Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 77-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға орын алғанға дейін Атырау облысы полиция департаментінің жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қозғалысқа шыққан жүргізушілерге ескерту жасалған еді.
Атап айтқанда, Доссордан Құлсарыға бет алған «Hyundai Accent» автокөлігінің және Құлсарыдан Доссорға бет алған «Toyota Сamry» автокөлігінің жүргізушілеріне ауа райының күрт нашарлауына, қалың тұман түсу жағдайында жол ережесін қатаң сақтау қажеттігі туралы бірнеше мәрте ескерту жасалған. Алайда жүргізушілердің ескертулерге құлақ аспауына байланысты арада шамамен бір сағат өткен соң аталмыш тас жолдың 77-шақырымында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, екі жолаушы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Аудандық полиция бөлімінің хабарлауынша, Toyota Сamry автокөлігінің жүргізушісіне полиция аға лейтенанты Н.Нұрсұлтанов пен патруль қызметкері С.Жоламанов Құлсары қаласы аумағынан тоқтатып, ескерту жасаған. Ал екінші «Hyundai Accent» автокөлігінің жүргізушісіне Атырау қаласы аумағында полиция капитандары ескерту берген. Ішкі істер министрлігінің 971-бұйрығына сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің ескерту жұмыстары да бейнежазбаға жазылған.
Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін аудандық полиция бөлімі қызметкерлері көлік жүргізушілеріне ауа райының қолайсыз кезінде жол ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Өз тілшіміз



