайда, ғимарат жабық тұр, есігі тарс кілттеулі...
Ш.ХАМИТОВА