Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел экономикасының жаңа мүмкіндіктерін атап өте отырып, газ-химия саласындағы жобалардың стратегиялық маңызын ерекше айтты.
Әсіресе Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы мен Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге бағытталған жобаның қолға алынуы – Қазақстанның шикізаттық модельден біртіндеп өңдеу индустриясына өтудегі маңызды қадамдарының бірі.
Менің ойымша, Президент көтерген негізгі мәселе – газ ресурстарын барынша тиімді пайдалану қажеттігі. Әсіресе ілеспе газдың талай жылдан бері толық игерілмей, көбіне тек қосалқы өнім ретінде қарастырылуы – біздің экономикалық әлеуетті толық пайдалана алмай отырғанымызды көрсетеді. Мемлекет басшысы бұл мәселені түбегейлі қайта қарап, газды толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру керектігін орынды атап өтті. Инвесторлардың газ шикізатына тапшылық көруі – шешімін күткен түйткіл. Қазіргі жағдайда жаңа өндірістерді іске қосу үшін ұзақ мерзімді және тұрақты ресурс базасы қажет. Президенттің инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз ететін жаңа тәсілдер ойластыру туралы тапсырмасы – шын мәнінде отандық өнеркәсіпті жаңа деңгейге шығаратын механизмдер іздеуге итермелейді. Бұл жерде мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа форматтағы сенім мен серіктестік аса маңызды. Газды тиімді пайдалану – тек экономика емес, экология мәселесі де. Ілеспе газды алаулатып жаққаннан гөрі, оны өңдеп, қосымша өнімге айналдыру – әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, әрі елімізге нақты табыс әкелетін жол. Осы жағынан алғанда, жаңа газ-химия жобалары еліміздегі жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу процесімен үндесуі тиіс. Өйткені заманауи мұнай-газ өндірісі – толық автоматтандыруды, «ақылды» басқару жүйелерін және жоғары дәлдік талап ететін күрделі салалардың бірі.
Мейрамбек Бәйсеңгіров, Құлсары қаласы тұрғыны


