Фотосуретшілер жанұясы

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – еліміздегі әртүрлі этностар мен ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретінін айшықтап, ұлттық бірлігімізді одан әрі дәріптейтін ерекше күн. Күнтізбедегі айтулы мерекенің маңыздылығын әсіресе Отанымызға өзге аймақтан қоныс аударғандар жақсы түсінеді. Соның бірі - дағыстандық Данияловтар әулетінің келіні Гүлнар. 1982 жылы Құлсарыға көшіп келген Гүлнар Кальмугамедқызы, лак ұлтының тумасы. Бүгінде қаймағы бұзылмаған қазақы ортаға әбден сіңісіп кеткен ол Жылыой жеріндегі татулықты ту еткен қазақ халқының бейбіт өмірін мақтанышпен жеткізді.

Иә, біз ести бермейтін лак ұлтының атауы Дағыстан Республикасында тұратын ежелгі халықтардың бірі екен. Олар Кавказ тұрғындарының ішінде саны жағынан көп болмаса да, тарихы мен мәдениеті терең, өзіндік тілі мен дәстүрі бар жұрт. Негізінен, Дағыстанның орталық бөлігі, оның ішінде байырғы Лак ауданы мен Кулин өңірінде кеңірек таралып, ғұмыр кешкен олар тау халықтарына тән салт-дәстүр мен өнерге бай деседі. Өз елі мен жеріне деген сағыныштың орнын Жылыой топырағының жылуы мен жергілікті қазақ халқының кеңдігі толтырған Гүлнардың құдай қосқан қосағы да атыраулық дағыстан азаматы. Алғашында, яғни, 1979 жылы өз Отанынан сол кездегі Гурьев (Атырау) қаласына қоныс аударған Гүлнар сол жақта болашақ жолдасы Омар Гаджикурбанұлымен танысады. Көп ұзамай екі жастың жұптары жарасып, 1982 жылы отау құрады. Осылайша жұбайлық жаңа өмірді басқа қаладан бастауға шешім қабылдаған қос жас сол жылы-ақ қол ұстасып, Құлсары поселкесіне көшіп келеді. Осы жерде бірден еңбекке араласып кеткен олар мұнайлы өңірде өсіп-өнді.

Содан бергі оқтай зулаған уақыт ішінде ерлі-зайыптылар өмірге үш перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Балаларының кіндік қаны қасиетті Кең Жылыой топырағына тамған ата-ана ұл-қыздарын осы туған жері үшін аянбай еңбек етуге тәрбиелеп, ықпал етіп келеді. Бүгінде дағыстандық жанұя тату-тәтті өмір сүріп қана қоймай, ауданның дамуына да өз үлесін қосып жүр. Олардың қала орталығынан ашқан “Омар” фотостудиясы жылыойлық талай тұрғынның қайғысы мен қуанышты сәттерін бөлісіп келеді. Марқұм тума-туысқанын еске алып, есімін мәңгі есте қалдыруды көздеген, ұл-қызы мен ата-анасының үйлену тойы мен мерейтойын, басқа да шаңырақ шаттығын өз деңгейінде өткізгісі келген Жылыой жұрты осы «Омарға» қарай ағылады. Мұнда Омар мен Гүлнар және олардың балалары туған күн, мектеп бітіру кештері, үйлену, қыз ұзату тойы мен мерейлі жас секілді қуаныш пен ас беру, қадеге шақыру тәрізді еске алу рәсімдерінің бәріне де сапалы қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.

- Бізді бұл қала жатсынған жоқ, керісінше, құшағын ашты. Көрші-қолаңымыз қазақ болды. Солардың дас-тарханынан дәм татып, салтын үйрендік. Бірақ мұнда барлығы қазақша сөйлесе де, мен әлі күнге дейін қазақ тіліне үйрене алмай келемін. Десе де, әрине, түсінемін. Ал отбасылық кәсібімізге келетін болсам, фотостудия – ол біздің жанұяның бірлігін көрсетеді десем, артық айтқандық емес. Себебі мұнда үлкен әулет болып жұмыс жасаймыз. Барлығы – жылыойлықтардың ең маңызды сәттері үшін. Олардың қуанышын бөлісу – біз үшін мәртебе!-дейді Гүлнар Кальмугамедқызы.

Иә, Қазақстанды, соның ішінде Жылыойды өз үйіндей көріп, еңбегімен елге үлес қосып келе жатқан Бірлік мерекесінің шынайы кейіпкерлері барша жылыойлықты алдағы 1 мамыр мейрамымен шын жүректен құттықтайтынын жеткізді. Бейбіт елдің бағы – бірлікте. Демек, осындай өнегелі отбасылар барда еліміздің іргетасы әрдайым берік болары сөзсіз!

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT