Ескі жол белгілері ауыстырылады

Аудан әкімі Х.Жамаловтың төрағалығымен аудан бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов, комиссия мүшелері мен жергілікті бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және барлық деңгейдегі автомобиль жолдарындағы жол белгілерінің мәселесі туралы, әскерлердегі тәрбие, әлеуметтік-құқықтық насихат жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асыру тақырыптары қаралды. Сондай-ақ, алкогольдік тәуелділік пен нашақорлық профилактикасы және есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары туралы да мәселелер көтерілді.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Аққұсов баяндама жасады.
Құлсары қаласының 14 мың шаршы метр жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қаланың басты көшелерін толықтай таңбалау мақсатында көше тізімдері мен сметалық құжаттамалары жасақталып, алда өтетін сессия кезінде қаражат сұрау мақсатында тиісті бюджеттік өтінім берілді. 2021 жылы қалаішілік тозығы жеткен жол белгілерін ауыстыру мақсатында 700 дана жол белгісі мен 60 жасанды жол кедергісі орнатылды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары бойынша мердігер мекеме «Жылыойтазалық» ЖШС-імен 72 дана жол белгілері жаңадан орнатылып үлгерді. Сонымен қатар, қаладағы ықшамаудандардың 7 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілуде.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі, жол-патрульдік полиция ротасының взвод командирі, подполковник Жахан Нәріков те баяндама жасады.
Полицияның кешенді күштерін пайдалану, бірыңғай орналастыру жоспарына сәйкес аудан бойынша барлығы 23 бағыт жасақталған болатын. Қазіргі уақытта автомобильді - 6, жаяу патрульмен – 4 бағыт жабылып отыр,- деп бастады ол өз сөзін баяндамасында.
Теңгерімде барлығы 6 арнайы қызметтік автокөлік бөлінген. Оның ішінде техникалық ақауына байланысты жарамсыз күйде тұрғаны –2-еу, автокөліктердің барлығы радиоқабылдағышпен қамтамасыз етілген. Жеке құрам бейнежетонмен толықтай жабдықталған. Қаламыздың көшелерінде және қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Аудан аумағында орын алған жол-көлік оқиғалары бойынша былтыр 13 жол-көлік оқиғасы болса, ағымдағы жылдың 5 айы бойынша 27-ге жетіп, жол көлік оқиғасы саны артып отыр.
Ал екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің бас маманы Зинат Тұрсыналиева баяндама жасады. Оның айтуынша, аудандағы білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру бағытында әскери-патриоттық клубтар әр түрлі бағытта сабақтан тыс мезгілде өз жұмыстарын жалғастырып келеді. Әскери-патриоттық клубта әр мектептен 30-35 оқушыдан бар. Ал жалпы аудан бойынша 700-800 оқушы әскери-патриоттық клубтарда тәрбиеленуде. Патриоттық клубтардан бөлек жоғарғы сынып оқушыларының қатысуымен түрлі шаралар мен ашық сабақтар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, әскерлердегі тәрбие, әлеуметтік-құқықтық насихат жұмысын ұйымдастыруды жүзеге асыру тақырыбы бойынша аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Т.Саденовке баяндама жасау үшін сөз кезегі берілді.
2021-2022 оқу жылында аудандағы орта білім беру мектептерінде әскери-патриоттық тәрбиені және жастардың спорттық дайындығын дамыту бағытындағы іс-шаралар жоспарға сәйкес өткізіліп отырды. Колледждердің 1-курс студенттерімен үстіміздегі жылдың мамыр айының 17-21 күндері аралығында 5 күндік оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Әскери оқу орындарына үміткерлерді іріктеу кезінде үгіт-насихат жұмыстары оқушылармен және олардың ата-аналарымен жеке жүргізілді. Одан бөлек, аудандық «Кең Жылой» газетіне және басқа да БАҚ-на аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының әскери оқу орындары және аудан бойынша өткізілген іс-шаралар туралы мақалалар әр ай сайын жарияланып отыр, - деді өз сөзінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы.
Алкогольдік тәуелділік пен нашақорлық профилактикасы және есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары туралы аудандық орталық аурухананың директоры Н.Үкібаевқа сөз кезегі берілді. Орталық аурухананың басшысы алкогольдік тәуелділік пен есірткінің қауіптілігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, жастар мен кәмелетке толмағандардың психикалық белсенді заттарды қолдануының алдын алу шараларына да тоқталды. Баяндамашының сөзінше, орталық аурухананың емхана бөлімшесінде наркологиялық кабинет жұмыс атқарып келеді. Онда 1 дәрігер, 1 медбике жұмыс жасауда екен.
Полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Аслан Медениев те аталған тақырып бойынша сөз сөйледі.
Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күреске аудандық полиция бөлімімен жоспарлы түрде есірткілердің заңды айналымындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Дәрмек» (Допинг), «Қара сора» жедел-профилактикалық іс-шаралары тоқсан сайын өткізілуде. Есепті мерзімде 2022 жылдың 5 айымен есірткі заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу барысында жүргізілген шараларға сай, ағымдағы жылы 5 құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 3-еуі сотқа жолданып, 2 факті бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Шара кезінде есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымында қылмыстық әрекеттерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылды. Аудан көлемінде ірі көлемді есірткі сақтау немесе алып өту фактілері тіркелген жоқ. Есірткіге қарсы насихат бойынша іс-шаралар өткізу және шара кезінде ұсталған тұлғалар бойынша бөлімнің әлеуметтік фейсбук парақшаларында материалдар жарияланды,- деді ол.
Комиссияда қозғалған барлық мәселелер тыңдалып, жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Х.Жамалов осы айтылған барлық шаралар мен жұмыстардың алдағы уақытта да жоғарғы деңгейде атқарылуы қажеттігін атап өтті.


А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT