Балерке Құнбаева – 2017 жылғы «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауының жеңімпазы. «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауымен Атырау облысында он жылдан астам уақыттан бері жүзеге асып келе жатқан жоба тұрғындарға әлеуметтік бастамаларын іске асыруға мүмкіндік беріп келеді. Сол жобаның арқасында Балерке фитнес-орталық ашып, Құлсарыдағы жүздеген әйелдің өмірін өзгертті.
Ұзақ уақыт бойы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында әйелдерге арналған жеке фитнес-клуб болмаған. Мұндай орталық ашу идеясы Балеркеге өзінің жеке тәжірибесінен және қала тұрғындарының көптеген өтініштерінен туған. «Көпшілік кеңес берді, өйткені менің қабілетім, тәжірибем, білімім бар еді», – дейді ол. Бүгінде оның «Ұшар» би мектебі мен фитнес-орталығы әйелдерді біріктіріп, оларға тек спортпен шұғылдану мүмкіндігін ғана емес, қолдау табуға, өзін ашуға және сенімді болуға жағдай жасап отыр.
Балеркенің айтуынша, жаттығулар әйелдерге ең алдымен күйзелісті жеңуге көмектеседі. «Көптеген әйелдер тұрмыстық тіршілікке, бала тәрбиесіне беріліп кетеді. Жеке уақыты болмайды. Ал спорт арқылы олар өзін дамыта бастайды», – дейді ол.
Нәтижесі анық: орталыққа келушілердің 90%-ы өмір салтын өзгертіп, белсендірек, сенімдірек әрі сымбатты бола түскен. Кейбірі тіпті өз кәсібін ашқан.
«Әйелдердің алғаш келгенде шаршап, уайымға батып жүретінін көремін. Ал бірнеше аптадан кейін олардың жүздері жадырап, күле бастайды. Олар үшін фитнес тек спорт емес, өзін тірі әрі әдемі сезінудің жолына айналады. Бұл – мен үшін де үлкен мотивация», – дейді Балерке.
Көптеген орталықтарда абонемент тек бір бағытқа шектелсе, Балеркедегі бағдарлама алуан түрлілігімен ерекшеленеді. «Бізде әр күн сайын әртүрлі жаттығулар өтеді – пилатес, би, степ-аэробика, йога, фитнес. Сол себепті әйелдер бірсарынды жаттығудан жалықпайды», – дейді ол. Бағасы да қолжетімді: толық бағдарлама ірі қалалардағыдан әлдеқайда арзан.
Өз арманын Балерке «Жарқыра» жобасының арқасында жүзеге асырды. 2017 жылы ол 3 миллион теңге көлемінде пайызсыз қарыз алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, екінші зал ашты. Жаттығулар тек залда ғана емес, ашық ауада – стадиондар мен спорт алаңдарында да өтеді.
Балеркеның мақсаты тек фитнес-орталықпен шектелмейді. Ол Жылыой ауданында фитнес саласын халықаралық стандарттарға сай етіп дамыту үшін жаттықтырушылар даярлауды жоспарлап отыр.
«Менің мақсатым – аймақтағы әрбір әйелдің өзіне және денсаулығына уақыт бөлуіне мүмкіндік беру. Халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін мамандарды дайындап, шағын қалаларға жаңа білім әкелгім келеді. Бұл ұзақ жол, бірақ біз міндетті түрде жүріп өтеміз деп сенемін».
«Фитнес өмірді өзгертеді. Әйелдердің өзін бағалай бастағанын, дені сау әрі бақытты болғанын көремін. Бұл – ең үлкен жеңіс», – дейді Балерке сеніммен.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Жарқыра» бағдарламасы Атырау қаласы мен Жылыой ауданында 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың толық циклін қамтиды: өтінімдерді іріктеу мен оқытудан бастап, қаржыландыру, тәжірибе алмасу және тәлімгерлікке дейін.
Жоба 2009 жылдан бері Орталық Азияның Еуразия Қоры тарапынан «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік саласында 82 стартап іске қосылды.